Жаңалықтар

Жамбыл қаласында ірі жол апаты болды

ашық дереккөзі

Жамбыл қаласында ірі жол апаты болды

Тараз қаласы бағытында келе жатқан Scania жүк көлігінің тіркемесі өздігінен өртеніп кетті деп хабарлады turkystan.kz. Оқиға бүгін таңғы сағат 03.00-де Батыс Еуропа-Батыс Қытай автожолының 544-шақырымында болған. Жергілікті Полиция департаментінің мәліметінше, өрт жол қозғалысына кедергі келтіргендіктен, автокөліктер тоқтатылған. «Артынша, сағат 03.40 кезінде жанып жатқан тіркемеге 550-600 метр жетпей, DAF жүк көлігі тоқтап тұрған 10 көлікті қағып кетті. Олардың қатарында 2 жолаушы автобусы мен 8 жеңіл автокөлік болған. Бұл соқтығысудан кейін 4 автокөлік өртеніп, Toyota camry жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Ал 9 адам түрлі жарақатпен қалалық ауруханаға жеткізіліп, оның ішінде 3 адам жан сақтау бөліміне жатқызылды», – деп айтылған хабарламада. Аталған дерекке қатысты қажетті сараптамалар дайындалып, ҚК 345-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Жамбыл облыстық Полиция департаменті апаттардың алдын алу шаралары жүргізіліп жатқанына қарамастан, жүргізушілер жол қозғалысы ережелеріне мән бермейтінін айтады. Әйтпесе осы автожолдың 554-шақырымында «Жүк көліктерінің қозғалысына тыйым салынады» деген жол белгісі орнатылған екен. Яғни, Күйік асуы арқылы жүруге болмайды. Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлованың айтуынша, жүк көлігі жүргізушілері жол белгілері талаптарын елемейді. Бұл осындай қайғылы жағдайларға жиі әкеп соғады. Осы оқиғаға байланысты Жамбыл облысы әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасы 12 адамның зардап шеккенін хабарлады. Оның 2-еуі жолда өтіп бара жатқан автокөлікпен Жуалы аудандық ауруханасына, 10-ы Тараз қалалық көпбейінді ауруханасына жеткізіліпті.