Сәтбаев жолын жалғаушы
Сәтбаев жолын жалғаушы
Портретті очеркіміздің кейіпкері Алтекеңді, елімізге белгілі қоғам қайраткері, бүгінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Алтынбек Нухұлын ару қала Алматыда, қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қатар еңбек еткен кезден білемін. Ол аталған білім ордасының Химия факультетінде, мен Журналистика факультетінде оқытушылық қызмет атқарып жүрген тұста жолымыз түйіскен. Кейіннен сонда «Қазақ университеті» газетінің бас редакторы, «Қазақ университеті» баспасының директоры лауазымдарында болған кезімде жалындап тұрған жас ғалыммен жақын танысып, тырнақалды ғылыми еңбектерінің жарыққа шығып, елге кең танылып, таралуына аз да болса септігім тиген-ді.
Десек те, Алтекеңмен жақын араласқан тұсымыз сылқым Есілдің бойына жан бітіріп, бағын жандырған сәулетті елордаға қызмет бабымен ауысып келген кезімізге дөп келеді екен. Одан бері де атандай он төрт жыл зу етіп өте шығыпты-ау! 2008 жылы ол Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры лауазымынан Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті төрағасының орынбасары қызметіне, мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінен Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне Журналистика кафедрасының меңгерушісі болып ауысып келгенімізде жолымыз бас қаламызда қайта түйісті. Содан бермен етене араластығымыз артып, достығымыз жарасымды жалғасын тауып келе жатқаны көңіл жадыратады.
Әдетте, жаратылыстанушылар мен әлеуметтанушы ғалымдардың тонның ішкі бауындай аралас-құраластығы бола бермейді. Өйткені екі сала мамандарының ділі (менталитеті) бөлектіктен болуы керек. Бәлкім, ғылыми қызығушылықтары түйісе бермейтіндіктен де солай шығар. Бірақ, бұл тәмсіл екеуміздің арамыздағы жарасымды сыйластыққа қылаудай сызат түсірген емес. Оның бірден-бір себебі Алтекеңнің болмысына байланысты деп білемін. Рухани бай, шешендік өнердің уызын қанып ішіп, бойына дарыта алғандығы соншалық, оның қалың жиында сөз саптауы – жаратылыстанушы ғалымнан гөрі, құдды бір әдебиеттанушы сөйлеп тұрғандай әсерге бөлейтініне талайлар тамсанғанының куәсімін. «Жігітке жеті өнер де аз» деген халық қағидасы ойға оралады осындайда. Алтекеңнің шешендік өнердің шашасына шаң жуытпаған жүйрігі болмасына қақысы да жоқ. Арғы аталары Арқаға ғана емес, алашқа аты әйгілі Бұқар жырау мен атақты Шорман би әулеті болса, жаралған топырағы аузына Алла сөз салған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлынан бастап, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан сынды кілең алып академиктер ауылы екені рас болса, сөз мәйегін тауып сөйлемеу Алтекеңе сын болмай ма?! Алма сабағынан алысқа түспейді. Сол дәннен түп жарған мәуелі бақ мол жемісін бермей қоймайтыны тағы рас. Алтекең – мәуелі бақтың жарқын жемісі. Өткен, 2021 жылы Алтынбек Нухұлы «Жылдың ең үздік Сенаторы» жүлдесіне ие болды. Ол да туған топырақ қасиетінің жемісі деп білеміз. Жеңіс оңай келмейтіні етенеден белгілі. Жыл бойғы заң шығарушылық дейтін көптің көзіне көріне бермейтін, мехнаты мол, аса жауапкершілікті талап ететін, көз майын тауысып еңбектенуді қажетсінетін, түрлі кездесу, жүздесулерде тауып сөйлеп, сүрінбей өтуді сұранып тұратын сенаторлық міндетін мүлтіксіз атқарғаны өз алдына, қоғамдық негіздегі қомақты қызметіне берілген әділ баға деп білеміз. Ол қандай қызмет болды екен дейсіз бе? Түгел тізбей-ақ, көптің көңілінен шыққан екі ірі ісін айтсақ та, оған көзіңізді айқын жеткіземіз.
Қазақтың Қанышының ерен еңбегі – ұрпаққа үлгі. Бүгінгінің балалары Сәтбаевтың өнегелі өмірін үлгі тұтып өссе, ұлттың ертеңі жарқын болар еді. Бірақ олай болмай тұрғаны жанымызды ауыртады. Осы күнгі жастардың бас қаһармандары – қолдан жасалған, бүгін бар, ертең ғайып «жұлдыздар». Әншісымақтар мен әртіссымақтар. Бүлінгеннен бүлдіргі терген блогерлер. Одан қалса, ұрлықпен байыған байсымақтар мен билігімен шіренген шенеуніктер. Ал нағыз құрметтелуге тиіс ғалымдар мен еңбек ерлері ескерусіз, қажетсіз тұлғалар болып шетке ысырылып, дәріптеусіз далада қалуда. Оны көрген жастар қайтіп ғылымға, адал еңбек етіп, мол ризық табуға ұмтылсын? Оларды оңай олжаға бейімдеп жатқан өзіміз, қоғамның осы бір кінәраты – елдігіміздің ертеңі үшін үлкен қауіп. Мұны мемлекеттік идеологиямыздың үлкен олқылығы демеске лажымыз жоқ.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында сол олқылықтың орнын толтыру бағытында оң қадам жасауға нышан байқалғанының өзі – көңілімізге медет. Елі үшін, қасиетті жері үшін тер төккен, тіпті жанын пида еткен арда арыстарымызға арнап ескерткіштер тұрғызылуы, олардың ғибратты ғұмырларын көпке өнеге ету мақсатында деректі және көркем фильмдер түсіріліп, көгілдір экраннан беріле бастауын жақсылыққа жоримыз. Бұл бағытта әлі де атқарылар іс қыруар екенін ел зиялылары бағамдап отыр. Ел құрметтеуге тиіс игі жақсыларымыздың үніне құлақ асып, мақсатты бағыттағы жұмыс жүйелі жалғасын таба берсе, ұлт ұтысқа шығары даусыз.
ХХ ғасырда қазақ ғылымын әлемге паш еткен, сол арқылы қазақ деген халық бар екенін төрткүл дүниеге танытқан Қаныш Сәтбаевтың ескерткіші Тәуелсіз Қазақстан астанасында күні кешеге дейін болмай келуі – елдігімізге сын еді. Сол мінді түзеуде сенатор Алтынбек Нухұлының еңбегі ерен екенін айтуға тиістіміз. Елордадағы Сәтбаев көшесінің төріне қойылған еңселі ескерткіш алыстан менмұндалап көз тартады. Жоба идеясының авторы және жетекшісі Алтекеңнің жан-тәнімен беріле істеген еңбегінің жемісі екенін көпшілікке жар сап тұрғандай әсерге бөлейді. «Қ.И.Сәтбаев халықаралық қоры» қамқоршылық кеңесінің төрағасы ретінде ұлы ғалымның ғибратты ғұмырын ұрпаққа үлгі ету мақсатында ескерткіш тұрғызумен шектеліп қалмай, атақты ақын Несіпбек Айтұлына қолқа салып, поэма жаздырып, оны аудиотаспаға түсіріп, «Қазақ» радиосынан бірнеше дүркін тыңдарманға таныстырып, алтын қорына табыстауы – жанкешті еңбегінің тағы бір парасы. Сәтбаевқа арналған телесериал түсіріліп, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы қалың көрермендерінің көзайымына айналуында да сенатордың қолтаңбасы анық байқалады.
Қазақтың Қанышының ғұмыр-дастанын зерттеп, зерделеумен айналысу Алтекеңді біртіндеп оның жолын жалғаушы деңгейіне көтеріп келеді. Жаратылыстану саласынан шыққан ғалымдар арасынан көсемсөзшілер, яғни бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамның өзекті мәселелерін көтеретін тұлғалар тым сирек. Алтекең радио, телеарналардың үлкен аудиториясында көптің көңілінен шығар құнды ойларын мөлдіретіп айта алатындығымен бірге, баспасөзде жиі жарияланып тұратын көсемсөз туындыларымен де ел құрметіне бөленіп келеді.
Үстіміздегі жылы қазақ халқының мерейін тасытатын бір мерейтой аталып өтіледі. Ұлтымыздың рухани ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына – 150 жыл. Бір өзі бірнеше институттың атқара алмай келе жатқан қызметін еңсерген ұлт руханиятының ұлы тұлғасына қазақ елі қарыздар. Ол қарызды немен өтейміз дегенді әр қазақ ойлануы керек. Сенатор Алтынбек Нухұлы алғашқы болып ой салып, үлкен мінберден ұлт ұстазының ұлы тойын халықаралық мәртебелі ұйым ЮНЕСКО күнтізбесіне енгізіп, әлем адамы деңгейінде атап өту туралы бастама көтерді. Оны әріптестері ғана емес, қалың ел қолдап әкетті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, жүрекжарды бастама нәтижелі болды. Алыстан қуанышты хабар жетті. Басқа жұрттар қол жеткізе алмай жүрген мәртебелі ұйым қазақтың Ахметінің мерейтойын әлемдік деңгейде атап өтуді ұйғарғаны туралы шешім қабылдауы – алаш асығы алшысынан түскенінің айғағы. Ендігі-
сі – елдігімізге сын. Одан сүрінбей өту қазақ билігі мен халқына емтихан болғалы тұр. Үкіметке қайта-қайта сұрау салып, әкім-қараларға хат жазып, елдің мазасын алып, атқамінерлердің жауапкершілігін арттыруға, ел зиялыларын осы іске жұмылдыруға мұрындық болып жүрген сенатордың еңбегі атап өтуге әбден лайық. Алтекең бастамашыл болған іс нәтижесіз болған емес. Алла жар болса, еліміз бұл емтиханнан да сүрінбей өтіп, абыройы асқақтайды дегенге сеніміміз мол. Ең бастысы, Ахмет Байтұрсынұлындай ұлт жанашырының жолы даңғыл болып, ел болашағы – жастарымызды ұлт ұстазының ұстанымымен баулу мақсаты жүзеге асса, мерейтойдың нағыз нәтижесі сол болар еді...
Сегіз қырлы, бір сырлы жігіт ағасы Алтекеңнің іскерлігіне, ұйымдастырушылық қабілетінің кереметтігіне ана жылы Павлодар қаласына барған сапарымызда көз жеткізіп қайтқанымыз бар-тын. Ол кезде Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры болатын. Сонда ол институтты университетке айналдыру бағытында қыруар жұмыс жүргізіліп жатқанын айтып, айызымызды қандырған еді. Көп ұзамай мақсатына жетіп, білім ордасы университет болғанын естіп, қуанышын бөліскеніміз есімізде. Ректор іскерлігінің бұл да бір айқын айғағы. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, мемлекеттік сыйлықтың иегері, атақты ақын Ұлықбек Есдәулетовтің шығармашылығын дәріптеуге арналған салтанатты шараға астанадан қадірлі қонақ ретінде шақырылған бір топ қаламгердің қатарында болған едік сол сапарымызда. Керемет ұйымдастырылған кездесу кешінен екі күн, екі түн көрген-түйгенімізден алған әсерімізден одан бері бес жылға жуық уақыт өтсе де арыла алмай келеміз. Алтекең туған жердің даңқын асыру мақсатындағы іс-әрекеттеріне есеп бергендей болып еді сол жолы. Өзінің жүзеге асырған жобаларымен таныстырып, мейірімімізді әбден қандырды. Павлодар облысының қасиетті қазыналары картасын көріп, Марғұлан орталығы мен Сұлтанбет сұлтанның ғылыми білім беру кешенін, «Ақкелін» тарихи-мемориалдық кешені құрамындағы Мұса Шорманұлының кесенесін, Шорман би отбасының үй-жайы мен «Туған жердің тарихи тұлғалары» музейін аралап, «Павлодар облысының 100 тарихи тұлғасы» атты қазақ және орыс тілдерінде түсірілген 200 қысқаметражды фильмнен үзінділер тамашалап, керемет күй кешіп, өмірі ұмытылмастай әсерге бөлендік. Кешкісін тастаяқтан (бильярдтан) Ұлықбек Есдәулетов атындағы турнир ұйымдастырды. Тартысты додаға қатысып, жүлделі екінші орын алып, қомақты қаржылай сыйлықты қанжығамызға байладық. Одан бөлек, арнайы дайындалған кубок иеленіп, әріптестермен бірге мәре-сәре болып тарқағанымыз естен кетпейді. Таң-тамаша қалдырғаны, таң атқанша қасымызда болған Алтекең таңғы асымызды ішіп болар-болмаста кабинетіне жинап, екі күнгі, ішінде түн ортасы ауғанға дейін жалғасқан турнирдің фотосуреттері де бар әрқайсымызға арнап бір-бір фотоальбомды қолымызға ұстатқанда, бұған қалай үлгерген деген ой жылт бергені жадымызда. Ұжымды бір мақсатқа жұмылдыра білген ұйымдастырушылық қабілет деп, міне, осыны айт!
Телегей теңіз білім иесі Алтекеңнің білім, ғылымдағы жетістіктері туралы сала мамандары болмаса, біз жарытып ештеңе айта алмайтынымыз хақ. Өйткені химиядан хабарымыз аз. Дүлдүл шешендігін жоғарыда тілге тиек еттік. Қайраткерлік қыры туралы аз болса да саз хабар жеткіздік деген ойдамыз. Енді бір қыры туралы біз айтпасақ болмайды. Ол тастаяқ шебері екені жайлы шындық. Қай нәрсені қолға алса да, әуесқойлықпен шектелмей, кәсіби деңгейге көтеріліп барып жүзеге асыру – Алтекеңнің тума табиғаты. Қазақ зиялыларының арасында тастаяққа әуес таланттар көп, бірақ кәсіби деңгейде меңгерген жан жалғыз. Ол – Алтынбек Нухұлы. Қалай дейсіз бе? Айтайын. Арнайы оқуын оқып, арнайы жаттықтырушы жалдап, сиқырлы өнердің қыр-сырын терең меңгерген, киді ұстап, шарды ұру алдындағы тұрысының өзі кәсіби тастаяқшылардан бір айнымайтын Алтекеңнің ұрған шары ұясында топ етіп тулап жататынын көргендердің тамсанбайтыны кемде-кем. Сенаторлар арасында ғана емес, қаламгерлер мен өнер адамдарының ортасында өткізіліп тұратын түрлі тастаяқ турнирлерінде топ жарып, бас бәйгені иемденіп жүргені де сондықтан.
Ендеше, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, тастаяқта ғана емес, өмірдарияңызда да тасыңыз өрге домалай берсін, Алтеке демекпіз!
Қайрат САҚ, Л.Гумилев атындағы Еуразия университеті Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор