Бюджетті тиімсіз жұмсағандар жазалануы мүмкін
Бюджетті тиімсіз жұмсағандар жазалануы мүмкін
Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова бюджет ақшасын жұмсауға қатысты қаржылық қылмыстарды тәртіптік теріс қылықтарға теңестіруді ұсынды деп хабарлады turkystan.kz.
«Бюджет қаражаты мен активтерін пайдалану кезінде қаржылық қылмыс жасауды мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін тәртіптік теріс қылыққа жатқызған дұрыс болар еді. Бұған орындалмаған жұмыстар, жеткізілмеген тауарлар, көрсетілмеген қызметтер, ақшалай қаражаттардың жетіспеушілігі, дебиторлық қарызды негізсіз есептен шығару сияқты факторлар жатады», – деді комитет төрайымы.
Есеп комитеті басшысының айтуынша, бұл заңнамалық нормалар арқылы бюджеттің әр теңгесін игеру қатаң сұралып, оны жұмсау тиімділігін арттырады.
2021 жылы тиімсіз пайдаланылған 413 млрд теңге мемлекеттік ресурс анықталды. Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет Есеп комитетімен бірлесіп, Бюджет кодексіне және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын әзірлеп жатыр.
Әңгіме бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және пайдалану үшін мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің бірінші басшыларының әкімшілік жауапкершілігін белгілеу туралы болып отыр.