Рамзан Қадыров қазақ халқына видеоүндеу жолдады

Рамзан Қадыров қазақ халқына видеоүндеу жолдады

Рамзан Қадыров қазақ халқына видеоүндеу жолдады
ашық дереккөзі
Бұған дейін Ресейдің Қазақстанды құтқарғанын мәлімдеген Шешенстанның басшысы Рамзан Қадыров қазақ халқына бейнеүндеу жолдады. Ол видеодағы сөздерін арандатушылар бұрмалап жеткізгенін және қазақ халқын ерекше құрметтейтінін айтты деп хабарлады turkystan.kz. Бұл туралы Қадыров Telegram каналында жариялаған видеосында мәлімдеді.
«Мен де қазақпын. Менің әкем Қазақстанда дүниеге келген, атам Қазақстанда жұмыс істеген, атамның ағасы Қазақстанда жерленген. Мен өмірімде ешқашан қазақ халқы туралы жаман сөз айтқан емеспін. Тек жалпы саясат туралы айттым. Қазақстан 1944 жылы шешендерге соңғы нанын үзіп берген. Сондықтан қазақтар туралы жаман сөз айтпаймын және басқаға да айтуға жол бермеймін. Өзін құрметтейтін кез келген шешен азаматы да осындай пікірде... Оданда біздің қарым-қатынасымызға іріткі салатын арандатушыларды анықтауға кеңес беремін», - деді Рамзан Қадыров.
Шешенстан басшысы хайп қуатын блогерлерге де жауап берді.
«Хайп жасайтын блогерлер мені қатты ренжітті. Менің видео үндеуімдегі әңгіме саясат туралы болды, яғни ҰҚШҰ мен мемлекеттің саяси позициясы туралы болып отырғанын атап өттім. Мен қазақ халқын өте жақсы көремін. Мен өте ризамын. Мен ғана емес, барлық шешендер, біздің өмірден өткен ата-бабаларымыз. Олар қазақ халқы үшін қашанда риза болып, дұға еткен. Бір-бірімізге алғыс айтып, бауырлас болып қала берейік. Біздің арамызда от салатындар болмай-ақ қойсын. Егер Қазақстанға көмек қажет болса, мен қазақ халқының қасында бірінші болып тұрамын», - деді Қадыров.
Еске салсақ, бұған дейін Рамзан Қадыров ҰҚШҰ елдеріне жолдаған видеосын жариялаған еді. «Ресей Қазақстанды құтқарды. Армения мен Әзірбайжан арасында соғыс болған кезде Путин басты рөл атқарды. Қазақстан егемендігінен айырыла бастаған кезде кім көмектесті? Ресей. Ешкімнен қорықпады. Неліктен біздің ата-бабаларымызды өлтірген бандерлерге, нацистерге және фашистерге қарсы ұстанымыңыз жоқ?» - деген еді ол.