Жаңалықтар

Халық көкейінде жүрген өзекті мәселелер қамтылды – Нұрлан Қуанышбай

ашық дереккөзі

Халық көкейінде жүрген өзекті мәселелер қамтылды – Нұрлан Қуанышбай

Маңғыстау облысы әкімдігі жанынан құрылған қоғамдық кеңестің мүшесі, AMANAT партиясының Ақтау қалалық филиалы қоғамдық кеңесінің өкілі Нұрлан Қуанышбай Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бойынша өткен референдумға қатысты пікірін білдірді деп хабарлады turkystan.kz. «Референдум – үлкен саяси науқан. Бұл науқан өте жоғары деңгейде өтті. Статистикаға көз жүгіртсек, сайлауға халық өте белсенді қатысты. Өзіміз іштей ризамыз. Өйткені халықтың көзқарасы өзгеріп, елдің ішкі мәселелеріне етене араласа бастады. Референдум болады дегеннен жан-жақты үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Халық бірауыздан барды. Мен Ақтау қаласындағы өзімнің тұрғылықты мекен-жайым бойынша дауыс беруге қатыстым. Бұдан өзге бірнеше учаскелерді аралап,  өзім үшін мониторинг жасадым. Дауыс берушілердің жүздеріндегі күлкі – іштеріндегі үлкен сенімнің белгісі. Сол сенім ақталады деген ойдамын», – деді Нұрлан Қуанышбай. Оның айтуынша, осыған дейін халық елдегі болып жатқан саяси, саяси емес іс-шараларға тым баяу қатысатын. «Алғашқы референдум біздің бала күнімізде өтті. Ол кезде мұндай іс-шараның не екенін, оның қандай қажеті барын білген жоқпыз. Президент кешегі Қаңтар оқиғасынан кейін еліміздегі көптеген жұмыстардың тиісті деңгейде атқарылмай жатқанына көз жеткізіп, халықтың наразылығын ескеріп, министрліктер беретін статистика басқа, халықтың тұрмыс-тіршілігі шындығында басқа екеніне көз жеткізді. Осындай кемшін тұстардың кесірінен халық елдегі болып жатқан саяси, саяси емес іс-шараларға тым баяу қатысатын. Бірақ бұл жолы басқаша болды. Сенаторлар бастаған, Мәжіліс депутаттары қостаған топ ортаға шығып, ағайынның арасына кірді. Түрлі еңбек ұжымдарымен, студенттермен кездесіп, билік өкілдері мен қоғам белсенділері жұмылып, бір мақсатта үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Түсінген адам түсінді, белсенділік танытты», – деді Нұрлан Қуанышбай. Қоғамдық кеңес мүшесінің пікірінше, халықтың көкейінде жүрген ең өзекті мәселелер барынша қамтылды. «Референдум жай науқан болып көрінгенімен, үлкен мән-мағына жатыр. Өскелен ұрпақ осы референдумдағы өзгерістер үшін бізге келер болашақта алғысын білдіреді деген ойдамыз. Себебі халықтың көкейінде жүрген ең өзекті мәселелер барынша қамтылды. Тарихи құжатқа қол қойдық. Әркім азаматтық позициясын білдірді. Қолдағаны бар, қарсы болғандары да кездесті. Жалпы айтқанда, үгіт-насихат жұмыстары өз жемісін берді. Референдумдағы жаңа жүйелер қолданысқа енгізілді. Енді тек халықтың игілігіне жұмыс істемек», – деді ол. Нұрлан Қуанышбай әр шешімді сараптаған дұрыс екенін жеткізді. «Әр шешімді, өзгерісті, жаңа бағдарламаны жан-жақты сараптау керек. Қандай да бір өзгерістер болып жатса, әр адам өзінің азаматтық позициясын білдіріп, көзқарасын танытып, белсенді болса, елдегі жаңашылдықтарды одан сайын жақсартуға үлес қосады», – деді Нұрлан Қуанышбай.