Жаңалықтар

Ақтөбе облысында 130 ауыл әкімі білімін жетілдіруде

ашық дереккөзі

Ақтөбе облысында 130 ауыл әкімі білімін жетілдіруде

Халықтың экономикалық белсенділігін арттыру бағытында Ақтөбе облысынан 100-ден астам ауыл әкімі білімін жетілдірді. Қазір қатысушылардың соңғы легі оқытылуда деп хабарлады turkystan.kz. «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы ұйымдастырған семинарға академия директоры Данияр Мұқитанов, облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысы Ербол Данағұлов арнайы қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы әкімдерге Жаңа Қазақстанды құру үшін өзгерістерді өздерінен бастау қажет екенін айтты. Жаңа бағытта жұмыс жасауға осындай семинардың үлесі мол екенін жеткізді. «Партия тарапынан және жалпы мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Біз оларды тиімді пайдалануымыз керек. Алған білімімізді дұрыс бағыттап, тиімді қолдансақ алдымызға қойған мақсаттарға жетеміз деген ойдамын», - деді Ермек Кенжеханұлы. Семинарға қатысушылар бизнес-жоспарларды дайындауды үйреніп, жобаларды қаржыландырудың, сертификаттау мен стандарттаудың көздері туралы толық ақпарат алуда. Оқу практикалық сабақтармен ұштастырылған. «Ауыл – ел бесігі, ауыл өркендесе, мемлекет те өркендейді. Сондықтан халықтың экономикалық белсенділігін арттыру маңызды. Осы тұрғыда семинардың пайдасы мол деп есептеймін. Әкімдер ауылға жаңа серпін, тың тыныс беретіндей мәлімет алғаны сөзсіз», - деп қорытындылады партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысы Ербол Данағұлов.