Тәуелсіздіктің толағай табыстары

Тәуелсіздіктің толағай табыстары

Тәуелсіздіктің толағай табыстары
ашық дереккөзі
Жаһанда болып жатқан қиындықтарға қарамастан біздің елдің белі бекем.Қазақстан 2050 жылға дейін дамыған 30 елмен үзеңгі қағыстыруды көздейді. Бұл үшін Үкімет арнайы стратегиялық жоспар түзді. Өйткені әлемдік нарыққа үкім айтқан бұл отыздықтың екпін-тегеуріні әлсіз емес.  Айқын жоспар болмаса, құйғытып қуып жеткенмен, ащы тері алынбаған сәйгүліктей алқынып қалуымыз мүмкін.

25 жылда 60 триллион теңге инвестиция тартылды

  Осыдан жеті жыл бұрын ел экономикасының даму арнасы өзгерді. Үздік отыздықтың тəжірбиесін ескеріп, индустрияландыруға бет бұрдық. Үкімет индустриялық-инновациялық бағдарламаның тағы бір жылын түйіндеді. Нəтижесі қуантарлықтай. Биыл 179 млрд теңгенің 63 жобасы іске қосылып, 4 мыңнан аса адам тұрақты жұмыспен қамтылған.  Индустрияландыру бағдарламасының аяқ-алысы, тұрысы мен жүрісі Елбасының жеке бақылауында. Жыл сайын Президенттің қатысуымен жалпыұлттық телекөпір өтеді. Ірі-ірі кәсіп­орындар ашылады. Биыл да солай. Тəуелсіздіктің мерейтойы қарсаңында елдің қиыр-қиырында инновациялық өндірістердің тұсауы кесілді. Ел экономикасын ілгерілетіп, өндірістік инфрақұрылымды жақсартуда, жаңа технологиялы өндірістер құруда, негізгі қорларды жаңғыртып, кәсіпорындарды техникалық жағынан қайта жарақтандыруда шетел инвестицияларын тартудың маңызы өте зор. Қазақстанда бұл міндет тәуелсіздік алған жылдардан бері өз шешімін тауып келеді. Кейбір деректерге қарағанда, тәуелсіздік жылдары ішінде елімізге 255 миллиард доллар тікелей шетел инвестициялары тартылған. Бизнес ахуалы неғұрлым қолайлы елдердің әлемдік рейтингінде республика 183 елдің ішінде 47-ші орын алады. Шетел инвестициялары үшін туғызылған қолайлы жағдайлардың арқасында бүгінде Қазақстанда жан басына шаққандағы инвестициялар шамамен 1,3 мың долларды құрап, ТМД елдері арасында көш бастаушылар сапында тұр. Елімізге инвестициялар тартуда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық жоғары беделінің, сондай-ақ, елдегі саяси тұрақтылықтың үлкен рөл атқарғанын да айта кету орынды. Оған Елбасының шетелдерге ресми сапарлары барысында көптеген халықаралық келісімдерге қол қойылуының өзі-ақ дәлел болады. Жалпы, Тәуелсіздік жылдары елімізге тартылған тікелей шетелдік инвестиция 227 миллиард АҚШ долларына жеткен. 2010 жылы басталған Индустрияландыру бағдарламасы бізге инвестицияның құрылымын өңдеу өнеркәсібі секторының пайдасына өзгертуге мүмкіндік берді. Өңдеу өнеркәсібіндегі шетелдік инвестициялардың 70 пайызы Индустрияландыру бағдарламасының бірінші бесжылдығын іске асыру жылдарына дәл келді. Сол сәттен бастап 30-ға жуық ірі инвестор өңдеу өнеркәсібі бойынша жұмыстарын жолға қойып, бизнестерін жүргізді. Ал соңғы жылға тоқталар болсақ, 2016 жылдың 1 тоқсанында жалпы тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 4,3 млрд долларды құрады. 2016 жылдың 1 жартыжылдығында жалпы тікелей шетелдік инвестиция ағыны 9,3 млрд долларды құрады және өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 25,8 пайызға өскенін көріп отырмыз. Сонымен қатар, негізгі капиталға салынған инвестициялар оң серпінді сақтап тұр. 2016 жылдың 7 айында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 6,3 пайызға өсті. Бұл өсім көрсеткіштерінің артуы Қазақстандағы инвестициялық климаттың жақсаруына тікелей байланысты. Инвестициялық ахуалды жақсарту және инвестициялар тарту біз үшін басым бағыттардың бірі болып қала береді. Елде инвестициялық ахуалды жақсарту мен әкімшілік тосқауылдарды қысқартуға бағытталған бірқатар жаңа заңнамалық бастамалар қабылданды. Инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында Қазақстан 19 басым елдер үшін біржақты тәртіппен визасыз режим енгізді. Сонымен қатар, 2017 жылдан бастап визасыз режимге енгізілетін елдердің тізімін қосымша 35-ке дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Министрлікте Инвесторларға қызмет көрсету орталығы мен Call-орталығы жұмыс істейді. Қазақстан бойынша «Азаматтар үшін Үкімет» мемлекеттік корпорациясының жанында инвесторларға қызмет көрсетудің 19 секторы жұмыс атқаруда. Қазіргі уақытта «Бір терезе» қағидаты бойынша 3500-ден астам инвестор кеңес алды, 33 000-ға жуық мемлекеттік қызметтер берілді. Енді, 2017 жылы инвесторлар кеңестер мен мемлекеттік қызметтерді «online» режимінде алатын болады.

Теміржол саласындағы тың жобалар

Қазақстаның аймақтары арасында ішкі коммуникацияны қамтамасыз ету, экспорттық және транзитті потенциалды ұлғайту үшін шамамен 2 500 шақырымдай жаңа теміржол салынды. Атап айтсақ, 2001 жылы Павлодармен Семейді қосқан 187 км «Ақсу –Дегелең» теміржол желісі, 2004 жылы Қостанай мен Ақтөбені жалғаған 404 км «Хромтау – Алтынсарин» теміржол желісі, 2008 жылы шығыс аймақтарды 150 км болатын «Шар – Өскемен» теміржол желісі, 2012 жылы Батыс Қазақстаннан Парсы шығанағына дейін Түркіменстан және Иран арқылы тікелей бағдарды қамтамасыз ететін 146 шақырым «Өзен – Түркіменстанмен Қазақстан Республикасы мемлекеттік шекара» теміржол желісі, 2012 жылы Қытайдан Қазақстанның Оңтүстік аймақтарына дейін және Орталық Азияға дейін 550 шақырым ара қашықтықты қысқартқан 293 шақырым «Жетіген – Қорғас» теміржол желісі, 2014 жылы орталық Қазақстаннан солтүстік аймақтарға дейін 540 шақырым ара қашықтықты қысқартқан «Арқалық – Шұбаркөл» теміржол желісі салынды. Сонымен қатар, 2014 жылы Қытайдан Еуропаға 1 200 шақырым арақашықтығы қысқартқан 1036 шақырым «Жезқазған – Бейнеу» теміржол желісі, 2015 жылы Құрық портын магистралдық теміржол желісімен қосқан ұзындығы 14 шақырым «Боржақты – Ерсай» теміржол желісі де салынды. Бұдан бөлек, жолаушыларды тасымалдайтын вагондар жаңартылып, жүрдек по­йыздар іске қосылып жатыр. Мұның барлығы біріншіден елдің экономикасын еселеп, халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар. Бұл жұмыстардың басында әрине, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұр. Президенттің нақты тапсырмаларын жүзеге асырудың нәтижесінде ауқымды істер атқарылуда.

Күрежол – экономиканың алтын діңгегі

2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық дамудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ұзақтығы 7 мың шақырымнан астам 11 автожол жобасының іске асырылуы қарастырылған. Бұл жобалар бүгінгі таңда қарқынды жүзеге асырылуда. Жол құрылыс жұмыстарының қарқынды жүруінің нәтижесінде бүгінгі күні Астана-Теміртау, Астана-Павлодар, Алматы-Қорғас, Ташкент-Шымкент, Алматы-Қапшағай-Талдықорған, Көкшетау-Петропавл және Бейнеу-Шетпе учаскелерінде 920 шақырым асфальт-бетон және цемент-бетон жамылғысы салынды. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай және Көкшетау-Петропавл қалалары учаскелерінде жол қозғалысын толық ашу жоспарланған. Биыл «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 75 мың жұмысшы тартылған 8 автожол жобалары іске асырылуда. Жалпы, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыстар бұдан әрі де жалғасатын болады. Сонымен қатар, Павлодар қаласында ұзындығы 12 шақырым болатын Ертіс өзені арқылы өтетін көпір өткелін және Қостанай қаласында Тобыл өзені арқылы өту көпірін пайдалануға беруге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек ұзақтығы 2 787 шақырым болатын «Батыс-Еуропа – Батыс Қытай» жобасы аяқталуға жақын. Биыл жыл соңына дейін жобаның Қазақстан территориясындағы учаскелері толық пайдалануға беріледі.

Азаматтық авиацияның жетістіктері

ҚР ИДМ медиа-орталығында Қазақстандық авиакомпаниялардың Еуропалық одақтың Ұшу қауіпсіздігі тізімінен шығарылуы мәселелеріне арналған брифинг болып өтті. Журналистермен ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Бекен Сейдахметов және қауіпті жүктер бойынша мемлекеттік авиациялық бас инспектор Жанат Әбдіғалымов кездесті. ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің елде ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін көтеру бойынша жүргізген және кешенді іс-шараларды жүзеге асырудың нәтижесінде Еуропалық комиссия 2016 жылдың 8 желтоқсанында отандық әуекомпанияларды Еуроодақ елдеріне ұшу шектеуін алып тастау шешімін жариялады. Аталмыш шешім Брюссельде өткен Еуропалық комиссияның Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі комитеттің қорытынды отырысында қабылданды. Министрлік делегациясы қатысқан отырыста елдегі ұшу қауіпсіздігі жағдайлары туралы ақпараттар берілген болатын.  Онда Еуропалық комиссия ескерткен кемшіліктерді жою  бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы даму бағыттары жайында айтылды. Биыл ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті ұшуды пайдалану саласындағы ескертпелерді жойып, Қазақстанда ИКАО стандарттарын енгізу деңгейі 74 пайызға көтерілді.  Сонымен бірге биыл 19-23 қыркүйекте Еуропалық комиссия біздің елдегі ұшу қауіпсіздігіне техникалық бағалау жүргізді. Соның нәтижесінде Қазақстан өзінің ИКАО стандарттарын енгізудің тиімділік деңгейін растады. Айта кету керек, Қазақстаннан алынып тасталған шектеу отандық әуе компанияларының Еуропаға ұшуына мүмкіндік береді. Өз кезегінде, Еуропа одағы елдеріне ұшуға ниетті әуекомпаниялар пайдаланушы үшінші елдердің (TCO) рұқсатын алу үшін Ұшу қауіпсіздігі бойынша Еуропалық агенттіктің (EASA) аудитінен міндетті түрде өтетін болады. Министрлік жалпы авиация саласын әлемдік көшбасшылардың көрсеткіштеріне сәйкестендіру жұмыстарын жалғастырады. Саланы одан әрі дамыту Президент Жарлығымен бекітілген 2020 жылға дейінгі Қазақстан Республикасының көлік инфрақұрылымы жүйесі интеграциясы мен мемлекеттік даму бағдарламасында айқындалған. Онда 2020 жылға дейін еуропалық стандарттарды енгізу қарастырылғаны белгілі. Қазақстан оған дейін ИКАО стандарттарын енгізу көрсетікштерін 87 пайызға арттырып, Италия, Нидерландтар, Чехия және басқа да Еуропа елдері сияқты әлемдік мықты 30 ел авиациясының қатарына кіруді жоспарлап отыр. Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздікті алған сәттен бастап еліміздің негізгі экономикалық және салалық көрсеткіштері өсу және төмендеу түріндегі маңызды өзгерістерге ұшырап отырды. Мысалы, азаматтық авиация саласында 1991-1999 жылдардағы өтпелі кезеңде Қазақстандағы әуе көлігімен тасымалданатын жолаушылар саны 10 есеге қысқарды. 2003-2007 жылдары белсенді экономикалық өсім кезеңінде әуе жолаушыларын тасымалдау 108 пайызға өссе, 2007-2008 жылдары ғаламдық қаржылық дағдарыс Қазақстан авиакомпанияларының жолаушыларды тасымалдау өсімін қысқартқан жоқ. 2009 жылдары экономикалық өсімнің жаңғыруы авиажолаушылар тасымалын қайтадан ұлғайтты. Соңғы 5 жылда қазақстандық авиакомпаниялар жыл сайын тасымалдаған жолаушылар саны 44 пайызға, яғни 4,1-ден 5,9 млн адамға дейін өсті. Қазақстан әуежайлары қызмет көрсеткен жолаушылар саны бойынша оң динамика байқалып отыр. Осы орайда тағы бір айта кететін жайт, 2015 жылы Астана мен Алматы әуежайлары қызмет көрсеткен жолаушылар саны бойынша ТМД-ға мүше-мемлекеттердің ірі халықаралық әуежайлар ондығына кірді (Алматы әуежайы – 6 орын, Астана – 10 орын). Бұл саланың едәуір дамығанын көрсетеді. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан әлемнің ірі қалаларымен және әлемнің халықаралық қаржы орталықтарымен әуе қатынастарын ашу бойынша белсенді жұмыс жүргізді. Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде 36 шетелдік мемлекетпен әуе қатынасы саласында үкіметаралық келісім жасасты. Бүгінгі күні әлемнің 24 шетелдік мемлекетімен (Франкфурт, Лондон, Вена, Париж, Сеул, Абу-Даби, Дубаи, Пекин, Стамбул, Үрімші, Сиань, Бангкок, Шарджа, Минск, Мәскеу, Новосибирск, Екатеринбург, Омбы, Санкт-Петербург, Томск, Баку, Ташкент және т.б.) аптасына 410 рейс орындалатын 83 халықаралық бағыт ашылған. Қазақстан ТМД елдерімен – 47 бағыт, Еуроодақ елдерімен – 8, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен – 13, Таяу Шығыс елдерімен – 15 бағыт бойынша әуе қатынасын орындайды.

Айдынға әсемдік берген жүк кемелері

Осыдан екі жыл бұрын Ақтау портынан «Түркістан» құрғақ жүк кемесі сапарға шыққанда қуанбаған адам кемде-кем. Кеме екі күн жол жүріп, Каспий жағалауындағы порттың біріне аялдады. Он адамнан тұратын экипажды капитан Дмитрий Нестратов басқарады. «Түркістан» кемесінен кейін «Бекет ата» кемесіне жүк тиелді. Ол да бес мың тонна жүк тасиды. Бұл құрғақ жүк тасымалдайтын кемелерді «ҚТЖ» ҰК» АҚ еншілес кәсіпорны «KTZ Express» 2013 жылы желтоқсанда сатып алған болатын. «KTZ Express» Қазақстанның теміржол, әуе жолы, теңіз жолы кәсіпорындарының арасында мультимодальдық операторлық қызметін атқарады. Құрғақ жүктер, оның ішінде астық өнімдері, ағаш, металл бұйымдары, металл сынықтары, ірі және ауыр құрғақ жүктер Ақтаудың теңіз портына теміржол арқылы жеткізіледі. 2013 жылы желтоқсанның 20-сында Қазақстан Президенті тікелей телекөпір кезінде отандық кемелерді «Түркістан» және «Бекет ата» деп атауды ұсынған болатын. Биылғы жылдың 10 қаңтарында «Бекет ата» мен «Түркістан» ҚР халықаралық регистріне №1 және №2 кемелері болып тіркеліп, оларда Қазақстан туы көтерілді. Бұйыртса, бұл кемелер Ақтау порты арқылы 2014 жылы 300 мың тонна жүк тасымалданады деген жоспардың 15 пайызын қамтиды деген үміт бар. Ол «Қазақстандық жүк – қазақстандық порт – қазақстандық флот» тәртібімен жүргізіледі. Ал кемелердің атауын Президент 2013  жылы желтоқсанда өткен телекөпірде белгілеген болатын. «Ат қою – оңай шаруа емес, ол өте үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Өйткені кез келген істің болашағы – оның  басталуына тікелей байланысты. Қазір ат қойғалы жатқан отандық өнімдер – еліміздің болашағы үшін қызмет етеді. Сондықтан, қарсы болмасаңыздар, кемелердің біріне қасиетті орын, киелі мекен «Түркістан», екіншісіне «Бекет Ата» деп ат қойсақ», – деді Президент. Биыл Қазақстанның ұлттық жүк флоты екі кемемен толықты. Оның бірі – 7 мың тонна жүк көтеретін «Жібек жолы» құрғақ жүк кемесі ресейлік Шлиссельбург портынан суға түсірілді. Бұл «Нұрлы жол» бағдарламасындағы жобаларды жүзеге асыру, ҚР құрғақ жүк флотын дамыту, Қазақстанның транзиттік көліктік әлеуетін жетілдіруден туындаған маңызды мақсат екендігі белгілі. Жаңа кеменің атын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жібек жолы» деп атауы да тегін емес. Өйткені Қазақстан мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ даму стратегиясына орай, Каспий инфрақұрылымын жетілдіру мен теңіз флотын құру арқылы мультимодальдық тасымалдауды жиілетуге баса назар аударылып отыр. Ал биыл 6 қазанда Ресейдің Нева кеме жасау және жөндеу зауытының кемені суға түсіретін қиясынан  қазақстандық тағы бір құрғақ жүк таситын «Атамекен» атты кеме түсірілді. Кеменің тұсаукесері барысында сөз алған «KTZ Express» АҚ президенті Диас Ысқақов бұл жаңалықтың мемлекет басшысының Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру, ҚР құрғақ жүкті флотын дамыту, «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберіндегі маңызды жобаның бірі екенін атап өтті. Бұл – осы жылдың ішінде ресейлік кеме жасаушылардың Қазақстан үшін жасап шығарған екінші кемесі. «Қазақстандық сауда флотын кеңейту мақсатында биыл қаңтар айында аталған зауытпен көп функционалды 2 құрғақ жүк кемесін жасау туралы келісімшартқа қол қойылды. Көп кешікпей шілде айында осы зауыттан алғашқы құрғақ жүк кемесі «Жібек жолы» шығарылды. Қазір ол Ақтау портындағы «үйіне» оралды. Қазіргі заманғы жаңа кемелердің болуы мультимодальды логистикалық тізбектің теңіздегі бөлігін жалғауға, халықаралық жүк тасымалында бәсекеге қабілеттілік қызметін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді «KTZ Express» АҚ президенті. Қазақстандық құрғақ жүк кемелері «Өз жүгіміз – өз портымыз – өз флотымыз» принципі бойынша жұмыс істеп, негізгі құрғақ жүктер тасымалы көлемінің 20 пайызын құрамақ. 2020 жылға дейін Қазақстанның құрғақ жүк флоты 20 бірлікке дейін жеткізілмек, бұл Ақтау порты арқылы экспортталып, Каспий арқылы тасымалданатын құрғақ жүктердің 55 пайызын құрайтын болады. 2018 жылдың соңына дейін Құрық портында кеме айлағында іске қосылатын екі теміржол кемесін салу жоспарлануда. «Атамекен» – қазақстандық құрғақ жүк флотындағы төртінші кеме. Ол қазіргі заманғы талаптарға жауап береді және қауіпсіздіктің қазіргі заманғы жүйелерімен жабдықталған.

Ынтымақтастық туралы үшжақты келісім

ҚР Президенті жанындағы шетелдік инвесторлар Кеңесінің 2016 жылдың 27 мамырында өткен пленарлық отырысында қабылданған жаңа биржалық инфрақұрылымды және жер қойнауын игеретін компаниялардың жеке биржалық алаңын құру туралы шешіміне сәйкес, «Астана» Халықаралық қаржы орталығы, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі және ҚР Энергетика министрлігі Ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Құжат бойынша тараптар жер қойнауы саласының дамуына, оның ішінде жер қойнауын игеретін компаниялардың ашықтығын арттыру мен олардың қызметінің алдын-ала болжануына қатысты ынтымақтасып жұмыс істейтін болады. Бұған қоса, пайдалы қазбалардың қоры есебіне халықаралық стандарттар жүйесін енгізуге, ұзақмерзімдік капитал нарығын дамытуға (оның ішінде орта және кіші капитализацияға ие компаниялар), жер қойнауын игеретін қазақстандық компаниялардың арасынан жаңа кластағы эмитенттерді құруға және Қазақстан Республикасындағы жер қойнауын игеру саласындағы инвестициялық климаттың жақсаруына ықпал етеді. АХҚО Басқарушысы Қ.Келімбетовтің айтуынша, АХҚО базасында құрылатын биржалық алаң шағын және орта капитализацияға ие компаниялар мен пайдалы қазбаларды зерттеумен айналысып жатқан компанияларға (junior mining companies) АХҚО құнды қағаздар нарығы арқылы үлестік және борыштық қаржыландыру құралдарын тартуға мүмкіндік береді. Осы тұрғыда Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек, «үшжақты келісім жер қойнауын игеру саласын дамыту бойынша Елбасының алға қойған тапсырмаларын сәтті жүзеге асыруға және АХҚО биржалық алаңы арқылы жер қойнауын игеретін компанияларды қаржыландырудың тиімді көзін табуға ықпал етеді», – деді.