Бесік тербеткен үйде береке бар
Бесік тербеткен үйде береке бар
Жақында балалар дәрігерінің қабылдауына барып, ішке ерте кірдік. Алдымыздағы нәрестелі ана әлі шыға қоймапты. Дәрігердің анаға берген кеңесін еріксіз тыңдауымызға тура келді. Әңгіме бесік пен манеж жөнінде екен. Дәрігердің айтуынша, қазіргі кезде баланың аяқ-қолын бос жіберіп, тырбаңдатып қою керек деп айтылады. Бірақ бала өз қолынан шошып, қолын үнемі аузына салып, әуреге түседі. «Сондықтан жаялыққа орап, бесікке салсаң, балаға пайдалысы сол. Қол-аяғы қозғалмады деп уайымдама, ол жарты жылға дейін көп қозғалмайды, ұйықтайды. Әрі таза, баланы режимге үйретесің», – деп аяқтады әңгімесін дәрігер. Бұдан түйгеніміз, бесік – ескіліктің көзі емес, балаға нағыз қажет құрал.
Бесік неден жасалады?
Сонау ықылым замандарда бесікке бөлеу, бесік жырын айту дәстүрі болғанына дәлел көп. Қобыланды батыр жырында «Алтыннан бесік қойдырып, ақ торғынға бөлеген» тіркестерімен қатар, Еңлік-Кебек жырында бесік құда болғандығы жыр мәтінінде айтылады. Бұдан өзге де бесіктің ықылым замандарда болғанын, түп-тамыры тереңде екенін дәлелдейтін аңыз-әфсаналар жетерлік. Солардың бірі – бесіктің алғаш жасалуы Айдаһар би заманында орын алған деседі. Ол кезде ұлан-байтақ даланы Мизам баб қорғаса керек. Мизам баб Айдаһардың әкесі, ағаш егіп, бау-бақша салуды кәсіп етеді. «Салт-дәстүр сөйлейді» жинағының жазуынша, «ағаштың пірі – Мизам баб» деген осыдан қалса керек. Жетісу мен Алтай аумағын мекен еткен Мизам Сарыарқаға көз салған қара қытайларды елге жолатпаған. Жүз жыл жасаған Мизам дүниеден өткен соң, қытайлар бір-ақ күнде бау-бақшаны тегіс өртеп жібереді. Жорықта жүрген баласы Айдаһарға әкесі аян беріп, «Пейілі тар қаскүнем менің орманымды өртеді» дейді. Баласы келсе, орман түгелімен жанып кеткен. Тек бірлі-жарым тобылғының қисық бұтақтары қалыпты. Осыны алып, аттанып кетеді. Бір күні Айдаһардың баласы тоқтамай, жылай берсе керек. Баласының жылағанына шыдамай, Құдайдан медет тілейді. Осы кезде қызының үні басылып, тыныштала қалады. Қараса, бір адам баланы тобылғының бұтағына салып, әлдилеп отыр екен. Бұл «көктен келген ишарат» деп ұққан би дереу тобылғының бұтақтарынан бесік жасайды. Бесіктің пайда болуы туралы аңыздардың түбірі осыған келіп тіреледі. Содан бері қазақ үшін тобылғы қасиетті, киелі ағаш саналады. «Бесікті отқа жақпа», «аяқасты етпе», «қадірлеп ұста» деген ырымдар осыдан кейін айтылған. Тобылғы бесікте тербелген сәби «арыстандай топ жарады, жолбарыстай жол тосады» деп ырымдайды. Бесік қазақтың ғана меншігі емес. Еуразия аймағындағы барлық халықтар мен ұлттардың тарихына сіңген дәстүр, ұлттық бұйым. Орталық Азия, Кавказ, Үндістан мен Қытай, Түркия жерін мекендейтін халықтардың басым көпшілігі бесікті пайдаланған. Жасалу мәнеріндегі кейбір айырмашылықтар болмаса, бастауы бір – бесік. Бертінде бесікті тобылғыдан ғана емес, қарағай, қайыңнан да жасай бастады.Бесікке бөлеу ырымы
Шілдехана, бесіктой, Тұсаукесер, сүндет той... Ай, шіркін-ай... Әдетте бесікті, бесіктің жабдықтары мен нәрестенің киімдерін, қалжаны нағашы жұрт әкелуі тиіс. Артынып-тартынып, келетін нағашы жұртты тоймен қарсы алады. Арнайы бесіктой жасалады. Нағашылары әкелген баланың жасауы баршаға көрсетіледі, бұдан кейін әйелдер жиналып, бірқатар міндетті ырым-жоралғыларды орындаған соң, бала бесікке бөленеді. Арнайы рәсім бойынша әжелер бесікті адыраспанмен аластайды. Әуелде діни ұғымда жасалатын рәсімнің, гигиеналық тұрғыдан вирустық ауруларды жоятыны дәлелденді. Баланы бесікке жасы үлкен аналар бөлейді, бұл ізгі ниетті адамның жақсылығы жұғысты болсын деген мағына береді. Түбектен шашу тастайды, бесікті отпен аластайды. Әжелер қырандай көреген болсын деп бесіктің арқалығына бүркіттің тұяғын байлайды, жын-шайтаннан, көзден сақтасын деп тұмар жаздыртып тағады. Бала шошымал болмасын деп жастығының астына пышақ қояды. Бұдан кейін анасы немесе жиылған әйелдер бесік жырын айтады.Бесік тазалық бастауы
Көшпенділердің өмірінде бесіктің орны ерекше болған. Баланың жөргегін жарты сағат сайын ауыстырып отыру мүмкін емес, бірақ таза сақтау мүмкіндігі болған. Бұл туралы қазақ жерін зерттеген ағылшын саяхатшысы Томас Аткинсонның жары Люси Аткинсон өз жазбаларында жазып қалдырған. Ал Орталық Азияда ұзақ уақыт оба ауруын зерттеген Иван Дудченко бесік туралы мол мұра қалдырыпты. Колбасенко деген псевдоним қолданған зерттеуші бесіктің тиімділігін терең пайымдайды. «Көшкен кезде әйелдер түйеге отырады, бесікті түйеге артып алу ыңғайлы. Ол түйенің үстінде отырып-ақ баланы емізе алады, осылайша жолынан қалмайды. Шүмек-түбектің ыңғайлы ұйымдастырылғаны сондай, қазақ балалары тазалыққа үйреніп, кейін де төсекке жіберіп қоймайтын болады. Бесіктен ешқашан да нәжістің иісі шықпайтын» деп жазады. Оның айтуынша, тұрмыстық жағдайдың ауырлығы, гигиеналық құралдардың жоқтығына қарамастан қазақтар баланың тазалығына көп көңіл бөлген. Отырықшы өмір сүретін халықтарда жиі кездесетін баланың денесінің қызаруы, ойылып кету мүлде болмайтын. Қазақ балаларының іші бұзылмайтын, олар бір жасқа дейін ана сүтін ғана емеді. Егер анасының сүті болмаса, ішектен балаға емізік дайындап, балаға ешкінің немесе сиырдың піскен сүтін берген. Сүтке талқан қосып берген.Бос бесікті тебетпе!
Қазақта бесік – киелі, қасиетті зат. Оған қатысты ырымдар мен тыйымдар сан алуан. Әрқайсының өз мән-мағынасы, орны бар. Бос бесікті тербетпейді, наным-сенім бойынша бос бесікке ібіліс баласын жатқызады немесе жылан салып қояды. Сондай-ақ бос бесікті еш уақытта жабусыз қалдырмау керек. Үстіне ақ мата жауып, ең болмағанда ұршығына орамал байлап қою қажет. Бала өскен соң, бесікті жерге тастамайды, ата-бабамыз бесікті міндетті түрде төрге, маңдайшаға іліп қоятын болған. Бесіктің теріс жағына отырмайды. Бесікті саудаламайды. Айтқан бағасына сатып алады. Бесік жасайтын шеберлер ынсапты болуы тиіс. Киелі дүниенің бағасын аспандатпауы керек. Сондай-ақ, халқымыз баласының бесігін біреу сұраса, арнайы ырым-жоралғы жасап, жақсылыққа балап, тек сондан кейін ғана жақын туыстарына ғана беретін болған. Қазақ халқы шаңырақты, бесікті, табалдырықты қасиет тұтқан. Бұл үшеуін ешқашан аяқпен баспаған. Бұл үшеуі қашанда бірімен бірі байланысып, ұштасып жатады. Осынау қасиетті үш затты қатты тозып, тым ескірген кезде де аяқтың астына тастамай, өртеп жіберетін болған әрі күлін де аяқасты қылмай, көміп тастаған.Smartбесік – заманауи бесік
Қазақтың манежі де, коляскасы да, тербеткіші де – бесік. Бірақ қазіргі өнертапқыштар бесікті оңтайландырып, заманауи балаға қажетті құралдарға жақындатса керек. Астаналық өнертапқыш Серікбол Шәймардан өздігінен тербелетін бесік ойлап тапты. Баланың дауысына қарай қозғалатын құрылғы дене қызуы мен жаялық дымқылдығын өлшеп тұрады. 12 вольттық батарейкамен қозғала беретін бесік ойлап тапқан астаналық жас өнертапқыш көпшілік жас қазақ отбасыларының мұқтаждығын дөп басқандай. Өнертапқыш тербелетін бесік жасап шығуға 6 жыл уақытын жұмсаған көрінеді. Smart бесіктің ұзындығы – 100 см, ені – 40 см, биіктігі – 60 см, стандарт бесіктің сыртына кигізілетін қалып немесе бесікті орнататын жиналмалы тұғыр. Қалыпқа арнайы қондырғы қойылған. Ал бесіктің өзіне магнит орналастырылады. Соның арқасында бесіктің тербелісі 5 режим бойынша өзгертіледі. Тербетілу уақытын 90 минутқа дейін созуға болады. Автордың айтуынша, баланың температурасын өлшейтін құрылғылар бар. Олар ауытқушылықты байқаса, «Балаңыз тоңып қалды», «Балаңыз ауырып қалды» деген хабарлама жасайды. Бесік жырын қосып қою қарастырылған. Өнертапқыштың айтуынша, бесік ата-ананың көмекшісі емес, тәрбие құралы. «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» дейді халқымыз. Бесігінен ажырап қалған халқымызды дәстүрін, ұлтын, жерін сүюге дәріптейтін тәрбие құралынан ажыратпау әр ананың жадында жүрсе екен...