«45 жылдан соң қауышқаныма қуаныштымын» – Асқар Ақаев
«45 жылдан соң қауышқаныма қуаныштымын» – Асқар Ақаев
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қырғыз Республикасының тұңғыш Президенті, профессор Асқар Ақаев дәріс оқыды деп хабарлады turkystan.kz.
Білім ордасына арнайы келген көрнекті ғалым алдымен қазақ-қырғыз ынтымақтастығына арналған кітап және сурет көрмесін тамашалап, ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңін іске асыру жоспарымен танысты.
Академик Асқар Ақаевтың «Көне дәуірден бергі демографиялық даму көрсеткіші және адамзат болашағы» тақырыбындағы көшбасшылық дәрісіне қоғам қайраткерлері, ҰҒА академиктері, қаламгерлер, БАҚ өкілдері, оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері қатысты.
ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев арнайы шақыртуды қабыл алып келген мейманға алғысын білдіріп, оның ғылымға қосқан үлесі жайлы сөз қозғады.
«Асқар Ақайұлы – өте білімді, ерекше тұлға. Тәжірибелі ғалым ретінде Қырғызстанда есептеу оптоэлектроника және голография бойынша Қырғыз ғылыми мектебін құрды. Аталмыш орталықтан көптеген ғалымдар мен докторлар шықты. Осылайша профессор әлемдегі саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді талдау мен болжаудың ғылыми мектебін қалыптастырды. Ресей, АҚШ, Жапония және Еуропаның жетекші ғалымдарымен бірге терең зерттеулер жүргізді. 400-ден астам ғылыми мақала мен 15 кітаптың авторы», – деді университет ректоры.