«Жаңа Қазақстан бір жылда құрылмайтыны анық» - Президент

«Жаңа Қазақстан бір жылда құрылмайтыны анық» - Президент

«Жаңа Қазақстан бір жылда құрылмайтыны анық» - Президент
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытаудағы Ұлттық құрылтай неге шақыртылғанын түсіндірді деп хабарлады turkystan.kz.
«Жаңа Қазақстан бір күнде немесе бір жылда құрылмайтыны анық. Бұл – бүкіл қоғамды өзгертетін күрделі әрі ұзақ үдеріс. Мұны жүзеге асыру үшін бір ғана билік әрекет етсе, бұл, әрине, жеткіліксіз. Бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға жетеміз. Сол себепті, мен Жолдауымда Ұлттық құрылтай шақыру туралы бастама көтердім», - деген Мемлекет басшысы құрылтай шақыру ертеден келе жатқан ата дәстүріміз екенін еске салды. «Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген. Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салсақ, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына Ұлттық құрылтай институтының құрылатыны туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурыздағы халыққа Жолдауында айтқан еді. Құрылтайдың құрамы кеңестен де ауқымды. Оның құрамына мәжіліс депутаттары мен ҚХА мүшелері, азаматтық қоғам мен саяси партия өкілдері, сарапшылар мен өңірлердегі қоғамдық кеңес мүшелері, кәсіпкерлер сынды барлығы 117 адам кіріп отыр. Олардың қатарында ақын Мұхтар Шаханов, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, академик Асқар Жұмаділдаев, экономист Жақсыбек Күлекеев, саясаткер Әлихан Бәйменов, журналист, медиа-менеджер, қоғам қайраткері Ермұрат Бәпи, Парламенттің бірнеше шақырылымының депутаты Нұртай Сабильянов, балуан Дәулет Тұрлыханов, ғалым-биотехнолог Күнсұлу Закария, дінтанушы Қайрат Жолдыбай, ғалым Анар Фазылжанова бар.