Әзербайжанда қазақстандық телеарналар көрсетілуі мүмкін
Әзербайжанда қазақстандық телеарналар көрсетілуі мүмкін
Бакуде өтіп жатқан IX Жаһандық форум аясында Әзербайжан аумағында Қазақстан телеарналарын көрсету ұсынысы айтылды деп хабарлады turkystan.kz.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Қанат Ысқақов Әзербайжан Республикасы Медиа даму агенттігінің бас директоры Ахмед Исмаиловпен кездесіп, ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Атап айтқанда, Әзербайжан аумағында қазақстандық телеарналарды көрсету, балалар анимациялық контентін дистрибуциялау және алмасу, сондай-ақ бірлескен медиа жобаларды іске асыру мүмкіндігі қарастырылды.
Кездесу қорытындысында бірлескен жұмыс тобын құруға шешім қабылданды. Қазақстан өкілі Әзербайжан тарапын Орта Азияның медиа саласындағы ең ірі іс-шара – Astana Media Week-ке қатысуға шақырды.
Еске салсақ, IX Жаһандық Баку Форумында ковид пандемиясынан кейінгі геосаяси ландшафтты қалыптастыру, СOVID-19-дың орта білім мен болашаққа әсері, климаттық құбылыстар, ғылым, технология және инновация, сондай-ақ экономиканың жаһандық қайта құрылуы және басқа да мәселелер талқыланады.