Жаңалықтар

Студенттік жатақхана: жаңа оқу жылына дайындық төмен

ашық дереккөзі

Студенттік жатақхана: жаңа оқу жылына дайындық төмен

«AMANAT» партиясы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында студенттік жатақханалар құрылысының мониторинг мәселесі қаралды. «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес жыл сайын 10 мың орындық жатақхана құрылысы қарастырылған. Жатақхана құрылысының қазіргі жағдайы туралы, қанша орын жылдың басынан бері салынып бітті ма, жылдың соңына дейін жол картасының индикаторы орындалады ма деген сұрақтарға жауап бүгінгі отырыста ізделді. Кеңеске төрағалық етуші Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың сөзінше, ауылдан келіп, оқуға түсіп жатақханадан орын таппай, пәтер жағалап, хостел аралап күн көрісін ойлаумен әлек болған студент білікті маман атануы екіталай: «Жыл сайын қыркүйек айында елімізде жатақхана мәселесі өрши түседі. Биылғы оқу жылының басында болған жағдай да күрделі болғаны бәріміздің есімізде. Бұл проблема жыл өткен сайын ушықпаса, басылмайтыны айдан анық. Сондықтан да, біз бұл мәселені келесі оқу жылы басталмастан бұрын көтеруді жөн көрдік. Айтылған баяндамаларға сүйенсек, «Қаржы орталығы» АҚ 2018-2021 жылдар аралығында 30 630 орындық 124 жатахана пайдалануға берген. Бұл жоспардың тек 67% ғана. Орындар санына шақсақ 40%», – деп атап өтті депутат. Отырысқа Мәжіліс депутаттары, Жастар қанатының өкілдері, Қазақстан Республикасының білім және ғылым вице-министрі, Отбасы және жастар ісі комитетінің төрағасы, Қаржы орталығы АҚ басқарма төрағасы және өңірлердегі «AMANAT» партиясы жанындағы Жастарды қолдау қоғамдық кеңесінің облыстық деңгейдегі төрағалары, орынбасарлары қатысты. Айта кету керек, аталған мәселені шешу мақсатында 2018 жылдың наурыз айында «Бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі жарияланды. Бағдарлама аясында Білім және ғылым министрлігіне 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап 75 мың орындық 184 жаңа жатақхана салу тапсырылған. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін мемлекеттік бюджет есебінен 118 млрд теңге қаржы қарастырылған. Әлеуметтік бастама жоспарға сай жүзеге асатын болса, жатақханаға мұқтаж студенттердің 85%-ы орынмен қамтамасыз етіледі.