Досаев: Алматының бас жоспары жаңадан әзірленеді

Досаев: Алматының бас жоспары жаңадан әзірленеді

Досаев: Алматының бас жоспары жаңадан әзірленеді
ашық дереккөзі
Алматы қаласы мен агломерациясын дамытуға арналған ортақ жаңа бас жоспар жасалады. Бұл туралы бүгін қала әкімі Ерболат Досаев қала құрылысшылары форумында мәлімдеді деп хабарлады turkystan.kz. Ол 2040 жылға дейінгі мерзімді қамтиды. Жаңа құжатты жыл соңына дейін аяқтау көзделген. Қала әкімі білікті сәулетшілермен қаланы одан әрі дамыту жайын және алда тұрған сын-қатерлерді талқылады. Қала құрылысынан бөлек, Алматы агломерациясына мән беру керектігі айтылды. Әкімнің сөзінше, бүгінде қала мен қала маңындағы аумақтарды бірдей дамыту маңызды. Әсіресе көлік инфрақұрылымын жетілдіру керектігі сөз болды. Жаңа бас жоспарда агломерацияның урбандалу процесін жеделдету тетіктері де қарастырылмақ.
«Бірнеше жыл бойы Алматы әкімдігі бас жоспарға түзетулер енгізуге жұмыс жасады. Үлкен жұмыс атқарылды. Бірақ ол бас жоспар бұрынғы 2002 жылғы жоспарларды база ретінде алған. Одан бері 20 жыл өтті. Қазір қала да, экономика да, Алматы облысы да өзгерді. Сондықтан мен жоспарды жақсартуға атсалысқан азаматтарға алғыс айтқым келеді», – деді  Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Алматыда құрылысшылар кеңесі қайта құрылады. Ол әкімдікке тиесілі болмайды, бірақ кәсіби мамандардан жасақталып, құрылысқа қатысты кеңес беретін алаң болмақ. Қала құрылысшылар одағы президентінің айтуынша, бұл мегаполистің мәселелерін шешуге және тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру үшін қызмет етеді. Дұрыс қала құрылысы саясатын жүргізуге мүмкіндік бермек.
«Әкімдік жанында бұрын құрылысшылардан құрылған кеңес болатын. Онда кәсіби сәулетшілер қала құрылысына қатысты жобаларын талқылап, електен өткізетін. Үш жылдан кейін кеңес қайта жұмысын бастайтын болды», – деді «Қазақстан қала құрылысшылары одағы» қоғамдық бірлестігінің президенті Любовь Нысанбаева.