Халықтың мүддесін қорғайтын өзгерістер енгізілмек – Ғани Исаев
Халықтың мүддесін қорғайтын өзгерістер енгізілмек – Ғани Исаев
Целиноград ауданы Мәншүк ауылының әкімі Ғани Исаев Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бойынша өткен референдумға қатысты пікірін білдірді деп хабарлады turkystan.kz.
«5 маусымда Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу мәселелері бойынша республикалық референдум өтті. Целиноград ауданы Мәншүк ауылында сайлау учаскесі штаттық режимде жұмыс істеді. Іс-шараға «Партиядан тыс бақылау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақмола облыстық филиалы бойынша 3 өкілі бақылаушы болды. Референдум барысында дау-дамай мен заңбұзушылық байқалған жоқ. Мәншүк ауылының тұрғындары референдумда белсенділік танытты. Жаңа Қазақстанды құруға дауыс беруге құқығы бар 432 сайлаушының 352-сі қатысып (81,9%), Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді 69,6%-ы қолдады, ал 24,4%-ы қарсы болды», – деді Ғани Исаев.
Оның пікірінше, алдағы уақытта халықтың мүддесін қорғайтын және қолдайтын бірқатар өзгерістер енгізілмек.
«Елді мекенде үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, өзгерістердің тиімділігі мен қажеттілігі баяндалды. Мемлекеттік басқарудағы халықтың рөлі мен орны айтылды. Ауыл тұрғындарының басым бөлігі Президенттің бастамасын қолдады. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанды орнату үшін осы референдум керек болды деп есептеймін. Халықтың мүддесін қорғайтын және қолдайтын бірқатар өзгеріс енгізілмек. Осы күнге дейін ел байлығы – мемлекет меншігі деп келген едік. Енді енгізілетін өзгерісте «халық меншігі» делінген. Осы тұсы көңілге ерекше қонды. Сонымен қатар енгізіліп отырған толықтырулар мен өзгерістер халық арасында оң пікір мен қолдау тауып отырғаны қуантады. Президенттің осындай демократиялық қадамдары барша халықтың көңілінен шықты деп есептеймін», – деді Ғани Исаев.