Жаңалықтар

«AMANAT» МЕДИА СЫЙЛЫҒЫ – мамандыққа адалдық - Ринат Кертаев

ашық дереккөзі

«AMANAT» МЕДИА СЫЙЛЫҒЫ – мамандыққа адалдық - Ринат Кертаев

«AMANAT» партиясы БАҚ қызметкерлері күніне орай «AMANAT» МЕДИА СЫЙЛЫҒЫ байқауын өткізбек. Дәстүрлі байқауды өткізу туралы ақпарат 19 мамыр күні ресми жарияланған еді. Күн сайын байқауға қатысуға ниет білдіргендер саны көбейіп келеді. Бұл дәстүрлі сыйлықтың бұрынғыдан ерекшелігі қандай? Қандай номинациялар бар? Партия байқау өткізуде қандай мақсат-міндет жүктеп отыр? Осы орайда, біз «AMANAT» партиясының хатшысы Ринат Думанұлымен тілдескен едік. – Ринат Думанұлы, «AMANAT» МЕДИА СЫЙЛЫҒЫ берілетін күн де алыс емес. Бұл сыйлықтың маңызы қандай? Мақсат-міндеті ше? - Иә, «AMANAT» партиясы жыл сайынғы дәстүр бойынша БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында журналистер арасында байқау жариялап отыр. Біз байқау туралы 19 мамыр күні ресми түрде хабарлаған едік. Журналистердің жұмыстарын қабылдауды бастап кеттік. Ол 20 маусымға дейін жалғасады. Сондықтан «байқауға қатысамын» деген барлық журналисті тездетіп өз жұмыстарын бізге жіберуін сұраймыз. Себебі уақыт аз қалды. Ал «AMANAT» МЕДИА СЫЙЛЫҒЫНЫҢ мақсат-міндеті бірнеше бағытты қамтиды. Біріншіден, медиа мен тәуелсіз БАҚ – кез келген қоғамның даму көрсеткіштерінің бірі. Мысалы, дамыған елдерді алатын болсақ, осыған көз жеткізуге болады. Еліміз осы бағытты ұстанып, бұл салада да өте жоғары стандарттарға ұмтылып отыр. Сол себептен де «AMANAT» партиясы осы құндылықтарды қолдаушы елдегі ең үлкен қоғамдық ұйым ретінде бұл іске өз үлесін қосуы – заңдылық. Яғни, біз «AMANAT» МЕДИА СЫЙЛЫҒЫ медиа мен тәуелсіз және кәсіби бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына ықпал етеді деген ойдамыз. Екіншіден, қай салада болмасын, кез келген маманның еңбегін бағалау қажет. Бұл шығармашылық жұмысқа жататын журналистикада тіпті маңызды. Атқарылған еңбектің, шығармашылық ізденістің лайықты бағасын беру, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» үздіктерді анықтау кәсіби журналистиканың дамуына өз үлесін қосары сөзсіз. Үшіншіден, қазір жас журналистердің көзқарасы, кәсіби шеберлігі осы салаға жаңашылдық алып келеді, оның дамуына тікелей ықпал етеді. Медиа сыйлықтың алдына қойған үлкен мақсаттарының бірі – дәл осы жас мамандардың белсенділігін арттырып, олардың арасынан үздіктерді анықтау. Байқауға қатысу үшін бізге жас авторлардан да көптеген жұмыс келіп жатыр. Бұл бізді қуантып отыр. Төртіншіден, бұл іс-шара дәстүр сабақтастығы мен медиақатынастарды, осы саладағы ортақ синергияны күшейтеді деген үміттеміз. Бұл әсіресе ақпараттық кеңістікті күшейту, сапалы контент жасау, ақпараттық тәуелсіздіктен арылу сияқты мәселелерде өте өзекті. Қорыта айтқанда, «AMANAT» МЕДИА СЫЙЛЫҒЫНЫҢ маңызы да осында. - Номинациялар туралы кеңірек айтып өтсеңіз. Партиялық премияның биылғы жаңашылдығы не болмақ? - Биылғы премияда номинациялар жанрлық сипатта емес, тақы­рыптық бағытта алынып отыр. Яғни, үздік телебағдарлама немесе үздік ма­қала дегеннің орнына өзекті тақырыпқа сай жасалған кез келген журналистік материал оза шауып, бәйге алуы мүмкін. Бұл жерде жанрдың маңыздылығынан гөрі көтерілетін мәселенің өзектілігі болмақ. Ол белгілі бір тақырыптың зерттелуіне, толық ашылуына және қалың бұқараға жетуіне берілетін баға. Бұл байқаудың ауқымын кеңейтіп, оның мазмұндық жағын күшейте түседі деген ойдамыз. Биыл «AMANAT» МЕДИА СЫЙЛЫҒЫ 10 номинация бойынша беріледі. Бірінші номинация – «Жаңа Қазақстанды» құру туралы үздік материал, екінші – «АМАNAT» партиясының трансформациясы туралы үздік материал, үшінші – әлеуметтік мәселеге арналған үздік материал, төртінші – аймақ туралы үздік материал, бесінші – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығына орай осы тақырыптағы үздік материал, алтыншы – жастар туралы үздік ма­териал, жетінші – рухани және мәдени дамуға арналған үздік материал. Және осы жетеуіне қоса тағы үш арнайы сыйлық тағайындап отыр­мыз. Олар: Ахмет Байтұрсынұлы атын­дағы «Сөз зергері» сыйлығы, Шерхан Мұртаза және Камал Смайылов атындағы «Телевизия үздігі» сыйлығы және белсенді азаматтық ұстанымы үшін берілетін сыйлық. Номинацияларға қысқаша тоқталар болсақ. Жаңа Қазақстан – еліміздегі басты саяси идея, басты саяси платформа. Бұған қоса, «AMANAT» партиясының трансформациясы да саяси жүйедегі өте маңызды процесс. Сонымен қатар әлеуметтік мәселені де назардан тыс қалдырмай, оған да бөлек номинация белгіледік. Себебі әлеуметтік мәселелер – қоғамдағы басты сауалдардың бірі. Биыл сондай-ақ аймақ тынысына да жете көңіл бөліп отырмыз. Ол өз кезегінде еліміздің түкпіртүкпіріндегі журналистердің белсенділігін арттырып, олардың жұмыстарын бүкіл ел көлемінде насихаттауға мүмкіндік бермек. Жасыратыны жоқ, үлкен, республикалық деңгейдегі байқауларға көбінесе орталықтағы БАҚ өкілдері қатысып, жүлделі орын мен марапаттың көбін солар иемденіп жатады. Бұл номинацияның міндеті де жержердегі таланттарды бәйгеге қосып, үздіктерді анықтау. Біз осы жайтты ескеріп, аталған бағытқа ерекше мән беріп отырмыз. Сонымен қатар биыл өздеріңіз білетіндей, мемлекеттік рәміздердің 30 жылдық мерейтойы. Оған өз алдына бөлек номинация белгіленді. Ол патриоттық бағытта, елдік, егемендік деген тақырыпта қалам тербейтін шеберлерді ынталандыру деуге болады. Қазір ақпараттық кеңістікте осы бағыт ерекше қолдауды қажет етеді деп санаймыз. Және жастар туралы үздік материалға да бөлек бәйге тігіп отырмыз. Себебі жастарды әрдайым қолдап, ынталандырып отыру қажет. Ал енді халқымыз үшін қасиетті саналатын жеті деген санмен дәл кел­ген номинация – Рухани және мәдени дамуға арналған үздік материал деп белгіленді. Бұл бағыт бойынша да майталман журналистер бақ сынап, ең мықтысы жүлделі болады деп сенеміз. Сондай-ақ биыл – Ахмет Байтұр­сынұлының 150 жылдығы, Камал Смайылов пен Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойы. Сондықтан қазақтың біртуар тұлға­ларының атындағы екі жүлде та­ғайын­дап отырмыз. Оны Ахмет Бай­тұрсынұлы атындағы «Сөз зер­гері» сыйлығы және тоғызыншы номинация Шерхан Мұртаза мен Камал Смайылов атындағы «Теле­дидар үздігі» сыйлығы деп бекіттік. Бұл тізімді медиасферада белсенді азаматтық ұстанымы үшін берілетін арнайы жүлде түйіндеп тұр. Тағы бір айта кетерлік мәселе – биыл бір номинация ғана партияның жұмысына арналып отыр. Ол партияның трансформациясы, өзгеру процесі туралы үздік материалға беріледі. Мұны биыл енгізіліп отырған басты жаңалықтардың бірі деуге болады. Партияның қызметі туралы жазатын журналистердің материалдарына қарап, бізге өз жұмысымыздың жүру барысын білуге, оған беріліп жатқан бағаны көруге, яғни кері байланыс орнатуға мүмкіндік табамыз. Сондықтан бұл но­минацияның да маңызы зор, орны бөлек. Сондай-ақ қазір біздің партиялық жүйеде үлкен өзгерістер бар. Конституциялық реформадан кейін партиялық белсенділік, жаңа пар­тиялардың құрылуы сияқты үрдістер жүріп жатыр. Осындай кезде саяси бірлестіктер туралы жазатын, қоғам­дық ұйымдардың қызметіне баға беріп, талдау жасай алатын журналистердің рөлі күшейе түседі деген ойдамын. Бұл – журналистикадағы ең үлкен бағыттардың бірі. Ол саяси білімді, сараптамалық қабілетті талап етеді. Сондықтан бұл номинацияның аясы өте кең және тек журналистік ортамен шектелмейді. Номинациялар тізімінен, ондағы партия қызметіне қатысты бір ғана бағыттың қалуынан медиа сыйлықтың да өзгеріп, трансформацияға түскенін байқауға болады. Биылғы премия партиялық сыйлықтан гөрі жалпыұлттық деңгейдегі қоғамдық марапатқа қарай өзгерді. - Журналистерден түсіп жатқан жұмыстар көп пе? Байқауға қатысушылардың белсенділігі қалай? – Байқауды жариялап, ел ішіне хабар таратқан күннен бастап-ақ журналистер өз жұмыстарын жіберіп, ұйымдастыру комитетімен хабарласып жатыр. Телефон арқылы аймақтардан байланысқа шығып, номинациялар туралы, байқауға қатысудың реті туралы сұрап жатқан азаматтар өте көп. Қазірдің өзінде біршама жұмыс келіп түсті. Журналистер өте белсенді. Бәсеке жоғары болады деуге негіз бар. Бұл – қуантарлық жайт. Қазір біздің мамандар байқауға қатысушылардың жұмыс­тарын жинап жатыр. Ол маусым айы­ның 20-сына дейін, дәлірек айтсақ, 19 маусымда сағат 00:00-ге дейін жалғасады. Байқауға қатысам деушілер барлық ақпаратты партияның сайтынан ала алады.