«Заман талабына сай»: Конституциялық Кеңестің Жолдауы жарияланды

«Заман талабына сай»: Конституциялық Кеңестің Жолдауы жарияланды

«Заман талабына сай»: Конституциялық Кеңестің Жолдауы жарияланды
ашық дереккөзі
Бүгін Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қайрат Мәми Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» жыл сайынғы Жолдауын жария етті деп хабарлады turkystan.kz.          Кеңестің пікірінше, 5 маусымда республикалық референдумда қабылданған «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қоғам мен мемлекетті одан әрі жаңғыртудың құқықтық негіздерін қалады. Конституцияға түзетулер мен олардың негізінде қабылданатын заңнамалық актілер Жаңа Қазақстанның дамуына ықпал етеді. Жолдауда Конституциялық Кеңестің 26 жыл ішіндегі қызметі қорытындыланды. Қ.Мәми атап өткендей, осы жылдары Конституциялық Кеңес 140-тан астам нормативтік қаулы қабылдады. Қоғамда резонанс тудырған 30-дай заң конституциялық емес деп танылып, керісінше бірқатар баптың заңға сәйкестігі расталды. Парламентке еліміздегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы 27 Жолдау ұсынылған. Онда заңнамалық бақылауды жүзеге асыру мен заң шығару процесін жетілдіру мәселелері көтерілді. Қайрат Мәми Кеңестің құқықтық ұстанымдарының заңдық күші алдағы уақытта да сақтала беретініне тоқталды. Бұл ұстанымдар еліміздің конституциялық құрылысының негіздері, елдің аумақтық тұтастығы, азаматтық институты, мемлекеттік рәміздерді пайдалану мәселелеріне байланысты жасалған. Кеңестің бірқатар шешімі қолданыстағы заңнаманың құрылымына, ұлттық және халықаралық құқықтың өзара әрекеттесуіне, нарықтық экономика қағидаттары мен меншік нысандарына, отбасы институтына, құқық қорғау жүйесіне, сайлау процесіне және адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын іске асыру тетіктеріне қатысты болған. Жолдаудың жеке тарауы Кеңестің конституционализмді дәйекті түрде бекітудегі және азаматтардың құқықтық мәдениетін арттырудағы белсенді рөліне арналды. Конституциялық Кеңес Негізгі Заңның ережелерін ғылыми-публицистикалық түсіндіруді жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Осы мақсатта Конституцияға құқықтық түсініктемелер беріп, конституциялық құрылыс бойынша бірқатар кітап шығарылған. 2018 жылдан бастап Конституциялық Кеңестің жанында Ғылыми-консультативтік кеңес жұмыс істейді. Оның отырыстарында құқық эволюциясының көптеген өзекті аспектісі қаралды. Осы жылдар ішінде көпвекторлы сыртқы саясат аясында Конституциялық Кеңестің халықаралық байланыстары да дамыды. Екіжақты қатынастар саласында 50-ден астам елдің конституциялық бақылау органдарымен тығыз байланыс орнатылған. Тұтастай алғанда, Конституциялық Кеңестің халықаралық қызметі құқықтық мемлекет қағидаттарын бекіту және Қазақстанның қолайлы имиджін қалыптастыру процесінде маңызды рөл атқарып отыр.
«Конституция – азаттығымыздың айшықты айғағы, егемен еліміздің берік тұғыры. Республиканың жаңартылған Конституциясы заман талаптарына сай келеді, – деп қорытындылады сөзін Қайрат Мәми.