«Екінші өнер мавзолейін» тұрғызған тұлға кім?

Қазақ киносы мен театр өнері тарихында есімдері алтын әріппен жазылып қалған тұлғалар өте көп. Солардың бірі – белгілі Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, актер, режиссер Райымбек Сейтметов. Ол театр сахнасында Б.Майлиннің «Неке қиярынан» бастап, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты», Ш.Мұртазаның «Сталинге хат», «Бесеудің хаты» спектакльдеріне дейін қойған. Өнер майталманының сахнаға әкелген туындылардан бөлек, өз кіндік қаны тамған жері, түркі халқының рухани астанасы Түркістанға келіп, жаңа театр ашқаны қазақ мәдениеті үшін жасалған үлкен қайраткерлік іс еді. Өмірден өткеніне 15 жылдан асса да, даңқты режиссерді үзеңгілес болған дос-жарандары, шәкірттері еске алып отыруды ұмытқан емес.

Оған оңтүстік астанадағы қайраткер тұрған үйге мемориалдық тақтаның орнатылуы дәлел бола алады деп мәлімдейді turkystan.kz.     

Аталған шараға Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері мен Қазақстанның Халық әртісі, Еңбек ері Асанәлі Әшімов,  Халық әртісі Нүкетай Мышпаева, Тұңғышбай Жаманқұлов, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков,  драматург  Сұлтанәлі Балғабаев қатысып, театр тарланы жайлы естеліктерін ортаға салды.

Түркістан облысынан арнайы келген Райымбек Ноғайбайұлы атындағы Түркістан сазды драма театрының директоры Ержан Исатаев жиналған қауымға тақтатастың орнатылуына атсалысқан барлық азаматтарға алғыс білдірді.

Мемориалдық тақтатасты Р.Сейтметовтың үзеңгілес досы Асанәлі Әшімов, режиссердің жары Нелья мен белгілі актер ұлы Азат Сейтметов ашты.

Салтанатты шарада сөз алған Тұңғышбай Жаманқұлов: «Түркістанда  қасиетті Қожа-Ахмет Ясауидың мавзолейі бұрыннан тұрса, Райымбек Сейтметов барып театр ашып, екінші өнер мавзолейін жасады», – деген пікір айтты.

Жазушы, драматург  Сұлтанәлі Балғабаев болса, Райымбек Сейтметов режиссерлік ғұмырында көптеген қаламгерлердің  драматург болып қалыптасуына ықпал еткенін, оның ішінде өзі де бар екенін жеткізді.

Жиналған қауымның барлығы Райымбек Сейтметовтей тұлғаның қазақ өнеріне сіңірген еңбегінің ұшан-теңіз екенін айтты. Оның қазақ сахнасында поэтикалық спектакльдерді алғаш қоюшы болғанын еске алды.

Жазушы Дулат Исабеков: «Түркістан сияқты жерден театр ашу – тек Сейтметов сияқты саңлақ тұлғаның ғана  қолынан келеді», – деп атап өтті.

Шара соңында театр тарланының ұлы, белгілі актер Азат Сейтметов келген барша қауымға отбасының атынан алғыс білдірді.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button