Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы әлемдік беделді марапатқа ие болды
Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы «World Airport Awards» аталымы бойынша Орталық Азия мен ТМД-дағы үздік өңірлік әуежай деп танылды деп хабарлады turkystan.kz Қазақстан индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасап.
«World Airport Awards» – әлемдік әуежайлар индустриясындағы ең беделді марапат. Үздіктер дауыс беру нәтижесінде және арнайы жүргізілетін жаһандық сауалнама бойынша анықталады.
«Үздіктерді анықтау үшін әлемдегі 550-ден астам әуежайдағы жолаушыларға қызмет көрсету сапасы мен ыңғайлылық жан-жақты сарапталған. Бұл сыйлық – жаһандық әуежай индустриясы үшін сапа стандарты болып саналады», – деді «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ Басқарма төрағасы Ғабит Тәжімұратов.
Сауалнама 8 ай көлемінде жүргізіліп, оған 100-ден астам ұлт өкілінен тұратын әуежай клиенттері қатысқан. Зерттеу қорытындысы әуежайдың клиенттерге қызмет көрсету сапасы және тіркеу, ұшып келу, трансфер, сатып алу, қауіпсіздік, паспорттық бақылау сынды негізгі көрсеткіштер бойынша шығарылған.