Жаңалықтар

Мүшәйра жүлдегерлері анықталды

ашық дереккөзі

Мүшәйра жүлдегерлері анықталды

Елорданың 25 жылдығына орай ұйымдастырылған Сәкен Сейфуллин музейі жариялаған республикалық аламан жыр бәйгесінің қорытындысы жарияланды.  Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің қолдауымен өткен биылғы жыр додасына 60 туынды келіп түсті. Байқауға жолданған шығармаларды Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Н.Айтұлы,  Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, ақын Б.Жақып, «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын Ғ.Жайлыбай, Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Жазушылар одағының филиалының директоры, ақын Д.Кәпұлы, «Түркістан» газетінің бас редакторы, ақын Б.Бабажанұлы сынды қазылар алқасының құрамы саралап, жүлдегерлерді анықтады. Бас жүлдені «Елордамен сырласу» атты өлеңдер топтамасымен елордалық ақын, «Махамбет», «Төлеген Айбергенов» атындағы сыйлықтарының лауреаты Оңайгүл Тұржан  қанжығасына байлады. Бірінші орынды «Еңсесі биік Елорда» атты толғауымен елордалық ақын Серікзат Дүйсенғазы  еншіледі. Екінші екі орынды «Астанам» өлеңдер топтамасымен елордалық ақын Жанат Әскербекқызы  және «Кенесарының монологы» атты өлеңімен павлодарлық жас ақын Бақберген Дариға  иеленді. Үшінші орын үш ақынға бұйырды. Алматылық ақындар Әсел Оспан «Астананың әз жұрты», Мұратқан Шоқан «Көшең толып жатсын гүлге, күлкіге» топтамасымен, елордалық ақын Ауыт Мұқибек «Елордам менің  – бақ ордам» өлеңімен алды. Бес ынталандыру сыйлығына көкшетаулық ақын Мұхамед Қонқаев және елордалық ақындар Шерхан Талап, Дүйсенәлі Әлімақын, Мұқият Қойшыбай, Кәдірхан Қизат ие болды. Айта кетейік, жүлдегерлерді марапаттау рәсімі шілденің 1 күні сағат 15:00-де Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жастар» сарайында өтеді.

Ұйымдастыру алқасы