Жаңалықтар

Алаш спортшылары алған асулар

ашық дереккөзі

Алаш спортшылары алған асулар

Әлемдік спорттағы жетістік – мемлекеттің халықаралық аренадағы мүмкіндігін көрсетудің бір жолы. Мұндай жетістіктерден тәуелсіз Қазақстан да кенде емес. Туымызды көкте желбіретіп, Әнұранымызды әлемнің талай елдерінде әуелеткен спортшыларымыз ел үмітін абыроймен ақтап жүр. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері Қазақстан халықаралық байрақты бәсекелерден, әсіресе, жазғы және қысқы Олимпиада ойындарынан шет қалған жоқ. Осы ретте, Қазақстанның ширек ғасыр ішінде Олимпиада ойындарында қол жеткізген жетістіктерін жіпке тізіп шыққанды жөн көрдік. Олимпиада ойындары 4 жылда бір рет жазғы және барлық маусымдық спорт түрлерінен өтеді. Аталмыш Олимпиада ойындары Халықаралық олимпиада комитетінің қолдауымен 1896 жылдан бастап өткізіледі. Қазақстанның ұлттық Олимпиада комитеті 1990 жылы құрылып, 1993 жылы Халықаралық Олимпиада комитетіне мүше болды. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері, өз тариxында 6 жазғы және 6 қысқы Олимпиада ойындарына қатысқан. Ал егемен ел ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының алғашқы Олимпиадалық ойындары – Атланта олимпиадасы.

Атланта олимпиадасы (1996 жыл)

АҚШ-тың Атланта қаласында өткен XXVI олимпиада ойындарына 196 мемлекеттен 10 774 спортшы қатысты. Бұл олимпиадада Қазақстан құрамасы 24-ші орынға тұрақтады. 14 спорт түрінен бақ сынаған Қазақстанның 94 спортшысы ел қоржынына 11 медаль салды. Әлемдегі ең үлкен спорттық дода саналатын олимпиадаға алғаш рет қатысқан тәжірибесі аз мемлекет үшін бұл үлкен жетістік еді. Сөйтіп, Атланта төрінде үш мәрте Қазақстанның Туы желбіреп, Әнұраны шырқалды. Алтыннан алқа тағып, ел мерейін асқақтатқан спортшылар – бокстан Василий Жиров, бессайыстан Александр Парыгин,  грек-рим күресінен Юрий Мельниченко. Айта кетейік, боксшы Василий Жиров Атланта олимпиадасында чемпион атанып қана қоймай, әділ қазылар шешімімен ең үздік боксшыға берілетін Баркер кубогін иеленді. Ал боксшылар Болат Жұмаділов күміс, Болат Ниязымбетов пен Ермахан Ибрайымов қола медальге қол жеткізді. Сондай-ақ, күміс медаль иегерлері қатарында Анатолий Храпатый (ауыр атлетика), Сергей Беляев (нысана көздеу) болса, Мәулен Мамыров (еркін күрес),  Владимир Вохмянин (нысана көздеу) қола медаль алды.

Сидней олимпиадасы (2000 жыл)

Араға 4 жыл салып, Қазақстан құрамасы Аустралия мемлекетінің Сидней қаласында  өткен жазғы олимпиада ойындарында бақ сынады. Жиырма сегіз спорт түрінен жүлдеге 300 медальдің комплектісі қойылды. 199 ел қатысқан Сидней олимпиадасында барлығы 6579 ер және 4068 әйел бәсекеге түсті. XXVII олимпиадада еліміз 199 елдің ішінен 22-ші орын алды. Кезекті әлемдік бәсекеге 18 спорт түрінен 190 қазақстандық спортшы қатысты. Бұл жолы қоржынға түскен медальдар саны – 7. Қазақ боксының жұлдыздары Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ибрайымов, жеңіл атлет Ольга Шишигина алтыннан алқа тағып, ел мерейін үстем етті. Ал боксшылар Болат Жұмаділов, Мұхтархан Ділдәбеков, велоспортшы Александр Винокуров, еркін күрестің шебері Ислам Байрамуков дүбірлі додада күміс жүлдені иеленді. Сидней олимпиадасындағы жеңісінен кейін көпшілік небары 20 жастағы Бекзат Саттархановтың спорттағы жұлдызы жарық боларына кәміл сенген еді. Өкінішке қарай, жеңісті жылдың соңында жанкүйерлері Бекзатты мәңгілікке жоғалтып алды. Бекзат Саттархановтың олимпиададағы жеңісін тамашалаған қазақ жастарының спортқа деген қызығушылығы артып, болашақ боксшылардың саны көбейе бастағанын айтпай кетуге болмас.

Афина олимпиадасы (2004 жыл)

2004 жылы қазақ спортшылары Грекия елінің Афина қаласына аттанды. XXVIII жазғы олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы 202 мемлекеттің арасынан 40-шы орынға табан тіреді. Қоржындағы медаль саны – 8. Жасыратыны жоқ, бұл бәсекеде де жұртшылық боксшылардан үлкен үміт күткен. Үкілеген үмітімізді 69 келі салмақ дәрежесіндегі өнер көрсеткен боксшымыз Бақтияр Артаев ақтады. Бақтияр біразға дейін бокстан Ұлттық құрамада екінші рөлдегі боксшы ретінде саналып жүрген. Афина олимпиадасының жолдамасын да Бақтияр ең соңғы болып жеңіп алған болатын. Соған қарамастан, Грекияда өткен олимпиадада Қазақстанға жалғыз алтын медальді сыйлаған осы Бақтияр Артаев болды. Бұл додада Бақтияр чемпиондық атақпен қатар үздік боксшыға берілетін Баркер кубогын да еншіледі. Дәл осы жылдан бастап бокстағы 69 келі салмақ дәрежесінде қазақстандық боксшылар жеңісті ешкімге берген емес. Ал Афина  олимпиадасының күміс жүлдесін Генадий Лалиев (еркін күрес), Георгий Цурцумиа (грек-рим күресі), Геннадий Головкин (бокс), Сергей Филимонов (ауыр атлетика), қола медальді Серік Елеуов (бокс), Мкхитар Манукян (грек-рим күресі), Дмитрий Карпов (жеңіл атлетика) иемденді.

Бейжің олимпиадасы (2008 жыл)

2008 жылы Бейжіңде өткен олим­пиа­дада 41 спорт түрінен 302 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Бұл олимпиада ойындарына әлемнің 203 елінен 10500-ден астам спортшы қатысты. ХІХ жазғы олимпиада Қазақстан құрамасы үшін сәтті болған еді. Бұл бәсекеде спортшылар ел қоржынына 13 медаль салып, командалық есепте 204 мемлекеттің арасынан 29-орынға тұрақтады. Бейжің олимпиадасында боксшы Бақыт Сәрсекбаев, ауыр атлет Илья Ильин  чемпион атанды. Ал Ирина Некрасова (ауыр атлетика), Асқат Жіткеев (дзюдо), Алла Важенина (ауыр атлетика), Таймураз Тигиев (еркін күрес) күміс, Нұрбақыт Теңізбаев (грек-рим күресі), Әсет Мәмбетов (грек-рим күресі), Мария Грабовецкая (ауыр атлетика), Елена Шалыгина (еркін күрес), Марид Муталимов (еркін күрес), Еркебұлан Шына­лиев (бокс), Арман Шылманов (таэквондо) қола жүлдені иемденді. Бір өкініштісі, биылғы жылы спорт­тағы допинг дауы ушығып, қазақстандық үздіктердің біразы қара тізімге ілініп кетті. Қазақстан спорт жанкүйерлері мақтан тұтатын зілтемірші Илья Ильиннің де есімі осы тізімнен табылып, оның Бейжің олимпиадасындағы жетістігі жоққа шығарылды. Жүлделерін қайтарған спортшылар қатарында күміс жүлдегер Ирина Некрасова (ауыр атлетика), қола жүлдегерлер Әсет Мәмбетов (грек-рим күресі) пен  Мария Грабовецкая (ауыр атлетика) да бар. Сонымен бірге, еркін күрестен күміс жүлде иеленген Таймураз Тигиев те допинг қолданды деп айыпталып, жүлдесінен айрылды. Ал сол кезде грек-рим күресінен қола медаль алған Нұрбақыт Теңізбаев допинг дауынан кейін күміс жүлде иеленді. Осылайша, қазіргі есеп бойынша Қазақстан құрамасы Бейжің олимпиадасында 1 алтын, 3 күміс, 4 қола медальді қанағат тұтты.

Лондон олимпиадасы (2012 жыл)

2012 жылы Лондонда өткен ХХХ жазғы олимпиада ойындары Қазақстан үшін алдыңғы ойындарға қарағанда ең сәтті болды. Лондонда Қазақстан 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль алып, медаль саны бойынша жалпы есепте 204 ел арасында 12-ші орынға жайғасты. Лондон олимпиадасында боксшы Серік Сәпиев, велоспортшы Александр Винокуров, жеңіл атлет Ольга Рыпакова, ауыр атлеттер Илья Ильин,  Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова  алтын медаль иеленді.  Бұл сында күміс жүлдеге боксшы  Әділбек Ниязымбетов қана қол жеткізе алды. Қола медальді Ақжүрек Таңатаров (еркін күрес), Гузель Манюрова (еркін күрес), Даниял Гаджиев (грек-рим күресі), Марина Вольнова (бокс), Иван Дычко (бокс) иемденді. Допинг дауы Қазақстан құрамасының Лондон олимпиадасындағы нәтижесіне де салқынын тигізді. Биыл Халықаралық олимпиада комитеті Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедованың нәтижелерін жойып, ел құрамасы Лондондағы 4 алтынынан 4 жылдан кейін айрылып қалды.

Рио олимпиадасы (2016 жыл)

Рио олимпиадасы да Қазақстан құ­рамасы үшін сәтсіз болмады. Қор­жы­нымызда 3 алтын, 5 күміс, 10 қола – 18 медаль бар. Екі аптаға созылған әлемдік спорт додасында 205 елдің ең үздік спортшылары сынға түсті. Төртжылдықтың басты додасында еліміздің намысын 26 спорт түрінен 104 спортшы қорғады. Ел намысын қорғаған спортшылардың төккен тері, еткен еңбегі еленді. Күллі әлем алдында Қазақстанның байрағы биіктен түспейтіндігін кезекті рет дәлелдеп берді. Қазақ жұртына алғашқы алтын медальді сыйлаған – ауыр атлет Нижат Рахимов. 77 келі салмақ дәрежесінде әлем рекордын жаңартып, алтыннан алқа таққан Нижат Рахимов өзінің қарсыластарынан оқ бойы озық екендігін дәлелдеді. 200 метрге брасс әдісімен жүзуші Дмитрий Баландин Қазақстанға екінші алтын жүлдені әкелді. 69 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен боксшы Данияр Елеусіновтің чемпион атанатынына ешкімнің де күмәні болмады. Данияр да ел үмітін ақтап, Қазақстан қоржынына үшінші алтынды салды. Бокстағы 69 келі салмақ дәрежесінде қазақ боксшыларына тең келер ешкім жоқтығын кезекті рет дәлелдеді. Зілтемірші аруымыз Жазира Жаппарқұл, дзюдошы Елдос Сметов, еркін күрестен Гюзель Манюрова, бокс­шылар Әділбек Ниязымбетов пен Василий Левит күміс жүлдеге қол жеткізді. Чемпиондық атаққа бір қадам қалғанда сүрінген Әділбек пен Василийдің жүлдесін қазақстандық жанкүйерлер «алтынға бергісіз жекпе-жек» деп бағалағанын да айта кетейік. Ал ауыр атлеттер Карина Горичева мен Фархад Харки, Александр Зайчиков,  боксшылар Иван Дычко, Дариға Шәкімова, дзюдошы Отгонцэцэг Галбадраx, жеңіл атлет Ольга Рыпакова, күрестен Элмира Сыздықова мен Екатерина Ларионова байрақты бәсекеде қола жүлдеге ие болды. Ал ойын барысында сенім артқан зілтеміршіміз Денис Уланов өз салмағында төртінші орынды місе тұтқан болатын. Бірақ олимпиададан кейін үшінші орынды иеленген румын Габриэль Синкраянның допинг қолданғаны анықталып, қола жүлде Денис Улановқа берілді.

Қысқы  олимпиада ойындары

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері Қысқы олимпиада ойындарынан да тыс қалған емес. Алғаш 1994 жылы Норвегия астанасы Лиллехаммер қаласында өткен XVII қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан алғаш рет жеке мемлекет ретінде қатысып, қанжығасына 1 алтын, 2 күміс медаль салған болатын. Бұл үш медальдардың үшеуін де шаңғышы Владимир Смирнов алған. 1998 жылы Наганода өткен ХVІІІ қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан 2 қола алды, олар шаңғышы Владимир Смирнов және конькиші Людмила Прокашева. 2002 жылы XІХ қысқы Олимпиада ойындары АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өтті. 77 елден 2390 спортшы келді. Қазақстандық спортшылар бұл Олимпиадада жүлде ала алмады. Ал 2006 жылы XХ қысқы Олимпиада ойындары Италияның Турин қаласында жалауын желбіретті. Жарыс жолына әлемнің 80 елінен келген 2508 спортшы жарыс жолына шықты. Бұл жолы да қазақстандық спортшыларға жүлде бұйырмады.  ХХІ қысқы Олимпиада ойындарын 2010 жылы Канаданың Ванкувер қаласы қабылдады. 82 елден 2766 спортшы сынға түсті. Қазақстандық биатлоншы Елена Хрусталева жекелей сында күміс медальді жеңіп алды. Жалпыкомандалық есепте 1 қола медаль жеңіп алған Қазақстан мен Эстония елдері 25-26-шы орынды өзара бөлісті. Ал 2014 жылы ХХІІ қысқы Олимпиада ойындарын Ресейдің Сочи қаласы қабылдады. Байрақты бәсекеге әлемнің 90 елінен 2800 спортшы қатысады. Қазақстан намысын бұл додада 52 спортшы қорғады.