Президент шахматшылармен кездесті
Президент шахматшылармен кездесті
Қасым-Жомарт Тоқаев шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасының мүшелерімен және шахмат федерациясының өкілдерімен кездесті деп хабарлады turkystan.kz.
Ақордаға Президентпен кездесуге әлем чемпиондары мен халықаралық гроссмейстерлер – Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, Бибісара Асаубаева, Гүлісхан Нақбаева, халықаралық шебер – Меруерт Камалиденова және Қазақстан шахмат федерациясының президенті Ғалым Құсайынов пен вице-президент Дәрмен Сәдуақасов шақырылды.
Әңгімелесу және пікір алмасу форматында өткен кездесуде ұлттық құрама көшбасшылары – Динара Сәдуақасова, Жансая Әбдімәлік, Бибісара Асаубаева және Қазақстан шахмат федерациясының басшылығы сөз сөйледі.
Президент мектеп бағдарламасына шахматты факультативтік пән ретінде қосу, Алматыда 1500 балаға арналған шахмат пен ақпараттық технологияларды тереңдетіп оқытатын мектеп-интернат салу жөніндегі ұсынысты қолдады. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы кәсіпкерлер тарапынан шахмат спортын дамытуға қолдау көрсетудің маңызды екеніне баса мән берді.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев шахмат саласын дамытуға бұдан былай да қолдау көрсететінін атап өтіп, жас спортшыларға халықаралық аренада жаңа табыс тіледі.