Ажал құшқан мигранттар саны 7 мыңнан астам
Ажал құшқан мигранттар саны 7 мыңнан астам
Биылғы жылы әлем бойынша 7 мыңнан астам мигрант түрлі жағдайларда мерт болған. Арнайы жүргізілген зерттеулер бойынша бұл рекордтық деңгейдегі көрсеткіш болып отыр. Бұл туралы Миграция жөніндегі халықаралық ұйым өкілдерінің есебінен белгілі болды, деп жазады korrespondent.net.
Аталмыш интернет-басылым таратқан деректер бойынша, 2016 жылы көшіп-қону барысында 7189 адам мерт болып, бірқатары із-түссіз жоғалып кеткен. Бұл ретте 4812 адамның Жерорта теңізінде суға кетіп немесе жоғалып кеткендігі белгілі болып отыр.
Зерттеушілер құрбан болған мигранттар санының артуы мүмкіндігін де жоққа шығармайды. Жерорта теңізі арқылы Еуропа елдеріне барлығы биылғы жылы 357249 адам келген. Көшіп-қонушыларды қабылдау жағынан Греция көш бастап отыр. Бұл елге барлығы 170 мың босқын қоныстанған. Еуропа қазіргі таңда Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең үлкен миграциялық дағдарысты бастан өткеруде. Жағдайдың бұлайша қалыптасуына Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдеріндегі қарулы қақтығыстар мен экономикалық проблемалар себеп болып отыр. ЕО Frontex шекаралық агенттігінің мәліметтері бойынша, 2015 жылы еуроодаққа 1,8 млн көшіп-қонушы келген.