Жаңаөзенге де жақсылық сыйлаған жампоз
Жаңаөзенге де жақсылық сыйлаған жампоз
Қазақ мұнайының игеріле басталғанына 120 жылдан асты. Бүгінде еліміз жылына
90 миллион тоннаға жуық мұнай өндіреді.
Дүние жүзіндегі алпауыт мемлекеттерде өндірістің өркендеп дамуы мұнай-газ қорларына барлау жүргізу мен өндіру қарқынын өте жоғары деңгейге көтерді, ал өңделген мұнай өнімдерін сату мол қаржы табудың бірден-бір тиімді жолына айналды. Бұл үрдіс біздің де даламызда мұнай мен газды өндіру және өңдеуді жолға қойды, сондай-ақ басқа да табиғи байлық кендерінің көздерін ашып, елімізді тездетіп индустрияландыруға арқау болды. Сонымен қатар өндіріс саласының қарқынды дамуы біздің атам заманнан бері қалыптасқан, тек қана ауыл шаруашылығымен айналысатын қоғамымызға жаңа жұмыс табының пайда болуына септігін тигізді. Осы тың салаларды игеруде, әсіресе мұнай-газ өнеркәсібінде көптеген қазақ азаматы маңдай терін төгіп, қиын да абыройлы жұмыстың қыр-сырын толық меңгеріп, Отанымыздың экономикалық әлеуетінің өсуіне мол үлесін қосты. Солардың арасында атақ-даңқы бүкіл Алашқа әйгілі болған Балғымбаевтар әулеті бар. Біздің мақаламыз қайраткерлер шыққан сол отбасының шоқтығы биік бір өкілі – Нұрлан аға Өтепұлы туралы болмақ.
Қазақ халқының нар тұлғасы Нұрлан Өтепұлы туралы жазылған еңбектер жеткілікті, тіпті ол өмірден озса да қазақ елі үшін атқарған қажырлы еңбегі, адамгершілігі мен ұлтсүйгіштігі ұмытылған емес. Дегенмен де Нұрекеңнің Жаңаөзенге жасаған еңбегін көзімен көрген азамат ретінде өткенге шолу жасап, ағамыздың рухы алдында інілік парызымды өтесем деген ой көптен көкейімде жүр еді.
Мен Өзен мұнайын алғашқы игерушілердің ортасында өскендіктен, Балғымбаевтар әулеті мен Нұрлан аға жайында жастайымнан қанық болдым, десе де ол кісімен алғаш рет кездесуіміздің сәті 1999 жылдың қазан айында түсті. Соның алдында Жаңаөзен қаласының әкімі Әбілхан Машани аға қыркүйектің он алтысында сенатор болып сайланған-ды. Заңға сәйкес, сайлауға үміткер болғандықтан, Мәкең тамыз-қыркүйек айларында жұмыста бола алмады. Қазан айының бірінші декадасында Нұрлан Балғымбаев «Қазақойл» ұлттық мұнай компаниясының жаңа басшысы ретінде Ақтауға іссапармен ұшып келді. Ол күндері елдің тұрмыс жағдайы өте төмен деңгейдегі кез еді, себебі өндіріс тұралап, мекемелер банкрот болып, мардымсыз жалақының өзін де мезгілімен төлей алмай жатқан уақыт. «Нұрлан Балғымбаев Ақтау қаласының әкімдігіне келеді» деген хабарды естігеннен-ақ сұрақтарымды әзірлеп, Жаңаөзен қаласында қалыптасқан жағдайларға қатысты мәселелерді жеткізу мақсатымен кездесуге бардым. Аздаған топ қала әкімшілігінің қонақүй жағындағы орталық көшені жауып тастамақ болып жүр екен, олардың қоятын талабы – зейнетақы мен жалақы мәселесін шешуді жоғарғы жаққа жеткізу.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді атам қазақ. Бүкіл Қазақстан аймақтарында орналасқан мұнай кен орындарынан келген сан алуан маман иелері өзара жарысқа түсіп, үздіктері аса бағалы сыйлықтар алды. Осы үлкен мерекелік шара соңында барлық мұнай басшылары мен ел азаматтарының алдында Нұрлан Өтепұлы менің қала басшысы ретінде атқарған еңбегімді бағалап алғыс айтқанын ешқашан ұмытпаспын.
Барлық түбек халқы жақсы білетін, 2000 жылдың қыркүйек айында республика деңгейде өткізілген Пір Бекет атамыздың 250 жылдығына арналған астың және құрылыстардың идеялық авторы Ләззат Кетебайұлы болса, ал қаржыландыру мәселесін бөлісе көтерген Нұрекең басқарған мұнайшылар еді. Барлық мәселеге зор жауапкершілікпен, тереңнен зерделеп қарайтын ағамыз өмірден тым ерте кетті, әлі де елге бергенінен беретіні көп қайран аға – ел тұлғасы, біртуар азамат еді! Мұнай министрі кезінде Нұрлан Өтепұлы 1995 жылы тамыздың 22-інде Жаңаөзен қаласында жиналыс өткізіп, ауыз және сарқынды суды тазалау, Кендірліден демалыс орнын ашу жөнінде тарихи шешім қабылдаған болатын, ол хаттама менде әлі де сақтаулы. Ұмытпасам, келесі күні Нұрекең қала мен өндіріс басшыларымен бірге Кендірліге арнайы барып, жағалауды аралап көрген болатын және араға алты жыл салып құрылысты бастатып, жоба осылай іске асты. Сапалы ауызсу жаңаөзендіктер үшін қай мезгілде де күрделі де ауыр мәселенің бірі болатын, сондықтан Еділдің суын тазалайтын «МУД-720» маркалы француздардың «Дегремон» компаниясының қондырғысын алдыртып, қаламызға орнатып берген-ді. «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының бас директоры Жақсылық Смағұлұлының тікелей тапсырмасына сәйкес, бұл жобаны жүзеге асыруға басынан аяғына дейін белсене араластым, тіпті «Өзен жөндеу-құрылыс» басқармасының директоры қызметін тастап, «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының құрылыс департаментіне ауысуға да тура келген-ді. Қондырғы пайдалануға берілген соң қала бойынша гепатит көрсеткіші республикалық деңгейде төмендеді, негізінен сары ауру дерті ауызсу сапасына тікелей байланысты екен. Мен бұл мақалада Нұрлан Өтепұлының жалпы мұнай-газ өнеркәсібі саласындағы атқарған ұлан-ғайыр еңбегін, республика деңгейіндегі үлкен шараларды ұйымдастырудағы біліктілігі мен қабілеті жөнінде сөз қозғаған жоқпын. Мен Нұрекең бастаған ағаларымыздың «Өзен» мұнай кен орындағы атқарған еңбектерінің кейбіріне ғана тоқталамын. Жүзеге асырылған үлкен жобалардың арасында УПСВ-1, УПСВ-2 (алдын ала мұнайды судан айыру) комплекстерінің құрылыстары өнеркәсіп үшін ерекше орын алады. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысында алғаш құрастырылған бұрғылау мұнараларын «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы игеріп отырған «Өзен» кен орнында сынақтан өткізіп, «Бұрғылау» ЖШС-на пайдалануға берілуі де өте маңызды оқиғалардың бірі болатын. Жақында «Маңғыстау» газетінің 6 қаңтардағы нөмірінде «Қазақойл» ҰМК басшыларының 1999 жылғы желтоқсанда Жаңа-өзен қаласы тұрғындарының «Қазтрансойл» акционерлік қоғамы жеткізген ауызсуы үшін қордаланған 243 миллион теңге берешегін жабудың ешбір амалын таппай, Астанадағы мұнай саласының басшылары болған ағаларға арқа сүйеп барғанмын. Бұл – Жаңаөзен тұрғындары үшін күрделі мәселе, сондықтан менің «жанайқайымды» түсініп, тауымды жықпай, тез арада шешіп бергенін аса ризалықпен жазғанмын. «Қуана білмегенге құт қонбайды» демекші, өзімді Нұрлан Балғымбаев сияқты ел тұлғасы бастаған, қазақ елінің тәуелсіздігінің іргетасын қалаған, мемлекетіміздің қалыптасуына өрелі үлес қосқан ағалармен қызметтес, әріптес, үзеңгілес інілерінің бірі болып тәлім-тәрбие алғаныма және де тапсырмаларын абыроймен орындап, сенімдерін ақтай алғаныма өзімді бақытты сезінемін.
Уақыт өте келе менің түсінгенім, сол кездегі басшы ағалар үшін елдің қамы, халықтың тұрмыс-жағдайы өндірістің күнделікті күйбең тіршілігінен анағұрлым жоғары тұрған екен. Олар Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай, «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет еткен» жандар еді. Дәл сол мезгілдері қала мен өндіріс арасында өте іскерлік байланыс орнаған-ды, әттең кейінгі жас менеджер басшылар тек мұнаймен айналысып, әкімшіліктен сырт айналып, қала тірлігіне қатысты мәселелерді немқұрайды тыңдап, өзім білдікке салынды, тіпті жазған өтініш хаттарымызды атүсті қарап, сыртымыздан әрпіл-тәрпіл сөйлейтін кездер де болмай қалған жоқ. Ол басшылар кәсіподақтың қордаланған қаражатын мезгілімен аудармай, кәсіподақты әбден әлсіретіп, ел алдында беделіне нұқсан келтірді, сондықтан ел ендігі жерде өндіріс басшысы мен кәсіподаққа арызданбай, ереуілдеуші топ басшыларына иек артатын жағдайға жеткен-ді.
Мұнайшы жұмысшылардың әлеуметтік пакеттерін ең жоғарғы деңгейге көтеріп, республикада жұмыс берушілер арасында бірінші орын алдық деп масайрап, халыққа енді тек жұмыс істеңіздер деген талап қойып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді мүлдем ұмытты, жұмысшы халықпен арадағы байланысты сөйтіп жүріп үзіп алған-ды. Оның кейінгі салдары бәрімізге белгілі. Өкініштісі, жас толқын басшылардың кейбіреулері Нұрлан Балғымбаев сияқты сардар басшылардың салған сара жолымен жүре алмады.
Дегенмен барлығын бірдей кінәлауға да болмас, себебі білімді, талантты жас мамандардың қажырлы еңбегімен жаңа технологиялар өндіріске енгізіліп, жаңа өндіріс мәдениеті қалыптасып келеді. Олардың алғырлығына риза болып қуанамыз, болашақта елді, өндірісті кімдер басқарады деген ой өз жауабын тапқандай. «Ауру батпандап кіріп, мысқылдап шығады» демекші, болашақта өткеннен сабақ алып, басшы кадрларды дайындау, тағайындау мәселесіне дұрыстап көңіл бөлетін уақыт жетті. Өйткені басшылық қызметке кездейсоқ адамды тағайындау, яғни оның жерлестігіне немесе руластығына қарау дұрыс емес саясат.
Қазақтың «Басшысы жақсы ел азбас, басшысы жаман ел оңбас» деген даналық сөзі осындайдан шыққан болар. Мақаланы жазудағы көздеген мақсатым, біріншіден елдің ең қиын өтпелі кезеңінде қызмет атқарған ел азаматы Нұрлан Өтепұлының Жаңаөзен қаласы мен мұнай өнеркәсібіне қосқан мол үлесін, үзеңгілес әріптестерімен бірігіп атқарған еңбегін қазіргі жас ұрпақ өкілдері біле жүрсе деген ой. Орайы келгенде айта кетейін, Нұрекең ағамыз алпысқа толғанда Атырау қаласына мерейтойға шақырды, сыйлы азаматтың ықыласын қабыл ала отырып құр қол бармадым. Өйткені мен атақты геолог Сайлау Жылқыайдаров ағамыздан Ұлы Отан соғысының ардагері, мемлекет қайраткері Өтеп Балғымбаев атамыздың Жаңаөзен қаласының алғаш қазығын қаққанын және оның өркендеуіне мол үлесін қосқаны туралы айтқан естелігін әлденеше рет естігенмін. Сондықтан Өтеп атамыздың айрықша еңбегін бағалап, оған Жаңаөзен қаласының ең үлкен көшесіне есімін беру туралы шешімді Нұрекеңе ел алдында табыстадым. Алдыңғы лек ағалар қиын-қыстау кезде еңбек етті, бірақ мойымады, себебі олар қазақтың: «Қиындықтан қайыспаған жанға құдай қарасады, тағдыр болысады» деген даналық сөзін бойына жастайынан сіңіріп өскен болса, кейін өздерінің ұстаз - басшысы, уақытында «қазақтың Маресьеві» деген абыройлы атаққа ие болған Рахмет Өтесінов ағамыздың өмірдегі ерлігі де өнеге болды деп есептеймін. «Жақсы адам – елдің ырысы» демекші, сөз соңында тірі болғанда биыл 75 жасқа келетін Нұрлан Өтепұлының топырағы торқа, иманы жолдасы болсын. Оның үлгі тұтарлық өмірінен сабақ алған, елім деп бой түзеген ұрпақтары – інілеріміз тәуелсіз еліміздің мәңгілігі үшін қажырлы еңбек етіп, әке жолын абыроймен жалғастыратынына сенімім мол.
Жалғас БАБАХАНОВ, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы