Жаңалықтар

Нью-Йоркте сұлулық салонын ашқан Әнел

ашық дереккөзі

Нью-Йоркте сұлулық салонын ашқан Әнел

Әнел Әлімова – былтыр Нью-Йоркте сұлулық салонын ашқан жас кәсіп­кер. 14 жасынан бастап еңбекке араласқан ол жетістікке жалғыз талантпен жету мүмкін емес екенін айтады. Қазақстанда кә­сібін дөңгелетіп отырған ол әлемдік на­рыққа шығып, бьюти индустрияда өз есі­мін жазып қалдырғысы келеді. Қа­зақстанда арнайы орталық ашып, виза­жист болуға икемі бар қыздарға жол көр­сетсем деген ойы да жоқ емес. Ең­бек­сүйгіштігімен ерекшеленетін, мақ­саты ай­қын, жоспары анық Әнелге хабар­ласып, сұхбаттасқан едік. – Әлеуметтік желідегі парақшаңыз­да «14 жасымда аула сыпырдым» деп жаз­­ғаныңызды оқып қалдым... – Оқушы кезімізде асханаға барып, та­­ғам алып жегің келеді. Соған ата-анамнан үне­­мі ақша сұрай бермес үшін бірде үйдің қа­­сында орналасқан дүкенге кіріп, он­да­ғы­лардан «Сіздерге жұмысшы керек емес пе?» деп сұрадым. Олар біз тұратын ауданға аула сыпырушы керек екенін айтты. Аптасына ма, әлде айына ма, нақтысы есімде жоқ, аула сыпырушыға 500 теңге төленетін. Сөй­тіп, таңғы сағат алтыдан бастап аула сы­пыра­тын болдым. Спортқа жақын болып өс­кен­діктен таңертең тұрып, жүгіруді әдет­ке айналдырған едім. Ала таңда жұ­мыс­қа кетіп бара жатқанымды көрген анам мені жүгіруге бара жатыр деп ойласа керек. Содан бір күні анам қоқыс тастап жатқа­ным­ды көріп, «Мұнда не істеп жүрсің?» деп «ұстап» алды. Сосын дүкеншіге барып, «Оқу­шы қызды аула сыпырушы қылып жұ­мысқа алғаныңыз үшін сізді соттатамын» деп дүрсе қойғаны есімде (күліп). Содан соң жұмыс істеуге құлшынысымды бай­қа­ған анам жазғы каникул кезінде көшірме жа­сайтын орынға «отырғызып» қойды. Ата-анам таңнан кешке дейін дамыл тап­пай жұмыс істейді. Тапқан-таянғанын біз­дің аузымызға тосады. Бір бөлмеде бес қыз тұрамыз. Бесеуміздің шығынымыз көп екені айтпаса да түсінікті. Сол үшін ата-ана­ма салмақ түсірмей, оқушы кезімнен өзім ақша табуды мақсат еттім. 9-сынып оқып жүргенде дүкенде сатушы болып жұ­мыс істедім. Сосын анамды несие алып, же­ке дүкен ашуға көндіріп, сонда әпкем екеуміз кезекпен жұмыс істедік. – Ал бьюти индустрияға келуіңізге кім түрткі болды? – Екі кафе мен екі дүңгіршектің ара­сын­да жүгіріп жүріп, өзіңе қарауға да уақыт та­была бермейді. Бір күні достарым «Сен ер адам болып барасың. Өз-өзіңе қарауың қажет. Сәния Ілиясованың курсына баршы» деп ақыл айтты. Мен оған дейін мүлде боян­байтынмын, сол курстан соң боянуды үйрендім. Бьюти индустрия секілді жаңа әлем аштым. Осы саланы зерттегім келді. Кәсіп­пен айналысып жүрген соң бір емес, бір­неше сала бойынша ізденіп, оқымасаң, ісің алға баспайды. Мұны ерте түсінген мен қолым қалт етсе кітап оқып, жаңа дүниелер ашуға тырысатынмын. Экономистен бөлек, заң­гер және психоаналитиктің оқуын оқы­дым. Неге екі мамандық десеңіз, біртіндеп тү­сіндіре кетейін. Кафе ашқан кезде әдеп­кіде жауапты кісілер «Ой, сіз заң білмейсіз» деп жиі айыппұл салып кететін. Мысалы, авторлық құқық тіркеу қажет екені туралы біздегі кәсіпкердің көбі білмейді. Бірде «Кафеңізге Қайрат Нұртастың әнін қойып­сың. Авторлық құқық тіркелмеген. Ке­лі­сімшарт жасамағансыз» деп 100 000 теңге айыппұл салды. Ал мен ол туралы мүлде біл­мейді екенмін. Содан соң «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына барып сұрасам, заң бойынша кафеде қойылатын музыкаға авторлық құқық тіркеп, тиісті мекемемен келісімшарт жасасып, ай сайын белгілі мөлшерде ақша төлеп тұруым керек екен. Сөйтіп, заң факультетінде білім алған соң, учаскелік инспектор келіп, наразылығын білдіріп жатса, «Кәсіпкерлік кодекске сәй­кес, менің құқым бар» деп қайтарып жі­беретінді шығардым (күліп). Ал психоа­на­литиканы неліктен оқығанымды түсінді­рер болсам, макияж жасағанда адамдар бір-бірін сезеді. Танымал, талабы мықтылар сені қасына жайдан-жай жақындатпайды. Агент­тік арқылы таңдап, шақырған соң, сені тексереді. Бірінші рет жұмыс істегенде, олар­ға энергетикаң ұнаса, олар сені екінші рет шақырады. Ал энергетикаң жақпай қалса, сені ешкім шақырмайды. Сол үшін адам жанын, не қажет екенін, не қызық­тыр­атынын ә дегеннен-ақ түсінетін пси­холог болуың керек. Жоғарыда айтқан Сәния­ның курсын бітірген соң, отандық те­леарналардың бірінде гример болып жұ­мыс істедім. Сосын Мәскеуге барып, ТМД ел­деріне танымал визажист Гоар Аветисяннің екі апталық курсынан өттім. Содан кейін сұлулық салонын ашу идеясы пай­да болды. Сөйтіп, елге келген соң салон аш­тым. Қызыққан көпшілікке мэйкап жа­сауды үйрете бастадым. Клиент саны кө­бейе түскен соң, тағы екі салон аштым. Осы­­лайша, үш жыл ішінде есімім елге та­ны­­лып, ісім алға басты. Мені бьюти жа­рыс­тарға қазы ретінде шақыра бастады. Гуанчжоу, Бейжің, Киевте өткен сайыстарға қатыстым. Шетелдік мамандардың көзіне түс­тім. Сән астанасы Парижге барып, бір ай бойы косметика жасаудың техно­ло­гия­сын үйрендім. «Business Lady Qazaqstan» рес­публикалық конкурсына қатысып, жүл­дегер атандым. Сосын аталған ұйымның ай­мақтық директоры қызметін атқарып, түр­лі іс-шаралардың басы-қасында жүрдім. Ат­қарған істерім жемісті болып, біршама мара­патқа ие болдым. Көрген түйгенімді «Ерік-жігер» атты кітабымда тізіп, оқыр­ман­ға пайдалы дүние жаратуға тырыстым. – Нью-Йорктен салон ашуды қай кезден бері көздеп жүрген едіңіз? – Әдепкіде америкалықтар мені осында мэйкаптан шеберлік сабағын өткізуге шақырып жүрді. Кейіннен ғылым, білім, биз­нес және спорт са­ласында ерекше қабілеті бар шетел­дік­терге арналған уақыт­ша жұмыс визасына тапсыруды жөн санадым. Осында келген соң алдымен компания, сосын сұлулық са­лонын аштым. Қазір командамдағы маркетолог маман­дармен салонды қалай ата­ғанымыз дұрыс деп бас қатырып жүр­міз. Командамдағылар «әлемдік нарыққа шы­ғатын болсақ, ата­ғанға оңай әрі қо­лайлы болуға тиіс» дейді. Одан бөлек, жеке брен­дпен косметика өнімдері шығары­ла­тын болады. Жалпы, Нью-Йорк – fashion-индустрия қыз-қыз қайнап тұрған ме­га­по­лис. Есімін әлем білетін дүкендер, бренд­тер, модельдер, бәрі-бәрі осында. Үй­ренерім көп, үйретерім де жетерлік. Қазір біз көбіне қара нәсілді, ис­пандық, қытайлар, жапон­дық, фили­пиндік модельдермен жұмыс іс­тейміз. Одан бөлек, дүкен, журнал­дармен бай­­ланыс орнаттық. Алда бірле­сіп ат­қаратын шаруа көп.