«Алмас қылыш» көркем фильмінің тұсаукесері өтті

«Алмас қылыш» көркем фильмінің тұсаукесері өтті

«Алмас қылыш» көркем фильмінің тұсаукесері өтті
ашық дереккөзі
Елордадағы «Қазақстан» орталық концерт залында «Қазақ елі» сериалының кинонұсқасы – «Алмас қылыш» көркем фильмінің тұсаукесері өтті. Ауқымды тарихи жобаның негізгі авторы – ҚР Президенті Н.Назарбаев. Еліміздің телевизия тарихындағы тұңғыш тарихи сериал – «Қазақ елінің» түсірілім жұмыстары аяқталды. «Қазақстан» арнасынан, «31 арнадан» көрсету туралы келісім-шарттар жасалып жатыр. Бұйыртса жаңа жылдан кейін телеарналардан көрсетіле бастайды. Ал, «Алмас қылыш» фильмі жалпыұлтттық прокатқа 2017 жылдың қаңтар айынан бастап шығады. «Қазақстан» орталық концерт залының ғимаратында БАҚ өкілдеріне арнайы сұхбат берген жоба жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Рүстем Әбдірашев осылай деді. Оның айтуынша, «Қазақ елі» — ауқымды жоба. Фильмді түсіруге 500-ге жуық адам жұмыс істеген. 100-ден астам актер қатысқан. Актерлердің киімдері Қазақстан, Ресей, Қытай елдерінде тігілген. «Біз жобаны отандық тарихтың хрестоматиялық оқулықтарына жақынырақ негізде жасауға тырыстық. Әрине, әр тарихшының өз көзқарасы бар. Олар «мына жері былай емес не ана жерінде қателік бар» деген сияқты өз ойларын айтуы мүмкін. Бірақ, бұл деректі фильм емес, көркем фильм дегім келеді. Жобаға белгілі жазушы І.Есенберлиннің «Алмас қылыш» романын лейтмотив етіп алдық. Дегенмен тұтас кітаптағыдай етіп жасаған жоқпыз. Өйткені, білесіздер, «Алмас қылыш» кеңес үкіметі тұсында жазылған кітап. Ол кезде көп тарихи деректер жоқтың қасы болатын. Біз жаңа тарихи деректерді де пайдаландық» – деді режиссер Р.Әбдірашев. «Алмас қылыш» фильмінің сценарий авторлары: Смағұл Елубай, Тимур Жақсылықов және Рүстем Әбдірашев. Қоюшы суретшілері: Өмірзақ Шманов, Сәбит Құрманбеков, Еділ Нүсіпов және Жаннат Баймұқанова. Сондай-ақ, басты рөлдерге Досхан Жолжақсынов, Еркебұлан Дайыров, Қайрат Кемалов, Аян Өтепберген, Бекболат Тілеухан, Шұғыла Сапарғали, Қарлығаш Мұхамеджанова, Арман қожа сынды актерлер мен актрисалар тартылған.