Жаңалықтар

IQanat мектебінің шәкірттері ҰБТ рекордын жаңартты

ашық дереккөзі

IQanat мектебінің шәкірттері ҰБТ рекордын жаңартты

17 маусым күні IQanat High School of Burabay бірегей мектебінің түлектері мен Қордың қамқоршылары бас қосқан «Алтын ұям – Iqanat» мектеп бітіру кешінің салтанатты рәсімі өтті деп хабарлады turkystan.kz. Мереке қарсаңында түлектердің ҰБТ нәтижелері белгілі болды. Осылайша балалардың екеуі жоғары балл жинап, үздіктердің үздігі атанды. Атап айтқанда Ұзынағаш ауылының тұрғыны Махаббат Хавал – 133 балл және Абай ауданының тұрғыны Багдан Ясақов – 132 балл алды. Жалпы мектеп түлектерінің орташа балы – 109. IQanat High School of Burabay - бұл IQanat олимпиадасының республикалық кезеңінің ақтық сынына жеткен, ауылдық жерлерден келген дарынды оқушыларға арналған мектеп-пансионат. «Iqanat» қорының арқасында ауылдан шыққан мыңдаған оқушылар жыл сайын сапалы білім алып, отандық және әлемдік рейтингтегі жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігін иеленеді. Қордың барлық бағдарламасы, оның ішінде олимпиада мен мектепте оқу - бұл ұзақ мерзімді және кешенді әлеуметтік маңызды жоба. Оның басты мақсаты – еліміздің шалғай аудандарында тұратын балаларға әлеуметтік өрлеу белесін қамтамасыз ету. Бес мезгіл тамақ пен мектеп киімін қоса алғанда, барлық шығынды Қор өзіне алып отыр. Оқыту жүйесінің іргетасы - Абай Құнанбаевтың идеялары мен ойларына негізделген білім берудің фин үлгісінің, ал тәрбие жағынан жапон әдісінің синтезі. Бұл комбинация балаларға өмірде өз орнын табуға, дербестікке үйренуге және іс-әрекеті үшін жауапкершілікті сезінуге көмектеседі.