IQanat мектебінің шәкірттері ҰБТ рекордын жаңартты

IQanat мектебінің шәкірттері ҰБТ рекордын жаңартты

IQanat мектебінің шәкірттері ҰБТ рекордын жаңартты
ашық дереккөзі
17 маусым күні IQanat High School of Burabay бірегей мектебінің түлектері мен Қордың қамқоршылары бас қосқан «Алтын ұям – Iqanat» мектеп бітіру кешінің салтанатты рәсімі өтті деп хабарлады turkystan.kz. Мереке қарсаңында түлектердің ҰБТ нәтижелері белгілі болды. Осылайша балалардың екеуі жоғары балл жинап, үздіктердің үздігі атанды. Атап айтқанда Ұзынағаш ауылының тұрғыны Махаббат Хавал – 133 балл және Абай ауданының тұрғыны Багдан Ясақов – 132 балл алды. Жалпы мектеп түлектерінің орташа балы – 109. IQanat High School of Burabay - бұл IQanat олимпиадасының республикалық кезеңінің ақтық сынына жеткен, ауылдық жерлерден келген дарынды оқушыларға арналған мектеп-пансионат. «Iqanat» қорының арқасында ауылдан шыққан мыңдаған оқушылар жыл сайын сапалы білім алып, отандық және әлемдік рейтингтегі жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігін иеленеді. Қордың барлық бағдарламасы, оның ішінде олимпиада мен мектепте оқу - бұл ұзақ мерзімді және кешенді әлеуметтік маңызды жоба. Оның басты мақсаты – еліміздің шалғай аудандарында тұратын балаларға әлеуметтік өрлеу белесін қамтамасыз ету. Бес мезгіл тамақ пен мектеп киімін қоса алғанда, барлық шығынды Қор өзіне алып отыр. Оқыту жүйесінің іргетасы - Абай Құнанбаевтың идеялары мен ойларына негізделген білім берудің фин үлгісінің, ал тәрбие жағынан жапон әдісінің синтезі. Бұл комбинация балаларға өмірде өз орнын табуға, дербестікке үйренуге және іс-әрекеті үшін жауапкершілікті сезінуге көмектеседі.  width= «Мен олимпиадада және мектепте бастан кешкен барлық сәтті ерекше жылылықпен, қуанышпен еске аламын. Мұндай естеліктер үнемі санада жаңғырып тұратыны анық. Бұл менің және ауылдық жерлердегі достарымның алдынан ашылған үлкен мүмкіндік деп білемін. Осы жобаны жүзеге асырған қамқоршыларға зор алғысымды жеткізгім келеді: аса қадірлі Қамқоршы аға-апалар, сіздерге көп рахмет! Енді мен ары қарай қадамымды нық басып, мақсатыма ұмтылмақпын. Бұл дегеніңіз, жоғары білікті математика пәнінің мұғалімі болғым келеді және «Ғылыми математика» факультетіне түсуді жоспарлап отырмын», деп мектеп түлегі Махаббат Хавал өз әсерімен бөлісті.
«Iqanat, сөзсіз, Қазақстанның маңызды білім беру жобаларының бірі деп санаймын. Осы жобаның арқасында мен емтиханды сәтті тапсыру, университетке түсу және дағдыларымды мақсатты түрде дамыту мүмкіндігімді арттырдым. Бұл жерде мен аттестат алып, ҰБТ тапсырып қана қойған жоқпын, өз жоспарларым мен мақсаттарымды түзіп, оларға қалай қол жеткізуге болатынын түсіндім және екінші отбасымды, жақын жандарымды таптым», - деп атап өтті жас түлек Багдан Ясақов қимастық сезіммен.
Өткен жылы IQanat High School of Burabay түлектерінің 85%-ы қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарына грантқа түскенін келтіре кеткен жөн. 2022 жылы жалпы қабылдау нәтижелері тамыз айында белгілі болады. Қор бағдарламаларының түлектері, бүгінде еліміздің және әлемнің беделді жоғары оқу орындарының студенттері: Nazarbayev University, University of Purdue, Polytechnic University of Hong Kong, University of Chicago, Vitautus Magnus University және тағы басқа. Жоба «IQanat» қорының қамқоршыларының арқасында мүмкін болып отыр. Ал мұндай қамқоршы, өңірлердегі балаларға көмектесуге құлшынысы зор әр адам бола алады. Қордың көптеген меценаттары ауылдық жерлерде туып-өскен. Олар сапалы білім алу мүмкіндігі кез келген оқушыда, тіпті елдің ең алыс шалғайында оқитын балада болуы керек екеніне сенімді. Болашақта бұл балалар өз, ауылының, ауданының, облысының және жалпы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының өсуіне ықпал ететіні, әрі қарай өздерінің жас жерлестерін қолтықтан демеп, олардың бәсекеге қабілетті және табысты болуына септесетіні даусыз.