Алматыда жұмысшылар 4 айдан бері жалақы алмаған

Алматыда жұмысшылар 4 айдан бері жалақы алмаған

Алматыда жұмысшылар 4 айдан бері жалақы алмаған
ашық дереккөзі
Алматыда 300-ге жуық жұмысшы 4 айдан бері жалақыларын ала алмай жүр деп хабарлады turkystan.kz almaty.tv арнасына сілтеме жасап.  Айтуларынша, жауапты компания өкілдері құрылысшылардың маңдай термен тапқан ақшаларын бермеген. Бүгінде жолайрық салумен айналысатын мердігер ұйым оларға 99 миллион теңге қарыз. Шыдамы таусылған жұмысшылар осымен 4 рет бас көтеріп отыр. Олар әу бастан Сейфуллин - Жансүгіров көшелерінің қиылысындағы жолайрықты салу бойынша жауапты компаниямен келісімге отырған. Бірақ, неге екені белгісіз, ақпан айынан бері жол құрылысшыларына жалақы төленбепті.
«Әр апта сайын жұма күні, жұма күні дейді. Біздің де бала-шағамыз бар. Бүгін де күтіп отырмыз. Енді тағы да 15 күн күтіңдер дейді», – деді жұмысшы Бейсенғали Нұрбаев.
Еліміздің әр өңірінен жиналған жұмысшылар қазір үйлеріне қайта алмай отыр. Ең қиыны, төленбеген несиенің өсімпұлы күн сайын өсіп барады дейді.
«Қазір жұмыстағылар нотариус арқылы біздің ақшамызды есептейтін адам пайда болды деп жатыр. Ол дегеніміз – қайтадан уақыт созу. Ал біздің несиеміз бар, банктен күнде хабарласады, несиенің өсімі бар ғой. Үйде бала-шағамыз аш отыр», – деді жұмысшы Ерлан Шегірткенов.
Компания басшысы бұл жолы да жалақыларын төлейтініне сендіріп бақты.
«Бүгінде 286 адамға 99 миллион теңге қарызбыз. Біз мұны ай соңына дейін өтейміз деп жоспарлап отырмыз», – деді жауапты компанияның директоры Мәлік Сыздықов.
Жұмысшылар егер ақшамызды бермесе, бірауыздан құзырлы органдарға арызданамыз деп отыр.