Әркімнің жеке сенімі, заң – тәртіптің өнімі
Әркімнің жеке сенімі, заң – тәртіптің өнімі
Бүгінгі халық жаңалықтарды бұрынғыдай классикалық ақпарат көздерінен (газет-журнал, радио-теледидар) күтіп отырмайды, оны тарату жылдамдығы өте тез сайттар мен әлеуметтік желілерден сол сәтте біліп, көзқарасын білдіріп, кез келген мәселені талқыға салып отырады. Демек, бүгінгі халық қоғамдық ортаға әсер ететін кез келген мәселені талқылауда белсенді.
Осыдан он шақты күн бұрын Қазақстанның Оқу-ағарту министрі Аймағамбетовтің nur.kz сайтының тілшісіне берген сұхбатындағы пікірі әлеуметтік желілерде, әсіресе Facebook желісінің қазақстандық сегментінде қатты талқыға түсті. Онда министр мектептердегі орамал тартуға (тағуға емес) салынған тыйым жөнінде: «Бұл мәселе үнемі көтеріліп келеді, онымен байланысты көптеген талқылау біздің елде ғана емес, басқа да бірқатар елде жүріп жатыр.
Бірақ Қазақстан – зайырлы мемлекет, мектеп те – зайырлы мекеме. Сонау 2016 жылы қабылданған бұйрық бар, талаптары бар. Дегенмен ғылыми-зерттеулерге сүйене отырып, әртүрлі топты қамтуды қамтамасыз ету маңызды екенін байқаймыз. Мен инклюзивтілікті жақтаймын және қолдау қажет екенін түсінемін. Әрине, бұл Білім және ғылым министрлігінің құзыретіне ғана қатысты емес, басқа да органдармен талқылау қажет. Мысалы, басына орамал кие алмағандықтан, ата-анасы сабаққа жібермейтін қыздарды қарастыра аламыз. Осы себептерге байланысты балалар мектепке бармаса немесе қашықтан оқытуға көшуге мәжбүр болса, бұл кері әсерін тигізеді, ал біз инклюзивті қоғам болуымыз керек. Бұл мәселе назар аударуға тұрарлық» деп еді. Жұрттың көбі бұған бірден қарсылық білдірді, қолдаушылар да аз болмады. Мұның себебі не?
Ең бірінші ескерілетін нәрсе – Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша «Мемлекет дін мен діни бірлестіктерден бөлінген». Бұл – діни көзқарастар мен талаптар мемлекеттік мекемелерде жүрмейді деген сөз. Яғни, мемлекеттік мекемелер адамдардың діни сеніміне құрметпен қараса да, сол бойынша жеңілдік жасауға, азаматтардың діни талаптарын орындауға міндетті емес. Ал орта және мемлекеттік жоғары оқу орындары да тәртіп мәселесінде Ата Заңымызда көрсетілген нәрсені ғана орындайды. Сол себепті жұрттың жалпы орта білім беретін мектептерде оқушыларға діни киім кигізгісі келген ата-аналардың талабы дұрыс емес.
Жасыратыны жоқ, мұндай мәселелер елімізде бұрын да әр жерде байқалып, мектеп әкімшілігіне қысым жасаған жағдай болған. Тіпті, кейбір ата-аналар мектеп басшыларына күш көрсетіп, кішкене қыздарын мектепке басына орамал тартып кіргізгісі келген. Тағы бір жерде оқушылар хиджаппен кіргізбесе оқымаймыз деп қыстың күні мектеп жанында қардың үстіне отырып, құлшылық жасаған жағдайлар кездесті. Ал осыдан екі жыл бұрын Ақтөбе қаласындағы «Құнан» мектеп-лицейінде қыздарға арнаулы сыныптар ашылып, онда оқитын 363 қыздың бәрі де хиджаппен оқуға барып жүргені туралы БАҚ беттерінде айтылды. Бұл білім ордасы мемлекеттік тапсырыс алып отырғанына қарамастан оқушыларға діни сенімін білдіретін киім үлгілерімен оқуға рұқсат берген. Соған қарамастан Ақтөбе облыстық Білім басқармасының өкілі «аталған мектепте де мектеп формасына қойылатын талаптар орындалып отыр» деп жауап берген. Бұл жағдай мемлекеттік білім ордаларында бекітілген оқушыларға «жалпыға бірдей мектеп формасын кию» талап етілуінің орындалмай отырғанының белгісі.
Енді Асхат Аймағамбетовтің пікірінен шығатын мәселеге қайта оралайық. Еліміз тәуелсіз мемлекетке айналғаннан бергі жерде наным-сенімге байланысты кеңестік кездегі шектеулер, қудалаулар жойылды. Тіпті, діни сенімге байланысты Құрбан айт, Рождество мейрамдары өтетін күндері де жалпыға бірдей демалыс күні ретінде белгіленген. Бұл – еліміз халқының басым көпшілігі ұстанатын Ислам, Христиан дініне байланысты құрметтің көрінісі. Алайда ол мемлекет дінге қатысты барлық ережені қатаң ұстануға, оны мемлекеттік мекемелерде орындауға міндетті дегенді білдірмейді. Себебі дін мемлекет саясатына араласа алмайды, ал мемлекет, егер діншілдер тарапынан елге қауіп төндіретін әрекеттерге бармаса дін ісіне араласпайды. Енді келіп, қайта-қайта дін ұстанатын азаматтардың мемлекет тәртібіне бойсұнуға қарсылық көрсетуінің себебі не?
Мұның бірінші себебі – заңды түсінбеу немесе сыйламау болса, екінші себебі – өздерінің діни сеніміне көпшілікті бойсұндырғысы келетін қауіпті тенденция. Міне, мемлекет тәртібіне бағынуды қолдайтын азаматтар осыны түсінгендіктен, министрдің сөзіне қарсы шықса, ал «орамал тартуды» қолдайтындар – өздері дұрыс деп тауып отырған ісін түрлі мысалды алға тартып, АҚШ, Франция сияқты елдердегі Асхат Аймағамбетов айтып отырған «инклюзивтілікті» мысал қылады.
Біз неге қоғамда діни түсініктердің басым болуын, оның саясатқа әсерінен қауіптенеміз? Әрине, дінге сенетіндер мен сенбейтіндер мемлекет азаматтары ретінде бейбіт өмір сүруге құқылы. Кеңестік кезеңде дінге қарсы белсенді насихат жүріп, соның себебінен адамдар өмірінің түрлі кезеңінде діни салт-жоралғыларды жасай алмады. Адамдар діни көзқарасы үшін қудаланды, олар тіпті мемлекетке қауіпті жат элемент саналды. Оның бәрі қоғамдық көзқараспен санаспаған біржақтылық болатын. Енді діни наным-сенім бостандығы беріліп отырған кезде мемлекеттік саясатқа діннің үстемдігін жүргіземіз деу тағы да қоғамдық пікірмен санаспаған біржақтылық болар еді. Сондықтан мектеп оқушыларына орамал тағуға рұқсат берудің ар жағы талапқа айналып кету қаупіне жеткізетінін жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан «орамал» мәселесіне қарсы болып отырған халықтың да сөзінің жаны бар.
Ал енді өзге елдердегі (жұрт мысалға келтіре беретін АҚШ пен Францияны алайық) оқушылардың діни сеніміне байланысты жағдайға келетін болсақ, ол елдерде дінді ұстану мен оның әр адамның жеке ісі ретінде орныққан тәртіп бар. Қоғамда діни кемсітушілік пен алалаушылыққа жол берілмейді. Оны мемлекет бақылайды және адамдар мемлекет тәртібін мойындайды. Әлемдік діндерді былай қойғанда, діни секталардың мүшелері де тәртіп бұзуға бармайды. Сондықтан ол елдерде түрлі дінді ұстанатындар мен дінге сенбейтіндер де қатар отырып білім алып, бірге еңбек ете береді. Ал бізде ше?
Шындығына келсек, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде дін мен ождан еркіндігі туралы заң шығып, діни сенімге жол ашылған кезде халықтың діни түсініктерді терең игермегенін пайдаланып, әлемнің түкпір-түкпірінен елімізде түрлі секта қаптап, миссионерлік жасады. Тіпті, дәстүрлі ислам дінін уағыздаушылардың арасында түрлі көзқарастағылар көп болды. Сондай-ақ Египеттен, Сириядан, Пәкістаннан, Түркиядан дін оқуын оқып келгендердің арасында көзқарас қайшылықтары болып, соның себебінен мұсылман мұсылманды түсінбейтін жағдайға жетті десе де болады. Соның ішінде уақабтық бағытты уағыздайтындар белсендірек болып, адам жанын дінмен ізгілендірудің орнына өліммен, күнәмен, тозақ отымен қорқытып, жұрттың көкірегіне үрей ұялатып, тіпті оны ұлттық салт-дәстүрге қарсы қойды. Соның себебінен ата-анасына намаз оқымағаны үшін «кәпірсіңдер, сендермен бір үйде тұруға болмайды» дейтіндер шығып, біртұтас қазақи отбасы құндылығы аяқасты болды. Қазақтың дәстүрлі мәдениетіне сына қағылды, келіннің сәлем салуын терістеп, «адам тек Аллаға ғана иілуі керек» деп қазақы сый-құрметке көз алартты. Домбыраны «харам» деп, жұртты музыка тыңдамауға шақырды. «Еркектің бәрі сақал қойып, әйелдің бәрі бетін бүркеуі тиіс» деп дөңайбат жасады. Тіпті, көшеде өз жолымен кетіп бара жатқан адамға «мұсылман болсаң неге жұма күні мешітке барып намаз оқымайсың» деп тиіскендер болды. Бір сөзбен айтқанда, дінді уағыздаймыз дейтіндер агрессорларға айналды. Дегенмен біраз уақыт өткенде есін жиған халық діннің негізгі талаптарын түсініп, оны бұрмалаушыларға қарсы шыға бастады. Нәтижесінде, елді дінге кіргіземіз деп жүргендер діннен шығарып жібере жаздады. Содан болса керек, тіпті бүгінде өздерін атеист санайтындар да аз емес...
Бүгінде өздерін діншіл санап жүргендердің көптеген әрекеті теріс көзқарас тудырып жатыр. Ең жаманы, олардың қатарынан шыққан лаңкестер бейбіт тұрғындардың, әскери адамдардың, ішкі істер қызметкерлерінің қанын төгуге дейін барды. Мәселен, 2011 жылдың 12 қарашасында радикал діни ағымды ұстанушы Мақсат Қариев Тараз қаласында терроризм актін ұйымдастырып, алдымен өзін сырттай бақылап жүрген Жамбыл облыстық Ұлттық қауіпсіздік департаментінің екі қызметкерін атып өлтірді. Кейін қала тұрғынының көлігін тартып әкетіп, қару-жарақ дүкенінің күзет қызметкерін атып тастады. Сосын мамандандырылған күзеттің тағы екі қызметкерін жайратып салып, облыстық Ұлттық қауіпсіздік департаментінің ғимаратына, атты патруль қызметкерлеріне оқ атты. Оны жол полициясы қызметкерлері ұстаған кезде өзін-өзі жарып жіберіп, өзін ұстап тұрған полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың өліміне себепші болды. Сөйтіп, ол жеті адамды өлтіріп, үш адамды жарақаттады. Кейін Қариевтің «Халифат солдаттары» халықаралық терроризм ұйымына қатысы бар екені анықталып, оның алты сыбайласы ұсталды, сотталды.
2016 жылғы 5 маусымда Ақтөбеде 25 адамнан тұратын топ қаладағы «Паллада», «Пантера» қару-жарақ дүкендеріне және № 6655 әскери бөліміне шабуыл жасады. Дүкеннен 17 дана атыс қаруын иеленген олар кепілге алған жолаушылар автобусымен әскери бөлімге басып кірді. Дүкендерге кірген кезде олар төрт адамды өлтіріп кетті. Оның екеуі қарапайым тұрғын. Әскери бөлімдегі атыс кезінде үш әскери қызметкер мен 18 содыр қаза тапты. Кейін шабуылдаушылардың жетеуі және жасырынған сегіз сыбайласы қолға түсті. Сыртқы істер министрлігі террористер ДАИШ өкілдерінің нұсқауымен әрекет еткенін анықтады.
2016 жылғы 18 шілдеде Алматыда 26 жастағы Руслан Күлекбаев полиция кеңсесі және ҰҚК департаменті ғимараты жанында қарулы шабуыл жасап, 10 адамның өліміне себепші болды. Олардың сегізі күш құрылымдарының қызметкерлері болса, екеуі бейбіт тұрғын еді. Оқиғаның себебі – бұрын заңсыз қару сақтады және кісі тонады деген айыптармен қылмыстық жауапқа тартылған Күлекбаев түрмеде өткізген жылдары үшін кек алуды жүзеге асыруға бел байлаған. Тергеуде анықталғандай, Күлекбаев түрмеде «салафиттермен достасқан».
Міне, біз келтірген үш оқиғаның әрбіріне діни радикал ағымның қатысы бар. Ендеше бүгінде өздерін діншілмін деп есептеп, өз көзқарасын жұртқа күштеп таңғысы келіп тұратындардан көңілі қалған халық діни сенімге байланысты кез келген мәселеге сергек қараса, оны қалай айыптауға болады? Әрине, дін ұстанған кез келген адамнан қауіптене беруге болмас, бірақ сондайлардың кейбірі теріс уағыз таратып, оған еліккендердің талайының сүйегінің Сирияда қалғанын да ұмытпауымыз керек.
Тағы бір айта кететін нәрсе, радикалды діни ағымның мәселесі біздің елімізде ғана емес, көршілес өзбек, қырғыз, тәжік елдеріне де талай рет лаң салды. Оны сауаты бар жұрттың бәрі біледі. Бұлардың ішінде Өзбекстан ғана олармен күресте өте сергек болып, өз жерінде діни радикализмнің терең тамыр жаюына мүмкіндік бермей, дер кезінде тоқтау салды. Бірақ бұл елдерде де әлі күнге дінді заңнан биік қойғысы келетіндер жоқ емес.
Әлеуметтік желіде «орамал» мәселесіне қатысты кейбір пікір білдірушілер бүгін оқушыларға дәстүрімізде жоқ орамал тартқызсақ (негізінен, кей жағдайда қазақ қыздары орамалды күйеуге шыққан соң ғана тартқан), одан кейін хиджап киіп, оның соңы ақылы толыса қоймаған жастарды дінмен арбап, түрлі мақсатқа пайдаланып кетуі мүмкін деп есептейді. Сондай-ақ балаларын жасынан дінмен тәрбиелейтіндердің арасында қыздарын оқытуды құптамай, оны ертерек күйеуге беріп жіберетіндердің және әйелдерді еркектен төмен тұруы тиіс деп олардың құқығын шектейтіндердің көп болатынын айтады. Бұл да қоғамда кездесіп жатқан жағдай. Демек, министрдің сөзі жай жалпақшешейлік қана емес, қоғамдағы ахуалды жете білмеушіліктен туған ой болуы да мүмкін. Сондықтан жас ұрпаққа орамал тартқызудан бұрын олардың қайткенде сапалы білім алуын ойлау қажет. Себебі сенім әркімнің жеке ісі, ал мемлекет тәртібі жалпыға ортақ қағида.