Біз су ресурстарын бейберекет және үнемсіз пайдаланып отырмыз - Жаңбыршин

Біз су ресурстарын бейберекет және үнемсіз пайдаланып отырмыз - Жаңбыршин

Біз су ресурстарын бейберекет және үнемсіз пайдаланып отырмыз - Жаңбыршин
ашық дереккөзі
Сумен қамтамасыз ету және су ресурстарын пайдалану проблемасы қазірдің өзінде мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздігіне нақты қатер төндіретін факторлардың бірі. Мәжіліс депутаты, «Қазақстанның су саласын дамыту перспективалары» Парламенттік тыңдауды  дайындау жөніндегі арнайы уақытша комиссияның жетекшісі Еділ Жаңбыршин осы бағытта Үкіметтің жұмысы көңілден шықпай отырғанын жеткізді деп хабарлады turkystan.kz. Мәжіліс депутаты баяндамасының басында ведомстволар қаншама тұжырымдама мен бағдарламалар қабылдап жатса да әлі күнге дейін шешімін таппаған сұрақтар бар екенін айтты.
«Парламенттік тыңдауға дайындық кезінде біз өңірлердің және экономикалық секторлардың болашақта даму тенденциясы ескерілген, кешенді ғылыми зерттеулердің негізінде жасақталған су ресурстарына қатысты стратегиялық жоспарды көре алмадық. Болашақта су қорымыздың потенциалы қалай өзгереді және суға деген сұраныстың деңгейі қандай болмақ? Жүйелі түрде болжанған талдаулар бар ма? Алдағы онжылдықта елімізде сумен қамтамасыз ету қалай іске аспақ? Сұрақ көп», - деді ол.
Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, қазіргі уақытта экономика салаларын және тұрғындарды сумен қамтамасыз ету үшін еліміздің су ресурстарының потенциалы әлі толық зерттелмеген және бағаланбаған. Осыған орай ол Экология министрлігінде дайындалып жатқан су тұжырымдамасын 2030 жылға дейін ұзартуды ұсынды. Сондай-ақ Мәжіліс депутаты су мәселесімен айналысып жатқан үш министрліктің де жұмысына тоқталды.
«Су саласының бағыттарын басқару мен реттеу үш министрлікке бөлініп берілген. Тіпті трансшекаралық су ресурстарымен Сыртқы істер министрлігі де айналысып отыр. Бақташы көп, нәтиже мардымсыз. Көрші мемлекеттерді алып қарасақ, оларда су шаруашылығымен тиісті министрлік немесе агенттік айналысып отыр. Сондықтан су саласына жауапты және ҚР атынан халықаралық деңгейде тиісті министрлік құрудың уақыты келді», - деді Еділ Жаңбыршин.
Депутат Қазақстандағы суға тапшы өңірлерді атап, ондағы мәселелердің шешу жолдарын айтты.
«Мысалы еліміздің батыс өңірлерінде тек Ақтөбе облысында ғана жер асты суларының қоры мол және оларды суға тапшы Атырау мен Маңғыстау облыстарына жеткізуге болады. Бірақ, бұл жобалар үлкен қаржатты қажет етеді. Тағы бір мәселе, ауыз су қоры мол кен орындарының айналасында, әр түрлі қазба байлықтардың игерілуіне байланысты, жерасты сулары зиянды заттармен ластануда. Мысалы, Ақтөбе облысындағы «Көкжиде» су кен орнынының қасында бірнеше мұнай компаниясы жұмыс жасауда және кейбіреуі жер асты суларын ластаған. Осыған орай стратегиялық маңызы бар су кен орындарының айналасында қазба байлықтарды игеру операцияларына заңмен тиым салынуы қажет. Ал, «Көкжиде» маңындағы мұнай операциялары тоқтатылуы тиіс», - деп атап өтті депутат.
Тағы оқи отырыңыз: Елімізде жаңадан Су кодексі қабылданады