Назарбаев мектебінде ата-аналар шу шығарды
Назарбаев мектебінде ата-аналар шу шығарды
Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілді 7 сыныбына емтихан тапсырған оқушылардың ата-аналары наразылыққа шықты деп хабарлады turkystan.kz Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Ата-аналардың айтуынша, биыл қазақ, орыс сыныптарына 200 грант бөлінген. Қазақ тобына - 100, орыс тобына - 100 грант. Дегенмен, қазақ сыныбына 1483 бала үмітті болса, ал орыс тілінде тест тапсырғандардың саны – 695 оқушы. Сәйкесінше, қазақ тобында 1 грантқа 15 оқушы таласады, ал орыс сыныбындағы оқу гранты үшін – 7 бала үміткер. Мұны әділетсіздік деген ата-аналар қосымша грант бөлінсін деп отыр.
«140-орында тұрған қазақ тобының оқушысының балы 100-орында тұрған орыс тобындағы оқушының балымен тең. Яғни, 40 оқушының өміріне қиянат жасап жатырмыз. Оқушылардың грантқа түсе алмауының себебі, олар қазақ тобында оқығаны үшін ғана, егер ол орыс тобына тапсырса, түсіп кетер еді», – деді қоғам белсендісі Дархан Ардақұлы.
«Балаларымызды түрлі қосымша сабақтарға қатыстырып, үздік мектепке білім алуға жетелеген кезде, әділетсіздіктің құрбаны болдық» деген олар грант санын арттыруды талап етіп отыр.
«Білім министрлігіне, Асхат мырзаға айтқымыз келеді. Жүз баланы артық алуға мемлекеттің қауқары жетпей ме? Жетеді! Болмайтын нәрсеге ақша шашып жатырмыз ғой, болашағымыз – өсіп келе жатқан балаларға, келешектегі ұрпағымызға шашуымыз керек ақшаны», – деді ата-ана Әділ Сламхан.
Конкурстық іріктеудің алғашқы күні оқушылардың қанша балл жинағаны негізге алынатынын айтқан Жанар Жаманқұлова екі топтағы шектік балл жинаған оқушылардың саны шамалас дейді.
«Бұл емтиханда математика мен сандық сипаттама пәндері бойынша бізде шектік балл бар. Қазақ тобына 1483 бала тапсырса, шектік баллды алғанының саны 638 ғана, ал орыс тобына 698 бала тапсырса, 421-і шектік баллды алған. Сонда комиссияның қарауына өткен балалардың саны шамалас деп айтуға болады», – деді НЗМ ДББҰ білім сапасын бағалау және халықаралық аккредитациялау департаментінің аға менеджері Жанар Жаманқұлова.
Маманның айтуынша, грантқа ілікпеген оқушылар бір оқу жылы бойы резервтік тізімде болады. Түрлі себептермен грант босаған жағдайда тізім бойынша тұрған оқушыларға кезекпен грант беру комиссияның қарауына жіберіледі екен.