Шалғай ауылдарға назар аударып келеміз – Азамат Біржанов

Шалғай ауылдарға назар аударып келеміз – Азамат Біржанов

Шалғай ауылдарға назар аударып келеміз – Азамат Біржанов
ашық дереккөзі
«AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдаулары Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарына барды деп хабарлады turkystan.kz. Партия мүшелері Маңғыстау облысына қарасты Бостан, Оңды, Тұщыбек, Жыңғылды, Дәулет, Атамекен және Жетібай сияқты барлығы 7 ауылды аралап шықты. Солайша, қабылдауға бір күнде 12 шалғай елді мекеннен 160-тан астам азамат келіп, түйткілді мәселелерімен бөлісті. Мәселен, Қарақия ауданынына қарасты Бостан ауылының тұрғындары ауылдағы жол мен ауыз су жайын ортаға салды. Жергілікті азаматтардың айтуынша, электр мәселесі де мәз емес.
«Бүгінде бізге электр тоғының әлсіздігі күрделі мәселе болып тұр. Әсіресе жаз мезгілінде көп қиындық туғызады. «Маңғыстау өңірлік электротораптық компаниясы» АҚ қарамағындағы үйлерде вольт күші төмендейді. Қосымша трансформаторлық қосалқы станса орналастырса жақсы болар еді», – деді ауыл тұрғыны Нұрлан Сағындықов.
 width=Ауыл тұрғындарының бірі Руслан Шамкелов интернет байланысының сапасына шағымданды.
«Интернетті пайдалану қиындық туғызады, өйткені жылдамдық айтарлықтай төмен. Қазақтелекомнан бізге байланыс желісі тіректерін орнатуын сұраймыз», – деді ол.
Ал Маңғыстау ауданына қарасты Оңды ауылында азаматтар мал мен ауыл шаруашылығын субсидиялауды сұраса, жергілікті тұрғын Тілек Нұртілеуов көрші Бекі ауылында мектеп жоқ екенін айтты. Мұның барлығын партия мүшелері өз бақылауларына алатынын жеткізді. Осы күні «AMANAT» мобильді бригадалары Батыс Қазақстан облысының шалғай елді мекендерінің тұрғындарын да қабылдады. Партиялықтар Долинское, Жарсуат, Қарауылтөбе, Ақбұлақ және Макарово ауылдарында болды. Бөрлі ауданының Жарсуат ауылындағы тұрғындар жедел жәрдем көлігіне жүргізуші қажет екенін алға тарта отырып, балабақшадағы орын жетіспеушілігін шешу мен «Подстепное-Елек» халықаралық тас жолынан ауылға дейінгі 7 шақырым жолға жөндеу жұмыстарын жүргізу керектігін айтты. Бұл ауылда да электр қуаты мәселесі ақсап тұр екен.
«Неліктен ауа-райының құбылмалығына тәуелді болып, жел сымдарды үзіп кететін-кетпейтінін өзіміз болжап білуіміз керек? Біз электр беру желілері мен тірек бағаналарын ауыстыруды көптен бері сұрап келеміз. Өйткені қазір барлығы жартылай орындалып, жартылай аяқсыз қалады», – деді ауыл тұрғыны Марат Садықов.
 width=«AMANAT» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Азамат Біржановті мобильді топтардың басты міндеті – тұрғындардың түйінді мәселелерді алға тартып келуін күту емес, оларға өздері бару екенін атап өтті.
«Біз еліміздің 14 өңірін қамтыдық. Партияның облыстық не аудандық филиалына бара алмайтын шалғай ауылдарға ерекше назар аудардық. Небәрі 4 ай ішінде біз 578 ауылда 4717 азаматты қабылдадық», – деді Азамат Біржанов.
«AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне жыл басынан бері 65 мыңнан астам адам жүгінген. Тұрғындарды негізінен әлеуметтік қамсыздандырудың 30 пайызы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың 16 пайызы, тұрғын үймен қамтамасыз ету және жер учаскелерін бөлудің 11 пайызы толғандырады екен.