Шалғай ауылдарға назар аударып келеміз – Азамат Біржанов
Шалғай ауылдарға назар аударып келеміз – Азамат Біржанов
«AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдаулары Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарына барды деп хабарлады turkystan.kz.
Партия мүшелері Маңғыстау облысына қарасты Бостан, Оңды, Тұщыбек, Жыңғылды, Дәулет, Атамекен және Жетібай сияқты барлығы 7 ауылды аралап шықты. Солайша, қабылдауға бір күнде 12 шалғай елді мекеннен 160-тан астам азамат келіп, түйткілді мәселелерімен бөлісті.
Мәселен, Қарақия ауданынына қарасты Бостан ауылының тұрғындары ауылдағы жол мен ауыз су жайын ортаға салды. Жергілікті азаматтардың айтуынша, электр мәселесі де мәз емес.
«Бүгінде бізге электр тоғының әлсіздігі күрделі мәселе болып тұр. Әсіресе жаз мезгілінде көп қиындық туғызады. «Маңғыстау өңірлік электротораптық компаниясы» АҚ қарамағындағы үйлерде вольт күші төмендейді. Қосымша трансформаторлық қосалқы станса орналастырса жақсы болар еді», – деді ауыл тұрғыны Нұрлан Сағындықов.
«AMANAT» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Азамат Біржановті мобильді топтардың басты міндеті – тұрғындардың түйінді мәселелерді алға тартып келуін күту емес, оларға өздері бару екенін атап өтті.
«Біз еліміздің 14 өңірін қамтыдық. Партияның облыстық не аудандық филиалына бара алмайтын шалғай ауылдарға ерекше назар аудардық. Небәрі 4 ай ішінде біз 578 ауылда 4717 азаматты қабылдадық», – деді Азамат Біржанов.
«AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне жыл басынан бері 65 мыңнан астам адам жүгінген. Тұрғындарды негізінен әлеуметтік қамсыздандырудың 30 пайызы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың 16 пайызы, тұрғын үймен қамтамасыз ету және жер учаскелерін бөлудің 11 пайызы толғандырады екен.