Республикалық азаншылар жарысы аяқталды

Республикалық азаншылар жарысы аяқталды

Республикалық азаншылар жарысы аяқталды
ашық дереккөзі

Бүгін Алматы Орталық мешітінде ұйымдастырылған «Әдемі әуезді Азаншы» V республикалық азаншылар жарысы қорытындыланды деп хабарлады turkystan.kz.

Финалдық кезеңнен кейін жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздар мен жүлдегерлерді ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы марапаттап, барлық қатысушыға алғысын білдірді. «Әдемі әуезді азаншыларымыздың республикалық сайысы алғаш рет 2009 жылы елордада өтсе, одан кейін Алматы мен Ақтөбеде, 2020 жылы Маңғыстау жерінде өтті. Құранды жатқа оқудан өтетін республикалық байқаулар қариларымызды елге танытып жатса, азаншылар жарысы да әдемі әуезді дін қызметкерлерінің көпшілікке танылуына жол ашып келеді. Қарапайым ғана аудандық, ауылдық мешіттерде қызмет істеп жүрген имамдардың үлкен қалалардың орталық мешіттерінде азан айтуына мүмкіндік береді», деді Бас мүфти. Еліміздің әр аймағынан қатысқан 20 азаншының ішінен Қуаныш Бәкенұлы (Түркістан облысы) топ жарып, бесінші рет өткен республикалық жарыстың жеңімпазы атанды. ІІ орын көпшілікке танымал дін қызметкері, алматылық азаншы Қасым Әшімовке бұйырса, Атыраудан келген Саламат Иманғалиев жүлделі ІІІ орыннан көрінді. Ал Әбдімүтәліп Жорақұлұлы (Маңғыстау облысы) мен елордадан келген Ерболат Шаудырбай ынталандыру сыйлығына ие болды. Сондай-ақ жарысқа қатысушылардың арасында ең егде жастағы азаншы, Алматы қаласындағы «Ферали Ферғанұлы» мешітінің ұстазы Абдулғаффар Сирожиддин «Көрермен көзайымы» номинациясына ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйлық табысталса, барлық қатысушыға Бас мүфтидің алғыс хаты мен ақшалай сыйақы табысталды.