Елордада жалға берілетін тұрғын үй алуға өтінімдер қабылдау басталады
Елордада жалға берілетін тұрғын үй алуға өтінімдер қабылдау басталады
Елордалық Тұрғын үй орталығы «Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары» санаты үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйге құжаттарды қабылдау басталғаны туралы жариялады деп хабарлады turkystan.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бағдарлама аясында Е 509 көшесі, 7-үй; Тілендиев даңғылы, 44а үй; Шақаұлы көшесі, 7-үй мекенжайларында орналасқан 117 пәтер беріледі.
Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына келесі санаттар жатады:
1) ҰОС ардагерлері;
2) жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;
3) басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
4) 1 және 2-топтағы мүгедектер;
5) мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
6) кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын адамдар;
7) жасына байланысты зейнеткерлер;
8) жетім балалар;
9) қандас;
10) экологиялық зілзалалар салдарынан тұрғын үйінен айырылған адамдар;
11) қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;
12) толық емес отбасылар.
«Жетім балалар» санатына 35 пәтер бөлінеді, оның 9-ы бір бөлмелі, 19-ы екі бөлмелі, 7-еуі үш бөлмелі.
Қалған «Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары» санаты үшін:
- 20 бір бөлмелі пәтер;
- 46 екі бөлмелі пәтер;
- 16 үш бөлмелі пәтер;
Жалға берілетін пәтерлер ұзарту құқығымен бес жыл мерзімге беріледі. Басқаша айтқанда, жалдау шартын әр бес жыл сайын ұзартуға болады.
Ай сайынғы жалдау ақысы 7 000 теңгеден 22 000 теңгеге дейін.
Құжаттарды қабылдау 18 маусым сағат 9:00-ден 24 маусым сағат 23:59-ға дейін жүзеге асырылады.
Қатысу шарттары: «Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары» немесе «Жетім балалар» санаты бойынша Нұр-Сұлтан қаласында тұрғын үй кезегінде тұру.
«Қатысуға өтінімдерді кезекке тұрған барлық жылдардағы (2006-2022) азаматтар бере алады. Алайда қатысуға өтінім бергендердің арасында кезекке тұрған 2009-2010 жылдардағыларға іс жүзінде өтуге мүмкіндіктері көбірек», - делінген Тұрғын үй орталығы таратқан хабарламада.
Құжаттарды қабылдау qatysu.zhilfond.kz порталы арқылы электрондық форматта ғана жүргізіледі.
Өтінім беру үшін:
1) ЭЦҚ кілті;
2) ҚР бойынша жылжымайтын мүліктің болмауы немесе болуы туралы анықтаманың сканерленген нұсқасы отбасының барлық мүшелеріне беріледі;
3) балалардың туу туралы куәліктерінің сканерленген нұсқасы/отбасы мүшелерінің жеке куәлігі (бар болса);
4) неке қию/некені бұзу/әке болуды анықтау туралы куәліктің сканерленген нұсқасы/ №4 нысан/ қайтыс болу туралы куәлік (болған жағдайда);
5) жылжымайтын мүліктің құқық белгілейтін құжаттарының сканерленген нұсқасы (бар болса);
6) мүгедектік туралы анықтаманың сканерленген нұсқасы (бар болса);
7) созылмалы аурудың толық атауы, жеке бөлмеге мұқтаждығы және белгілі бір қабаты (бар болса) көрсетілген созылмалы аурудың медициналық қорытындысының сканерленген нұсқасы.
Өтінімдерді қарау нәтижесі туралы кейінірек zhilfond.kz және www.gov.kz сайттарында, тұрғын үй орталығының әлеуметтік желілерінде жарияланады.