Әркімнің жеке сенімі, заң – тәртіптің өнімі

Әркімнің жеке сенімі, заң – тәртіптің өнімі

Әркімнің жеке сенімі, заң – тәртіптің өнімі
ашық дереккөзі
Бүгінгі халық жаңалықтарды бұрынғыдай классикалық ақпарат көздерінен (газет-журнал, радио-теледидар) күтіп отырмайды, оны тарату жылдамдығы өте тез сайттар мен әлеуметтік желілерден сол сәтте біліп, көзқарасын білдіріп, кез келген мәселені талқыға салып отырады. Демек, бүгінгі халық қоғамдық ортаға әсер ететін кез келген мәселені талқылауда белсенді. Осыдан он шақты күн бұрын Қазақстанның Оқу-ағарту министрі Аймағамбетовтің nur.kz сайтының тілшісіне берген сұхбатындағы пікірі әлеуметтік желілерде, әсіресе Facebook желісінің қазақстандық сегментінде қатты талқыға түсті. Онда министр мектептердегі орамал тартуға (тағуға емес) салынған тыйым жөнінде: «Бұл мәселе үнемі көтеріліп келеді, онымен байланысты көптеген талқылау біздің елде ғана емес, басқа да бірқатар елде жүріп жатыр. Бірақ Қазақстан – зайырлы мемле­кет, мектеп те – зайырлы мекеме. Со­нау 2016 жылы қабылданған бұйрық бар, талаптары бар. Дегенмен ғылыми-зерт­теулерге сүйене отырып, әртүрлі топ­ты қамтуды қамтамасыз ету маңызды еке­нін байқаймыз. Мен инклюзивтілікті жақ­таймын және қолдау қажет екенін тү­сі­немін. Әрине, бұл Білім және ғылым ми­нистрлігінің құзыретіне ғана қатысты емес, басқа да органдармен талқылау қа­жет. Мы­салы, басына орамал кие алмаған­дық­тан, ата-анасы сабаққа жібермейтін қыз­­дар­ды қарастыра аламыз. Осы себеп­терге бай­ланысты балалар мектепке бар­маса не­месе қашықтан оқытуға көшуге мәж­бүр бол­са, бұл кері әсерін тигізеді, ал біз ин­клюзивті қоғам болуымыз керек. Бұл мәселе назар аударуға тұрарлық» деп еді. Жұрт­тың көбі бұған бірден қарсылық біл­дірді, қолдаушылар да аз болмады. Мұ­ның себебі не? Ең бірінші ескерілетін нәрсе – Қа­зақ­стан Республикасының Конститу­ция­сы бойынша «Мемлекет дін мен діни бір­лестіктерден бөлінген». Бұл – діни көз­­­қарастар мен талаптар мемлекеттік ме­кемелерде жүрмейді деген сөз. Яғни, мем­лекеттік мекемелер адамдардың діни се­німіне құрметпен қараса да, сол бойын­ша жеңілдік жасауға, азаматтардың діни талаптарын орындауға міндетті емес. Ал орта және мемлекеттік жоғары оқу орын­дары да тәртіп мәселесінде Ата Заңымызда көр­сетілген нәрсені ғана орындайды. Сол се­беп­ті жұрттың жалпы орта білім беретін мек­тептерде оқушыларға діни киім кигіз­гісі келген ата-аналардың талабы дұрыс емес. Жасыратыны жоқ, мұндай мәсе­ле­лер елімізде бұрын да әр жерде байқалып, мектеп әкімшілігіне қысым жа­саған жағдай болған. Тіпті, кейбір ата-ана­лар мектеп басшыларына күш көр­сетіп, кішкене қыздарын мектепке ба­сы­на орамал тартып кіргізгісі келген. Тағы бір жерде оқушылар хиджаппен кір­гізбесе оқымаймыз деп қыстың күні мек­теп жанында қардың үстіне отырып, құл­шылық жасаған жағдайлар кездесті. Ал осыдан екі жыл бұрын Ақтөбе қаласындағы «Құнан» мектеп-лицейінде қыздарға арнаулы сыныптар ашылып, онда оқитын 363 қыздың бәрі де хиджаппен оқуға ба­рып жүргені туралы БАҚ беттерінде ай­тыл­ды. Бұл білім ордасы мемлекеттік тап­сырыс алып отырғанына қарамастан оқу­шыларға діни сенімін білдіретін киім үл­гілерімен оқуға рұқсат берген. Соған қара­мастан Ақтөбе облыстық Білім бас­қар­масының өкілі «аталған мектепте де мек­теп формасына қойылатын талаптар орын­далып отыр» деп жауап берген. Бұл жағ­дай мемлекеттік білім ордаларында бе­кі­тілген оқушыларға «жалпыға бірдей мек­теп формасын кию» талап етілуінің орын­далмай отырғанының белгісі. Енді Асхат Аймағамбетовтің пікірі­нен шығатын мәселеге қайта ора­лайық. Еліміз тәуелсіз мемлекетке айнал­ған­нан бергі жерде наным-сенімге байла­ныс­ты кеңестік кездегі шектеулер, қуда­лау­лар жойылды. Тіпті, діни сенімге бай­ла­нысты Құрбан айт, Рождество мейрам­дары өтетін күндері де жалпыға бірдей демалыс күні ретінде белгіленген. Бұл – елі­міз халқының басым көпшілігі ұста­на­тын Ислам, Христиан дініне байланысты құр­меттің көрінісі. Алайда ол мемлекет дін­ге қатысты барлық ережені қатаң ұстану­ға, оны мемлекеттік мекемелерде орын­дауға міндетті дегенді білдірмейді. Себебі дін мемлекет саясатына араласа ал­майды, ал мемлекет, егер діншілдер тара­пынан елге қауіп төндіретін әрекеттерге бар­маса дін ісіне араласпайды. Енді келіп, қайта-қайта дін ұстанатын азаматтардың мемлекет тәртібіне бойсұнуға қарсылық көрсетуінің себебі не? Мұның бірінші себебі – заңды тү­сін­беу немесе сыйламау болса, екін­ші себебі – өздерінің діни сеніміне көп­шілікті бойсұндырғысы келетін қауіпті тен­денция. Міне, мемлекет тәртібіне ба­ғынуды қолдайтын азаматтар осыны тү­сін­гендіктен, министрдің сөзіне қарсы шық­са, ал «орамал тартуды» қолдайтындар – өздері дұрыс деп тауып отырған ісін түрлі мы­сал­ды алға тартып, АҚШ, Франция сияқты ел­­дер­дегі Асхат Аймағамбетов айтып отыр­­ған «инклюзивтілікті» мысал қылады. Біз неге қоғамда діни түсініктердің басым болуын, оның саясатқа әсе­рі­нен қауіптенеміз? Әрине, дінге сенетіндер мен сенбейтіндер мемлекет азаматтары ре­тінде бейбіт өмір сүруге құқылы. Кеңес­тік кезеңде дінге қарсы белсенді на­си­хат жүріп, соның себебінен адамдар өмі­­рінің түрлі кезеңінде діни салт-жорал­ғыларды жасай алмады. Адамдар діни көзқарасы үшін қудаланды, олар тіпті мемлекетке қауіпті жат элемент саналды. Оның бәрі қоғамдық көзқараспен санас­паған біржақтылық болатын. Енді діни наным-сенім бостандығы беріліп отырған кез­де мемлекеттік саясатқа діннің үстем­дігін жүргіземіз деу тағы да қоғамдық пі­кір­мен санаспаған біржақтылық болар еді. Сондықтан мектеп оқушыларына орамал тағуға рұқсат берудің ар жағы талапқа ай­налып кету қаупіне жеткізетінін жоққа шы­ғара алмаймыз. Сондықтан «орамал» мә­селесіне қарсы болып отырған халық­тың да сөзінің жаны бар. Ал енді өзге елдердегі (жұрт мысалға кел­тіре беретін АҚШ пен Францияны алайық) оқушылардың діни сеніміне бай­ла­нысты жағдайға келетін болсақ, ол ел­дерде дінді ұстану мен оның әр адамның же­ке ісі ретінде орныққан тәртіп бар. Қо­ғам­да діни кемсітушілік пен алалау­шы­лық­қа жол берілмейді. Оны мемлекет ба­қы­­лайды және адамдар мемлекет тәртібін мойындайды. Әлемдік діндерді былай қой­­ғанда, діни секталардың мүшелері де тәр­­тіп бұзуға бармайды. Сондықтан ол ел­­дерде түрлі дінді ұстанатындар мен дінге сен­­бейтіндер де қатар отырып білім алып, бір­­ге еңбек ете береді. Ал бізде ше? Шындығына келсек, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде дін мен ож­дан еркіндігі туралы заң шығып, діни се­німге жол ашылған кезде халықтың діни тү­сініктерді терең игермегенін пайда­ла­нып, әлемнің түкпір-түкпірінен елімізде түр­лі секта қаптап, миссионерлік жасады. Тіпті, дәстүрлі ислам дінін уағыздау­шы­лар­­дың арасында түрлі көзқарастағылар көп болды. Сондай-ақ Египеттен, Сирия­дан, Пәкістаннан, Түркиядан дін оқуын оқып келгендердің арасында көзқарас қай­­шылықтары болып, соның себебінен мұ­сылман мұсылманды түсінбейтін жағ­дай­ға жетті десе де болады. Соның ішінде уа­­қабтық бағытты уағыздайтындар бел­сен­дірек болып, адам жанын дінмен ізгі­лен­­дірудің орнына өліммен, күнәмен, тозақ отымен қорқытып, жұрттың кө­кі­ре­гіне үрей ұялатып, тіпті оны ұлттық салт-дәстүрге қарсы қойды. Соның себебінен ата-анасына намаз оқымағаны үшін «кә­пірсіңдер, сендермен бір үйде тұруға бол­майды» дейтіндер шығып, біртұтас қазақи от­басы құндылығы аяқасты болды. Қазақ­тың дәстүрлі мәдениетіне сына қағылды, келіннің сәлем салуын терістеп, «адам тек Аллаға ғана иілуі керек» деп қазақы сый-құрметке көз алартты. Домбыраны «харам» деп, жұртты музыка тыңдамауға шақырды. «Еркектің бәрі сақал қойып, әйелдің бәрі бе­тін бүркеуі тиіс» деп дөңайбат жасады. Тіп­ті, көшеде өз жолымен кетіп бара жат­қан адамға «мұсылман болсаң неге жұма күні мешітке барып намаз оқымайсың» деп тиіскендер болды. Бір сөзбен айтқанда, дінді уағыздаймыз дейтіндер агрессорларға ай­налды. Дегенмен біраз уақыт өткенде есін жиған халық діннің негізгі талаптарын тү­сініп, оны бұрмалаушыларға қарсы шы­ға бастады. Нәтижесінде, елді дінге кіргізе­міз деп жүргендер діннен шығарып жібере жаздады. Содан болса керек, тіпті бүгінде өздерін атеист санайтындар да аз емес... Бүгінде өздерін діншіл санап жүрген­дер­дің көптеген әрекеті теріс көз­қа­рас тудырып жатыр. Ең жаманы, олар­дың қатарынан шыққан лаңкестер бейбіт тұрғындардың, әскери адамдардың, ішкі істер қызметкерлерінің қанын төгуге дейін бар­ды. Мәселен, 2011 жылдың 12 қара­ш­а­сын­да радикал діни ағымды ұстанушы Мақ­сат Қариев Тараз қаласында терроризм ак­тін ұйымдастырып, алдымен өзін сырт­тай бақылап жүрген Жамбыл облыстық Ұлттық қауіпсіздік департаментінің екі қызметкерін атып өлтірді. Кейін қала тұр­ғынының көлігін тартып әкетіп, қару-жа­рақ дүкенінің күзет қызметкерін атып тас­тады. Сосын мамандандырылған күзет­тің тағы екі қызметкерін жайратып салып, облыстық Ұлттық қауіпсіздік депар­тамен­ті­нің ғимаратына, атты патруль қыз­мет­кер­леріне оқ атты. Оны жол полициясы қыз­меткерлері ұстаған кезде өзін-өзі жа­рып жіберіп, өзін ұстап тұрған полиция ка­питаны Ғазиз Байтасовтың өліміне се­беп­ші болды. Сөйтіп, ол жеті адамды өлті­ріп, үш адамды жарақаттады. Кейін Қа­риев­­тің «Халифат солдаттары» халық­ара­лық терроризм ұйымына қатысы бар екені анық­талып, оның алты сыбайласы ұстал­ды, сотталды. 2016 жылғы 5 маусымда Ақтөбеде 25 адам­нан тұратын топ қаладағы «Паллада», «Пан­тера» қару-жарақ дүкендеріне және № 6655 әскери бөліміне шабуыл жасады. Дү­кеннен 17 дана атыс қаруын иеленген олар кепілге алған жолаушылар автобу­сы­мен әскери бөлімге басып кірді. Дүкендерге кір­­ген кезде олар төрт адамды өлтіріп кет­ті. Оның екеуі қарапайым тұрғын. Әс­ке­ри бөлімдегі атыс кезінде үш әскери қыз­меткер мен 18 содыр қаза тапты. Кейін шабуылдаушылардың жетеуі және жа­сырын­ған сегіз сыбайласы қолға түсті. Сырт­қы істер министрлігі террористер ДАИШ өкілдерінің нұсқауымен әрекет ет­ке­нін анықтады. 2016 жылғы 18 шілдеде Алматыда 26 жас­тағы Руслан Күлекбаев полиция кең­сесі және ҰҚК департаменті ғимараты жа­­­нында қарулы шабуыл жасап, 10 адам­ның өліміне себепші болды. Олардың сегізі күш құрылымдарының қызметкерлері болса, екеуі бейбіт тұрғын еді. Оқиғаның се­бебі – бұрын заңсыз қару сақтады және кі­сі тонады деген айыптармен қылмыстық жауап­қа тартылған Күлекбаев түрмеде өт­кізген жылдары үшін кек алуды жүзеге асыруға бел байлаған. Тергеуде анық­тал­ғандай, Күлекбаев түрмеде «салафиттермен достасқан». Міне, біз келтірген үш оқиғаның әр­біріне діни радикал ағымның қа­тысы бар. Ендеше бүгінде өздерін дін­шіл­­мін деп есептеп, өз көзқарасын жұртқа күш­теп таңғысы келіп тұратындардан көңі­лі қалған халық діни сенімге байла­ныс­ты кез келген мәселеге сергек қараса, оны қалай айыптауға болады? Әрине, дін ұстан­ған кез келген адамнан қауіптене беру­ге болмас, бірақ сондайлардың кейбірі теріс уағыз таратып, оған еліккендердің та­лайының сүйегінің Сирияда қалғанын да ұмытпауымыз керек. Тағы бір айта кететін нәрсе, ради­кал­ды діни ағымның мәселесі біз­дің елімізде ғана емес, көршілес өзбек, қыр­ғыз, тәжік елдеріне де талай рет лаң сал­ды. Оны сауаты бар жұрттың бәрі біле­ді. Бұлардың ішінде Өзбекстан ғана олар­мен күресте өте сергек болып, өз жерінде діни радикализмнің терең тамыр жаюына мүм­кіндік бермей, дер кезінде тоқтау сал­ды. Бірақ бұл елдерде де әлі күнге дінді заң­­нан биік қойғысы келетіндер жоқ емес. Әлеуметтік желіде «орамал» мәсе­ле­сі­не қатысты кейбір пікір білдіру­ші­лер бүгін оқушыларға дәстүрімізде жоқ ора­мал тартқызсақ (негізінен, кей жағдай­да қазақ қыздары орамалды күйеуге шық­қан соң ғана тартқан), одан кейін хи­джап киіп, оның соңы ақылы толыса қой­маған жас­тарды дінмен арбап, түрлі мақсатқа пайдаланып кетуі мүмкін деп есептейді. Сон­дай-ақ балаларын жасынан дінмен тәр­б­иелейтіндердің арасында қыздарын оқы­туды құптамай, оны ертерек күйеуге бе­ріп жіберетіндердің және әйелдерді ер­кектен төмен тұруы тиіс деп олардың құқы­ғын шектейтіндердің көп болатынын айтады. Бұл да қоғамда кездесіп жатқан жағ­дай. Демек, министрдің сөзі жай жал­пақ­шешейлік қана емес, қоғамдағы ахуал­ды жете білмеушіліктен туған ой болуы да мүмкін. Сондықтан жас ұрпаққа орамал тартқызудан бұрын олардың қайт­кен­де сапалы білім алуын ойлау қажет. Себебі сенім әркімнің жеке ісі, ал мем­лекет тәрті­бі жалпыға ортақ қағида.