Сенат комитетіне жаңа төраға сайланды

Нариман Төреғалиев Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы болып тағайындалды деп хабарлады turkystan.kz.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес комитет төрағасы депутаттардың ұсынысы бойынша депутаттар арасынан сайланады», – деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Нариман Төреғалиевтің кандидатурасын сенатор Нұртөре Жүсіп ұсынған.

«Депутат Нариман Төреғалиевтің кандидатурасын Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы қызметіне ұсынамын. Ол өзінің еңбек жолын совхозда жұмысшы болып бастаған, Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын экономист мамандығы бойынша тәмамдаған. БҚО-ның бірқатар шаруашылығында жұмыс істеді, Теректі, Ақжайық аудандарында басшылық қызметтер атқарды, Орал әкімі болды. 2017 жылы алтыншы сайланған Парламент Сенатының депутаты, Сенаттың тұрақты комитетінің хатшысы болып сайланды. Біз Нариман Төреғалиевті іскер ұйымдастырушы, мақсатқа ұмтылған басшы, жауапты маман ретінде жақсы білеміз. Ол өз ісіне жауапкершілікпен қарайды, әлеуметтік-мәдени, ғылыми салаларға қатысты мәселелерді жақсы біледі, білімді, білікті, ұстамды. Қолдау көрсетуіңізді сұраймын», – деді сенатор Жүсіп.

Депутаттар Төреғалиевтің кандидатурасын қолдап, оны Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы етіп сайлады.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button