Жаңалықтар

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы жаңа облыстарға барады

ашық дереккөзі

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы жаңа облыстарға барады

Бүгін Алматы облысының Байсерке станциясында «Саламатты Қазақстан» мамандандырылған медициналық пойызы өз жұмысын бастады. Мамандар жаңадан құрылған Жетісу облысына барып, шалғай станциялар мен разъездерде жұмысын жалғастырады. «Саламатты Қазақстан» – «Медициналық пойыздар» қайырымдылық жобасының бір бөлігі. Жобаның басты мақсаты – сапалы медициналық қызметке жүгінуге мүмкіндігі жоқ еліміздің шалғай станциялары мен жақын жердегі ауылдардың тұрғындарын тегін медициналық тексеру және диагностикалау. Мамандандырылған медициналық пойыз 8 вагоннан тұрады: дизель-генератор вагоны, 4 медициналық вагон, 1 конференц-зал және мейрамхана, 2 купе вагон. Дизель-генератор вагоны қажет болған жағдайда төтенше жағдай кезінде шағын елді мекенді электр энергиясымен қамтамасыз ете алады. ««Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қаржылай қолдауының арқасында мүмкін болған «Саламатты Қазақстан» пойызының қозғалыс кестесі шалғайдағы станцияларда медициналық пункттердің болмауын ескере отырып, азаматтардың өтініштері мен мемлекеттік органдардың сұранысы негізінде жасалды. Неге біз бұл жобаны қолдадық? Себебі, бұл нағыз халыққа, азаматтарымыздың денсаулығын жақсартуға септігін тигізетін әлеуметтік маңызы бар жоба. Мәселен, пандемия кезі шалғай аудандардағы тұрғындардың денсаулығына байланысты көптеген проблеманы ушықтырды. Тәжірибе көрсеткендей, бұл пойыздар өте қажет. Көптеген пациент пойыз дәрігерлерінің арқасында өмірінде бірінші рет немесе көптеген жылдан кейін алғаш рет қабылдауға келген. Сонымен қатар, біздің «Samruk-Kazyna Trust» қоры бірыңғай қайырымдылық операторы саналатын «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының еңбеккерлері де пойыз дәрігерлеріне тегін әрі толық қарала алады. Ал шалғай өңірлерде осы компаниялар тобында еңбек ететін қарапайым еңбек адамдары баршылық екені белгілі», – деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева.