Баланы еш қоспасыз, үйдегі аспен тамақтандыру қажет – Гүлнар ӘБІШЕВА, жоғары санатты балалар дәрігері

Баланы еш қоспасыз, үйдегі аспен тамақтандыру қажет – Гүлнар ӘБІШЕВА, жоғары санатты балалар дәрігері

Баланы еш қоспасыз, үйдегі аспен тамақтандыру қажет – Гүлнар ӘБІШЕВА, жоғары санатты балалар дәрігері
ашық дереккөзі
Елімізде жыл сайын маусым айының әр үшінші жексенбісінде медицина қыз­меткерлерінің мерекесі аталып өті­ле­ді. Ақ халатты абзал жандар топтасқан ме­дицинаның қай саласы болмасын қо­ғамда маңызды рөлге ие. Дегенмен, дені сау ұрпақтың қалыптасуы мен дамуы үшін тер төгіп жүрген балалар дәрігерлерінің ста­тусы әрқашан биік екені даусыз. Осы орай­да, елордадағы №1 қалалық емханасы пе­диатрия бөлімінің меңгерушісі, ба­лалар дәрігері Гүлнар Әбішева ханыммен сұхбаттасқан едік. – Осы жылды Балалар жылы­на арнап жатырмыз. Сіздің де осы салада жұмыс істеп жүр­ге­ніңіз­ге биыл 16 жыл толады екен. Соны негізге ала отырып отан­дық медицинадағы педиат­рия­ның даму өзгерістеріне тоқ­та­лып өтсеңіз. – Медицина жылдан-жылға да­мып келе жатыр. Мен алғаш еңбек жо­лымды бастаған кезбен салыс­тыр­ғанда ілгерілеушілік байқалады. Бұ­рын 300 грамм, 500 грамм болып туыл­ған науқас балаларды аман алып қалу қиынға соғатын. Қазір олар­ды стационарда вакуум әдісін қол­дану арқылы жетілдіріп, қалпына кел­тіре аламыз. Кейін реабилитация жа­сау арқылы оларды толықтай сауық­тырып алуға мүмкіндік туады. Әр перинаталдық орталықта өзде­рі­нің оңалту бөлімшелері бар. Жетіл­мей туған балаларға 3 жасқа дейін ар­найы «катамнез» деп аталатын реа­билитациялық көмек көрсетіледі. Ол үшін жылына екі рет анализдерін тап­сырып, тегін тексерілуден өтеді. Мұ­ны соңғы 10 жылдықта жеткен же­тістіктеріміздің бірі деп айтуға бо­лады. – Сіздің ойыңызша, еліміздегі ба­лалар медицинасының қазіргі жай-күйі қандай? Әлі де ақсап тұрған қандай тұсы бар? – Біздің салада ешқандай кем­ші­лік жоқ деп айта алмаймын, әрине. Көп қиындық тудыратыны – пе­диатрлар­ға жазылу арқылы жүргізі­ле­тін тексеріс. Ата-аналар алдын ала жа­зылып, көп күтіп қалады. Скри­нинг­тік қаралымнан өткенде кейбір ма­мандарға жазылмай қалса, бір күн­нен де ұзаққа созылып кетеді. Мы­салы, 1 жас, 3 жас, 6 жас кезінде хи­рург, невропатолог, окулист сияқ­ты мамандардан толық тексерістен өту керек қой. Аптаның басында 2 ка­бинеттен өтсе, қалғанынан басқа күн­дері өтуге тура келеді. Солай тек­серіс ұзаққа созылады. Бұл кішкентай ба­лалары бар ата-аналарға қолайсыз. Сол жағынан үнемі мәселе туындап жа­тады. Мұны шешу үшін көбірек ма­мандар алу керек шығар. Ал төтен­ше жағдайлар кезінде алдын ала жа­зылмай-ақ тікелей қабылдай береді. – «Адамның иммундық жүйе­сі күшті не әлсіз болып қалып­тасуы бала кезден басталады» дейді. Сәби кезінде жақсы қалан­ған иммунитет болашақтағы ауыр дерттерден аман алып қалуы мүмкін бе? Осы тұжырым қан­шалықты рас? – Негізі, баланың қалыптасуы өмір­ге келмес бұрын ұрық кезінен бас­талады. Ол дүниеге аман-сау бо­лып келуі үшін анасы денсаулығын күтуі керек. Бірінші кезекте қан, ана­лиз тапсырып, дәрігерлерге ар­найы қаралғаны дұрыс. Жүктілік кезін­де ананың гемоглобині төмен болса, сәбиіне де сол берілуі мүмкін. Ең маңызды ескеретін жайт – ба­ланы 6 айға дейін тек ана сүтімен тамақтандырған жөн. Сол кезде ол ауруға бейім бола қоймайды. Өйткені ана сүтінде аса қажетті дәрумендер мен микробиологиялық элементтер бар. – Қазір түрлі қосымша сүт са­­­­­ты­лады ғой? Анадан сүт шық­пай қалу деген жағдайлар да бо­­лып жатады. – Жалпы, мен педиатр ретінде қо­­­сымша сүттерді мүлде құпта­май­мын. Оны мүмкіндігінше қолдан­ба­ған дұрыс. Кейде біз медициналық көр­сеткіштерге қарап, туберкулезбен, он­кологиялық аурулармен ауырған жағ­дайда ана сүтін беруге тыйым сала­тын кездер болады. Әйтпесе, дені сау анада сүт шықпай қалу деген бол­мауы керек. Ондай белгілер қатты шар­шағанда, дұрыс тынықпаған жағ­дайда байқалып жатады. Сол үшін дұрыс тамақтанып, демалып, аз уа­қыт болса да таза ауада серуендеп қай­туға кеңес беремін. Себебі ана­дағы физиологиялық, психоло­гия­лық өзгерістің барлығы балаға әсер етеді. 6 айға дейін тек ана сүтімен, одан кейін ғана қосымша тамақ бере бас­тау­ға болады. – Бір жасқа толмаған баланы пе­диатрдың қарауына неше рет алып келу керек? – Соңғы қабылданған бұйрық бойынша нәресте өмірге келген соң дәрі­гер үйге 2 рет, медбике 3 рет ба­рып, сәбидің жағдайын тексереді. Со­дан кейін 1 жасқа толғанша ай сайын педиатрға келіп, қаратып тұру керек. Яғни, 1 жылда 12 рет. Жалпы, 1 жасқа дейін 3 рет вакцина салы­на­ды. Бірінші көкжөтел, сіреспе, диф­те­рияға қарсы жеңілдетілген вак­ци­на, екінші гепатит пен пневмонияға қарсы пневмококк екпесі егіледі. Ал үшін­ші ең алғашқы кезеңгі вакцина қай­талап салынады. Бұлардың бар­лығы – арнайы тексерістен өтіп, та­зартылған екпелер. Бұрын біз жаңа ғана айтып отырған жеңілдетілген вак­цинаны неврологиялық ауыт­қу­лар­мен туылатын балаларға егетінбіз. Кейін осы аурулардың алдын алу мақсатында бәріне салынатын бол­ды. Одан қарсы реакция көрсеткен кездер болған жоқ. – Вакцина салғызуға қар­сы­лық мәселесі әлі күнге дейін бір жолға қойылмады. Сіздер осы ба­­­ғытта қалай жұмыс істейсіз­дер? – Иә, ондай жағдайлар болып тұ­ра­ды. Ол кезде ата-аналарға екпе­лер­дің маңызы мен оның не үшін жүр­гізілетінін айтып «Сіздер де кіш­кен­тай кездеріңізде екпе ал­дыңыз­дар. Сіздер де балаларыңызды қорғау үшін мұны жасауларыңыз керек» деп түсіндіреміз. Қарсы болатын ата-ана­лардың көбі – діни бағыт ұстанатын жан­дар. Сосын шала туған бала­лар­дың ата-аналары сәбиінің кіш­ке­не өсіп, салмақ қосып алғанға дейін біраз уақытқа екпеден бас тартып жа­тады. Жалпы, толықтай қарсы бо­лып, шу шығарып жатқандар жоқ. – Балалар жиі шалдығатын ау­рулардың арасында ОРВИ, жел­шешек, ангина бар екен. Қа­зір ата-аналар көбіне қандай ша­­­­ғыммен келеді? – Бүлдіршіндер көбіне тұмау, сал­­қын тию сияқты жедел вирусты ин­­фекцияларын жиі жұқтырады. Жаз кезінде ішек инфекциялары өр­шіп кетеді. 2012 жылдан бері пне­в­мо­кокқа қарсы екпе салуды баста­ға­лы балалар ішінде пневмониямен ауыра­тындар саны азайды. – Емдеу-қарау шаралары ке­зін­­­де қандай балаларға жеңіл­дік­тер қарастырылған? Аутизм, Даун, тағы басқа инклюзивті ерек­шелігі бар бүлдіршіндермен пе­диатрлар қалай жұмыс істейді? – Иә, ол балаларға ерекше басым­дық­тар берілген. Үнемі кезектен тыс қа­былдауға кіріп, медициналық тек­серістерден өте алады. Емдеу ша­ра­ларына қатысты әр балаға жеке 1 жыл­дық жоспар жасалады. Мысалы, ба­лалардың церебралды сал ауруы­ның да жеңіл, орташа, ауыр деңгейлі түр­лері бар ғой. Сол ауыр дәрежедегі нау­қас балаларға оңалту шаралары жа­салмайтындықтан, үйіне барып қа­рап, медициналық көмек көрсе­те­міз. Арнайы мамандарды жібереміз. Ал жеңіл, орташа деңгейлі БЦС диаг­нозы қойылған бүлдіршіндер мін­дет­ті түрде оңалтудан өтеді. Олар жы­лы­на 2 рет, 7 күннен 10 күнге дейін жүр­гізіледі. Оның ішіне түрлі жат­тығу мен массаж кіреді. Әр емхана­ның өз оңалту орталығы бар. – Түрлі инфекцияны жұқтыру мүм­кіндігі жоғары жердің бірі – балабақша. Өйткені онда бала саны өте көп. Ата-аналар ба­ла­бақшада жиі ауырады деп ша­­­­ғымданады. Бұған не дейсіз? – Әр бала өз үйінде жеке қам­қор­лық пен күтіммен өседі. Ал олардың қо­ғамға, соцуимға араласуының ал­ғаш­қы кезеңдері балабақшада бас­талады. Менің ойымша, бүлдір­шін­дер­дің сәл нәрседен сырқаттанып, ауы­рып қалуы осы факторға байла­ныс­ты. Яғни, қашан ортаға сіңісіп кет­кенше оларда бұл процесс жүре бере­ді. – Демек, бұл жердегі әңгіме са­нитарлық талаптардан бөлек ба­ланың рухани иммунитетінің қа­лыптасуына да қатысты болып тұр ма? – Иә, меніңше, бұл – қалыпты жағ­дай. Мұны бала үйренісіп кеткен­ше бастапқы кезеңдерде құрылатын «кол­лективті иммунитет» деп атаушы едім. Ол шамамен 1 айға созылуы мүм­кін. Ал одан да ұзақ уақыт, жиі ауы­ратын болса, баланы міндетті түр­д­е дәрігердің қарауына әкелген дұрыс. – Балаға суық тиіп, іші, тісі ауыр­ған жағдайда қойдың майы­мен сылау, ешкі сүтін беру сияқ­ты дәстүрлі ем-дом тәсілдерін қол­дануды қаншалықты құптай­сыздар? Жалпы, медицинада мойындалған қандай халықтық ем-дом түрлері бар? – Мұны өзім аса құптамаймын. Не­гізі, баланы қойдың майымен сы­лауға болмайды. Клеткалары енді ғана қалыптасып келе жатқан денеге ол майды жақса, тері тесіктері біте­ліп, бала одан сайын тұншығады. Ал еш­кі сүті ана сүтіне ешқашан тең ке­ле алмайды. Өйткені ол кішкентай нәрестенің ішек жолдарын зақым­дайды. – Бала организмінің фи­зио­логиялық, гигиеналық қалып­тасуы барысында ата-аналар қан­­дай қателіктер жіберуі мүм­кін? – Кей аналар қаржылық қиын­дық­тарға байланысты жұмысқа ер­терек шығып кетіп жатады. Сондай кез­дерде баланы уақытылы емізу, жуын­дыру, далаға алып шығу сияқты мін­деттер орындалмай қалуы мүм­кін. Мысалы, нәрестелер арасында кез­десетін рахит деген науқас түрі бар. Сол үшін де күзде туылған бала­лар­ға Д3 дәруменін беруге кеңес бере­міз. Яғни, 1 жасқа дейін де, кейін де оларды педиатрға әкеліп тексертіп тұру керек. Жаңа туған сәбидің қыр­қынан шыққанша денесінің құры­сып қалмауы үшін арнайы мас­саж көмектесетінін бәріміз білеміз ғой. Оны әр үйдің үлкендері, апа, әже­лері жасап жатады. Ал олар бол­май қалған жағдайда бізде арнайы профилактикалық кабинеттерде нәрестелерді қарап, кеңесімізбен бөлі­семіз. Немесе педиатрлар бірінші күні барған кезде қандай массаж жа­сау керек екенін 45 минут, 1 сағат отырып түсіндіріп, көрсетіп береді. Одан бөлек, қазір ата-аналар өз­дері қандай да бір мейрамхана, ка­фелерден тамақтанса, 2-3 жастағы ба­­лаларына да сол жерден алып бе­ріп жатады. Ол дұрыс емес деп ой­лаймын. Үйде жасалған, еш қос­пасыз, табиғи тамақтарға ештеңе жет­пейді. Сосын дүкендерде, орта­лық­тарда ба­лаларға деп жасалған түрлі тәтті мен сусын да зиян екенін ұмытпасақ екен деймін. Кішкентай сәбилерді далаға шы­ғарып, таза ауада серуендеткен жақ­сы, әрине. Бірақ ол адамдар көп жи­налатын қонаққа, жиындарға апару керек деген сөз емес. Ондай жерлерде жас нәрестеге инфекция жұқтырып алу қаупі жоғары болады. Кейде ата-аналар есік-терезені қымтап, үйді ыс­тық етіп ұстайды немесе керісінше. Қа­лыпты температураны ұстаған жөн. Өйткені бөлмеде жатқан бала үйде терлемей әрі тоңбай, денесі құп-құрғақ болуы керек. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Әсем БЕКТЕМІРҚЫЗЫ