«Жайылым тапшылығы мәселесін ауыл әкімдері шешуі керек» - Жұмағазиев

«Жайылым тапшылығы мәселесін ауыл әкімдері шешуі керек» - Жұмағазиев

«Жайылым тапшылығы мәселесін ауыл әкімдері шешуі керек» - Жұмағазиев
ашық дереккөзі
«AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев Парламент Мәжілісіндегі фракция мүшесі Мейрамбек Төлепбергенмен бірге Жамбыл облысы, Байзақ ауданының тұрғындарымен кездесті. Үлгілі ауылдық округінің тұрғындары жайылым тапшылығына шағымданды. Бүгінде округте 1400 бас ірі қара, 13 мыңға жуық ұсақ мал, 700 бас жылқы бар. Ауыл тұрғындарына мал жаю үшін шамамен 8 мың гектардай жер қажет, бірақ қазір оларда бары – 4 мың гектар жер.
«Қазіргі уақытта халық табысын арттыру мақсатында пилоттық жоба аясында өңір тұрғындары несие алып, барлығы дерлік қорасын малға толтырып алды. Халықтың негізгі күнкөрісі төрт түлік болған соң, жайылым жердің тапшылығы жанға батады», - деді жергілікті тұрғын Фазыл Шалқаров.
Өз кезегінде Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Болат Сағымбеков Үлгілі ауылы әкімдігі мен «Бансет» шаруа қожалығы арасында 680 гектар жайылымды бірлесіп пайдалану туралы меморандум жасалғанын атап өтті. Шаруашылық басшысы ауыл тұрғындарына мал жаю үшін қосымша 1000 гектар жерді пайдалануға рұқсат берген. Түймекент Осы күні партиялықтар Түймекент ауылдық округінің тұрғындарымен де кездесті. Жергілікті тұрғындар несиеге 5200 бас мал сатып алғанымен, жайылымның жетіспеушілігіне тап болып отыр.
«Әрине, ауылдық жерлерде мал басын көбейту керек. Бұл халық табысының өсуіне тікелей әсер етеді. Жайылым жер тапшылығы мәселесін ауыл әкімдері өз деңгейінде шешуі тиіс. Бұл үшін оларда тиісті бюджет болуы қажет. Осыған байланысты «AMANAT» партиясы аталған мәселені жүйелі шешу мақсатында заңнамаға түзетулер енгізу бастамасын көтеруді жоспарлап отыр», - деді партия Хатшысы Эльдар Жұмағазиев.
Бұдан соң партиялықтар жергілікті атқарушы орган өкілдерімен кеңес өткізді. Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген шенеуніктерге пайдаланылмаған жерді мемлекетке қайтару тетігін белсенді қолдану керек екенін еске салды. Еске салссақ, бұған дейін «AMANAT» партиясында «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру аясында арнайы жобалық кеңсенің ашылғаны туралы хабарланған болатын. Статистикалық есептің жаңа әдістемесін әзірлеп, әрбір ауылдың экономикалық мамандануын анықтайтын деректер жинау жоспарлануда.