Қостанай облысында Ахмет Байтұрсынұлы тұрған үйдің іргетасы сүріліп тасталған (ВИДЕО)

Қостанай облысында Ахмет Байтұрсынұлы тұрған үйдің іргетасы сүріліп тасталған (ВИДЕО)

Қостанай облысында Ахмет Байтұрсынұлы тұрған үйдің іргетасы сүріліп тасталған (ВИДЕО)
ашық дереккөзі
Қостанайда биыл 150 жылдығы атап өтілетін Ахмет Байтұрсынұлының туған үйінің ізі де қалмаған. Бұған дейін іргетасы тұрған. Ахаңның көзіндей сол берік іргетасты мердігерлер бұзып тастап, орнына тез үгітілетін таспен қалаған деп хабарлады turkystan.kz Хабар 24 телеарнасына сілтеме жасап. Оның өзінде қиюын келтірмей, жұрттың ашуын туғызған еді. Бұл әрекет жалпақ жұртқа мәлім болды.
«Мынау арада Ахметтің бұрынғы үйінің ізі болған. Фундаменті бұның қара шымнан - кесектен салынған еді. Міне, қарап отырсаңдар, жобасы осы жерден. Мынау арада пешпен бөлінген еді. Сол пешпен бөлінген бұрышта Ахмет атамыздың үйіндегі әжеміз Ахмет атамызды дүниеге әкелді-ау деп өзіміз ойлайтын едік. Енді міне астаң-кестеңі шыққан. Ізі де, дымы да қалмаған. Ең соңғы Ахметтің өзімізде бар ескерткішінен айырылып қалып тұрмыз», - дейді Ахмет Байтұрсынұлы ауылының тұрғыны Жақсыбек Әбдісалық.
Жермен-жексен болған аумақта былтыр 2 бөлмелі үй тұрған. Жұрт ұлт ұстазы Сарытүбектегі осы үйде дүниеге келді дейді. Оны ескерткіш ретінде тұрғындар 2009 жылы бастапқы кейпіндегі іргетастың үстінен салған. Биыл мамыр айында үй қайта жаңғыртылады деп шешілді. Тендер жарияланып, мердігер жұмысқа кіріскен. Бірақ 22 млн теңгенің құрылысы орта жолда тоқтап қалды. Нысанда сапасыз материалдар пайдаланғаны туралы видеолар әлеуметтік желіге тарап, дау шықты. Қабырғасына деген құм блоктары көпке шыдауы екіталай еді. Жауапсыз мердігермен келісім екі жақпен үзілген. Оған бір тиын да төленбегендіктен іс сотқа жетпейтін болды.
«Саман кірпіштен қайта құйылған үй. Былайша айтқанда, көріксіз, заман талабына сәйкес келмейтін, әрі қарай қалпына келтіруге мүмкіндігі жоқ үй болатын. Ол дәл Ахмет Байтұрсынұлының туған үйі емес. Соның іргесінің негізінде көтерілген үй. Үлкендердің айтуынша, ауыл адамдарының қалауымен қаланған үй. Сондықтан оны Ахмет Байтұрсыновтың туған үйі жер бетінен ысырылып тастады деуге келмейді. Тарихи шындыққа жанаспайды», - дейді Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.
Қазір сүрілген аумақ тегістеліп жатыр. Жаңа үйдің құрылысы жобаланып қойған. Қыркүйекке дейін салынып бітуі тиіс.
«Жоба бойынша 149 шаршы метр. Тұрғын үйді музей үй етіп, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді. Жобасы 20 маусымда алынады. Жобалық құжатын жасауға 1,2 млн теңге демеушілер атынан істеледі. Ал енді үйдің құны 37 млн боп тұр. Экспертизаға дейін ол өзгеруі мүмкін», - дейді Жангелдин ауданы құрылыс бөлімінің басшысы Әділбек Иманғалиев.
«Құлаған зат қайтып тұрмайды ғой. Қанша зарлағанымен ол қайтып келмейді. Ендігі салатын адам дұрыстап салса, көрнекі қылып. Бөлінген ақша аз емес», - дейді Ақкөл ауылының тұрғыны Кәдіржан Бөрібайұлы.
Ал Ұлт ұстазына арналған кесене керісінше Жаңаөзеннен әкелінген сапалы және қымбат теміртастан салынып жатыр.  Ақкөл мен Ахмет ауылы халқының бастамасымен 10 млн теңгеге екі аптадан кейін тұрғызылып бітеді. Нысанның аумағы 70 шаршы метр, биіктігі 7 метрден асады.