Баланы еш қоспасыз, үйдегі аспен тамақтандыру қажет – Гүлнар ӘБІШЕВА, жоғары санатты балалар дәрігері
Баланы еш қоспасыз, үйдегі аспен тамақтандыру қажет – Гүлнар ӘБІШЕВА, жоғары санатты балалар дәрігері
Елімізде жыл сайын маусым айының әр үшінші жексенбісінде медицина қызметкерлерінің мерекесі аталып өтіледі. Ақ халатты абзал жандар топтасқан медицинаның қай саласы болмасын қоғамда маңызды рөлге ие. Дегенмен, дені сау ұрпақтың қалыптасуы мен дамуы үшін тер төгіп жүрген балалар дәрігерлерінің статусы әрқашан биік екені даусыз. Осы орайда, елордадағы №1 қалалық емханасы педиатрия бөлімінің меңгерушісі, балалар дәрігері Гүлнар Әбішева ханыммен сұхбаттасқан едік.
– Осы жылды Балалар жылына арнап жатырмыз. Сіздің де осы салада жұмыс істеп жүргеніңізге биыл 16 жыл толады екен. Соны негізге ала отырып отандық медицинадағы педиатрияның даму өзгерістеріне тоқталып өтсеңіз.
– Медицина жылдан-жылға дамып келе жатыр. Мен алғаш еңбек жолымды бастаған кезбен салыстырғанда ілгерілеушілік байқалады. Бұрын 300 грамм, 500 грамм болып туылған науқас балаларды аман алып қалу қиынға соғатын. Қазір оларды стационарда вакуум әдісін қолдану арқылы жетілдіріп, қалпына келтіре аламыз. Кейін реабилитация жасау арқылы оларды толықтай сауықтырып алуға мүмкіндік туады. Әр перинаталдық орталықта өздерінің оңалту бөлімшелері бар. Жетілмей туған балаларға 3 жасқа дейін арнайы «катамнез» деп аталатын реабилитациялық көмек көрсетіледі. Ол үшін жылына екі рет анализдерін тапсырып, тегін тексерілуден өтеді. Мұны соңғы 10 жылдықта жеткен жетістіктеріміздің бірі деп айтуға болады.
– Сіздің ойыңызша, еліміздегі балалар медицинасының қазіргі жай-күйі қандай? Әлі де ақсап тұрған қандай тұсы бар?
– Біздің салада ешқандай кемшілік жоқ деп айта алмаймын, әрине. Көп қиындық тудыратыны – педиатрларға жазылу арқылы жүргізілетін тексеріс. Ата-аналар алдын ала жазылып, көп күтіп қалады. Скринингтік қаралымнан өткенде кейбір мамандарға жазылмай қалса, бір күннен де ұзаққа созылып кетеді. Мысалы, 1 жас, 3 жас, 6 жас кезінде хирург, невропатолог, окулист сияқты мамандардан толық тексерістен өту керек қой. Аптаның басында 2 кабинеттен өтсе, қалғанынан басқа күндері өтуге тура келеді. Солай тексеріс ұзаққа созылады. Бұл кішкентай балалары бар ата-аналарға қолайсыз. Сол жағынан үнемі мәселе туындап жатады. Мұны шешу үшін көбірек мамандар алу керек шығар. Ал төтенше жағдайлар кезінде алдын ала жазылмай-ақ тікелей қабылдай береді.
– «Адамның иммундық жүйесі күшті не әлсіз болып қалыптасуы бала кезден басталады» дейді. Сәби кезінде жақсы қаланған иммунитет болашақтағы ауыр дерттерден аман алып қалуы мүмкін бе? Осы тұжырым қаншалықты рас?
– Негізі, баланың қалыптасуы өмірге келмес бұрын ұрық кезінен басталады. Ол дүниеге аман-сау болып келуі үшін анасы денсаулығын күтуі керек. Бірінші кезекте қан, анализ тапсырып, дәрігерлерге арнайы қаралғаны дұрыс. Жүктілік кезінде ананың гемоглобині төмен болса, сәбиіне де сол берілуі мүмкін.
Ең маңызды ескеретін жайт – баланы 6 айға дейін тек ана сүтімен тамақтандырған жөн. Сол кезде ол ауруға бейім бола қоймайды. Өйткені ана сүтінде аса қажетті дәрумендер мен микробиологиялық элементтер бар.
– Қазір түрлі қосымша сүт сатылады ғой? Анадан сүт шықпай қалу деген жағдайлар да болып жатады.
– Жалпы, мен педиатр ретінде қосымша сүттерді мүлде құптамаймын. Оны мүмкіндігінше қолданбаған дұрыс. Кейде біз медициналық көрсеткіштерге қарап, туберкулезбен, онкологиялық аурулармен ауырған жағдайда ана сүтін беруге тыйым салатын кездер болады. Әйтпесе, дені сау анада сүт шықпай қалу деген болмауы керек. Ондай белгілер қатты шаршағанда, дұрыс тынықпаған жағдайда байқалып жатады. Сол үшін дұрыс тамақтанып, демалып, аз уақыт болса да таза ауада серуендеп қайтуға кеңес беремін. Себебі анадағы физиологиялық, психологиялық өзгерістің барлығы балаға әсер етеді.
6 айға дейін тек ана сүтімен, одан кейін ғана қосымша тамақ бере бастауға болады.
– Бір жасқа толмаған баланы педиатрдың қарауына неше рет алып келу керек?
– Соңғы қабылданған бұйрық бойынша нәресте өмірге келген соң дәрігер үйге 2 рет, медбике 3 рет барып, сәбидің жағдайын тексереді. Содан кейін 1 жасқа толғанша ай сайын педиатрға келіп, қаратып тұру керек. Яғни, 1 жылда 12 рет. Жалпы, 1 жасқа дейін 3 рет вакцина салынады. Бірінші көкжөтел, сіреспе, дифтерияға қарсы жеңілдетілген вакцина, екінші гепатит пен пневмонияға қарсы пневмококк екпесі егіледі. Ал үшінші ең алғашқы кезеңгі вакцина қайталап салынады. Бұлардың барлығы – арнайы тексерістен өтіп, тазартылған екпелер. Бұрын біз жаңа ғана айтып отырған жеңілдетілген вакцинаны неврологиялық ауытқулармен туылатын балаларға егетінбіз. Кейін осы аурулардың алдын алу мақсатында бәріне салынатын болды. Одан қарсы реакция көрсеткен кездер болған жоқ.
– Вакцина салғызуға қарсылық мәселесі әлі күнге дейін бір жолға қойылмады. Сіздер осы бағытта қалай жұмыс істейсіздер?
– Иә, ондай жағдайлар болып тұрады. Ол кезде ата-аналарға екпелердің маңызы мен оның не үшін жүргізілетінін айтып «Сіздер де кішкентай кездеріңізде екпе алдыңыздар. Сіздер де балаларыңызды қорғау үшін мұны жасауларыңыз керек» деп түсіндіреміз. Қарсы болатын ата-аналардың көбі – діни бағыт ұстанатын жандар. Сосын шала туған балалардың ата-аналары сәбиінің кішкене өсіп, салмақ қосып алғанға дейін біраз уақытқа екпеден бас тартып жатады. Жалпы, толықтай қарсы болып, шу шығарып жатқандар жоқ.
– Балалар жиі шалдығатын аурулардың арасында ОРВИ, желшешек, ангина бар екен. Қазір ата-аналар көбіне қандай шағыммен келеді?
– Бүлдіршіндер көбіне тұмау, салқын тию сияқты жедел вирусты инфекцияларын жиі жұқтырады. Жаз кезінде ішек инфекциялары өршіп кетеді. 2012 жылдан бері пневмококқа қарсы екпе салуды бастағалы балалар ішінде пневмониямен ауыратындар саны азайды.
– Емдеу-қарау шаралары кезінде қандай балаларға жеңілдіктер қарастырылған? Аутизм, Даун, тағы басқа инклюзивті ерекшелігі бар бүлдіршіндермен педиатрлар қалай жұмыс істейді?
– Иә, ол балаларға ерекше басымдықтар берілген. Үнемі кезектен тыс қабылдауға кіріп, медициналық тексерістерден өте алады. Емдеу шараларына қатысты әр балаға жеке
1 жылдық жоспар жасалады. Мысалы, балалардың церебралды сал ауруының да жеңіл, орташа, ауыр деңгейлі түрлері бар ғой. Сол ауыр дәрежедегі науқас балаларға оңалту шаралары жасалмайтындықтан, үйіне барып қарап, медициналық көмек көрсетеміз. Арнайы мамандарды жібереміз. Ал жеңіл, орташа деңгейлі БЦС диагнозы қойылған бүлдіршіндер міндетті түрде оңалтудан өтеді. Олар жылына 2 рет, 7 күннен 10 күнге дейін жүргізіледі. Оның ішіне түрлі жаттығу мен массаж кіреді. Әр емхананың өз оңалту орталығы бар.
– Түрлі инфекцияны жұқтыру мүмкіндігі жоғары жердің бірі – балабақша. Өйткені онда бала саны өте көп. Ата-аналар балабақшада жиі ауырады деп шағымданады. Бұған не дейсіз?
– Әр бала өз үйінде жеке қамқорлық пен күтіммен өседі. Ал олардың қоғамға, соцуимға араласуының алғашқы кезеңдері балабақшада басталады. Менің ойымша, бүлдіршіндердің сәл нәрседен сырқаттанып, ауырып қалуы осы факторға байланысты. Яғни, қашан ортаға сіңісіп кеткенше оларда бұл процесс жүре береді.
– Демек, бұл жердегі әңгіме санитарлық талаптардан бөлек баланың рухани иммунитетінің қалыптасуына да қатысты болып тұр ма?
– Иә, меніңше, бұл – қалыпты жағдай. Мұны бала үйренісіп кеткенше бастапқы кезеңдерде құрылатын «коллективті иммунитет» деп атаушы едім. Ол шамамен 1 айға созылуы мүмкін. Ал одан да ұзақ уақыт, жиі ауыратын болса, баланы міндетті түрде дәрігердің қарауына әкелген дұрыс.
– Балаға суық тиіп, іші, тісі ауырған жағдайда қойдың майымен сылау, ешкі сүтін беру сияқты дәстүрлі ем-дом тәсілдерін қолдануды қаншалықты құптайсыздар? Жалпы, медицинада мойындалған қандай халықтық ем-дом түрлері бар?
– Мұны өзім аса құптамаймын. Негізі, баланы қойдың майымен сылауға болмайды. Клеткалары енді ғана қалыптасып келе жатқан денеге ол майды жақса, тері тесіктері бітеліп, бала одан сайын тұншығады. Ал ешкі сүті ана сүтіне ешқашан тең келе алмайды. Өйткені ол кішкентай нәрестенің ішек жолдарын зақымдайды.
– Бала организмінің физиологиялық, гигиеналық қалыптасуы барысында ата-аналар қандай қателіктер жіберуі мүмкін?
– Кей аналар қаржылық қиындықтарға байланысты жұмысқа ертерек шығып кетіп жатады. Сондай кездерде баланы уақытылы емізу, жуындыру, далаға алып шығу сияқты міндеттер орындалмай қалуы мүмкін. Мысалы, нәрестелер арасында кездесетін рахит деген науқас түрі бар. Сол үшін де күзде туылған балаларға Д3 дәруменін беруге кеңес береміз. Яғни, 1 жасқа дейін де, кейін де оларды педиатрға әкеліп тексертіп тұру керек. Жаңа туған сәбидің
қырқынан шыққанша денесінің құрысып қалмауы үшін арнайы массаж көмектесетінін бәріміз білеміз ғой. Оны әр үйдің үлкендері, апа, әжелері жасап жатады. Ал олар болмай қалған жағдайда бізде арнайы профилактикалық кабинеттерде нәрестелерді қарап, кеңесімізбен бөлісеміз. Немесе педиатрлар бірінші күні барған кезде қандай массаж жасау керек екенін 45 минут, 1 сағат отырып түсіндіріп, көрсетіп береді.
Одан бөлек, қазір ата-аналар өздері қандай да бір мейрамхана, кафелерден тамақтанса, 2-3 жастағы балаларына да сол жерден алып беріп жатады. Ол дұрыс емес деп ойлаймын. Үйде жасалған, еш қоспасыз, табиғи тамақтарға ештеңе жетпейді. Сосын дүкендерде, орталықтарда балаларға деп жасалған түрлі тәтті мен сусын да зиян екенін ұмытпасақ екен деймін.
Кішкентай сәбилерді далаға шығарып, таза ауада серуендеткен жақсы, әрине. Бірақ ол адамдар көп жиналатын қонаққа, жиындарға апару керек деген сөз емес. Ондай жерлерде жас нәрестеге инфекция жұқтырып алу қаупі жоғары болады. Кейде ата-аналар есік-терезені қымтап, үйді ыстық етіп ұстайды немесе керісінше. Қалыпты температураны ұстаған жөн. Өйткені бөлмеде жатқан бала үйде терлемей әрі тоңбай, денесі құп-құрғақ болуы керек.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Әсем БЕКТЕМІРҚЫЗЫ