ҰБТ – 2022: 1 жылда 4 рет өтетін тестілеу

ҰБТ – 2022: 1 жылда 4 рет өтетін тестілеу

ҰБТ – 2022: 1 жылда 4 рет өтетін тестілеу
ашық дереккөзі
Мектеп бітіруші түлектердің өмі­рін­дегі маңызды сәттердің бірі – Ұлт­тық бірыңғай тестілеу. 11 жылдық білім мен біліктің нәтижесін көретін бұл күн­нің маңызы талапкерлер үшін әрқашан жо­ғары. Әр жыл сайын форматы мен ере­жесі жаңарып отыратын ҰБТ-ның биыл­ғы жаңалығы мен өзгерісі жетерлік. Бұрынғы тестілеуден айырмашылығы да аз емес. Соларға шолу жасап өтсек. Мысалы, былтыр бірыңғай тестілеу 2 рет өткізілсе, биыл 4 рет болады. Нақ­ты­рақ айтқанда, қаңтар, наурыз, мамыр-шіл­де және тамызда. Қаңтар, наурыз, тамыз ай­ларында тест тапсырған талапкерлердің ЖОО-ның тек ақылы бөліміне түсуіне мүм­кін­дігі бар. Ал мемлекеттік грант үшін мамыр мен шілде аралығында болатын тестілеу не­гізгі ҰБТ деп аталады. Оны тапсыруға әр тес­тіленушіде екі мүмкіндіктен болады. Қазір ҰБТ 43 аймақтық тестілеу орта­лы­ғында өткізіліп жатыр. Ұлттық тестілеу орталығының айтуынша, барлық ор­талық техникалық жағынан толық қам­­тамасыз етілген. ҰБТ-ға кіргізу үш дең­гей­лі жүйе бойынша жүзеге асырылады: Face ID же­ке басын сәйкестендіру арқылы, жеке куә­лік бойынша, сондай-ақ отыратын ор­нын­да жеке басын сәйкестендіру. Биыл тес­ті­л­еу «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қа­ғидаты бойынша өтеді. Егер бұған дейін тес­тілеу процесін әр компьютердің жоғарғы жа­ғынан бақылап отыратын бір камера ғана бол­са, енді тестіленушінің жеке басын сәй­кес­тендіруге және бөгде адамдардың кіруіне жол бермеуге мүмкіндік беретін екінші (фронталды) камера орнатылған. Ал тестілеуге енгізілген пәндердің саны еш өзгеріссіз қалдырылған. Үш міндетті және екі таңдау пәні бойынша. Тест тап­сыр­ма­лары­ның саны – 120. Оның ішінде Қазақстан та­ри­хынан – 15, математикалық сауатты­лық­тан – 15, оқу сауаттылығынан – 20 және екі бейіндік пәннен – 35. Ең жоғарғы ұпай са­ны – 140. Тестілеудің жалпы уақыты – 4 са­ғат (240 минут). Естеріңізге сала кетсек, 2021 жылдан бас­тап тестілеу электронды форматқа кө­шірілген болатын. Талапкерлер ҰБТ-ны жер­гілікті тестілеу орталықтарында тап­сыра­ды. Электронды форматқа көшкеннен бері ап­пеляция беру рәсімі жеңілдеген. Өткен жыл­дар сияқты аппеляцияны келесі күні емес, үміткерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде бере алады. Ал оның нә­ти­жесі 30 күн аралығында шығады. Ұлттық тестілеу орталығы көрсеткен ста­тистикаға сүйенсек, қазақ тілінде тест тапсыратын талапкерлердің саны жыл сайын артып келе жатыр екен. Атап айтсақ, биыл наурыз айындағы тестілеуге қатысқан 105 000 оқушының 78,2 пайызы қазақ, 21,7 пайы­зы орыс, 0,2 пайызы ағылшын тілінде тап­сырған. Оның ішіндегі шет тілін таң­дағандар Білім-инновация лицейі, же­ке­мен­шік ағылшын тілінде білім беретін мекеме тү­лектері екен. Дегенмен олар міндеттелген өзге пәндердің ішінен жалғыз пән Қазақстан тари­хын қазақ тілінде не орыс тілінде тап­сырады. Сондай-ақ орыс мектебінде оқыған талапкер тест кезінде қазақ тілін таңдауға мүм­кіндігі бар. Бұрынғы оқыған тілі бойын­ша ғана тапсыру деген қағиданың қазір маңыздылығы жойылған. ҰБТ-2022: БАСТЫ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ ҚАНДАЙ? Бұл сауалды тікелей Ұлттық тестілеу ор­талығына жолдаған кезімізде Білім жә­не ғылым министрілігі шешім қабылдау ке­зінде оқушылардың ұсынысын, қызығу­шылығын назардан шығармауға тырысаты­нын жеткізді. Сол себепті негізгі ҰБТ-ны 2 рет тап­сыру мүмкіндігі туралы шешім талап­кер­лер­дің ұсынысына сәйкес қабылданыпты. Яғни, оқушылар енді екі рет ҰБТ тапсырып, грант­қа түсуге мүмкіндік алады. Мемлекеттік грант конкурсына екі сертификаттың біреуін ұсына алады. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Мұндай шара оқу­шылардың эмоционалды стресс деңгейін тө­мендету үшін жасалды» деген болатын. Бірақ талапкерлер екі мүмкіндікте де бір­бейін­дік пәндер комбинациясын таңдауы ке­рек. Яғни, бірінші мүмкіндікте «Матема­ти­ка+Физика» пәнін таңдаса, екінші мүмкін­дік­те де «Математика+Физика» комбинация­сы бойынша тапсыруға тиіс. Биыл­ғы ҰБТ-ның тағы да бір ерекшелі- гі – бірінші мүмкіндікте ереже бұзған жағдайда екінші рет тапсыру мүмкіндігінен айы­рылады. Ал екінші тестілеу барысында ере­же бұзса, бірінші және екінші тестілеудің нә­тижелері жойылады. ҰБТ нәтижелері жойыл­ған талапкерлер тамыздағы тестілеуге қа­тыса алады, сонымен қатар шартты негізде ЖОО-ға ақылы қабылданып, ҰБТ тапсыра ала­ды. Сол үшін де тест тапсырушы түлек­тер­ге академиялық адалдықты ұстану мін­дет­теледі. Бұл жолы ерекше білім беру қажет­ті­ліктері бар балаларға да назар аудары­лып­ты. Мысалы, оларға негізгі уақыттан бө­лек, қосымша 40 минут беріледі. Сонымен қа­тар ерекше көмекті қажет ететін оқушы­лар­ға суретсіз, сызбаларсыз және диаграмма­лар­сыз тест нұсқалары жасалған. Қабылдан­ған шаралар ерекше білім қажеттіліктері бар тес­тіленушілер санының артуына себеп бо­лып отыр екен. Егер 2021 жылы негізгі ҰБТ-ға 90 бала қатысса, биыл үш апта ішінде тес­ті­леуге ерекше білім беру қажеттілігі бар 310 ба­ла қатысыпты. Сондай-ақ академиялық адалдықты сақ­тау мақсатында тапсырылған тест нұс­қалары таңбаланады. Яғни, ҰБТ-ның әр қатысушысының жеке тест нұсқасы болады. Ере­желерді бұзған немесе тест тапсыр­ма­ла­рын аудиториядан шығаруға талпынған жағ­дайда жоғарыда айтып өткендей, олар­дың нәтижелері жойылады. Ұлттық тестілеу ор­талығының мәліметінше, осы кезге дейін 119 талапкер смартфон, шпаргалка және бас­қа да тыйым салынған заттарды алып өту әре­кеттері үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылған екен. Орталықтың сөзінше, қатаң ба­қылау мен талап тестілеу процесінің әділ әрі шынайы өтіп, түрлі заңсыздықтардың ал­дын алуға негіз болады. Биылғы ҰБТ-ның тағы бір жаңалығы – тақырыптық талдау жүйесінің ен­гізілуі. Ол оқушылардан бөлек, мектеп мұға­лім­дерінің де қай бағытта жұмыс жасау ке­рек­тігін бағдарлауына да көмек болады. Бұл оп­ция алғаш рет пилоттық жоба ретінде биыл­ғы наурыздағы ҰБТ-да қосылыпты. Бұрын талапкерлердің жеке кабинетінде тек алған жалпы балы ғана көрінетін болса, биыл онымен бірге тест қорытындысы бойынша та­қырыптық талдау нәтижесі де беріледі. Яғни, қазір негізгі ҰБТ-ға дайындалып отыр­ған балалар наурыз тестілеуінің қоры­тын­ды­сы бойынша қай пәндерден және қандай та­қырыптардан дайындығын жақсарту қажет екенін біледі. Сонымен бірге 1-мүм­кіндігін тапсырып болған талапкер та­қырыптық талдау арқасында екінші мүм­кіндікке толық дайындала алады. Бұл тал­даулар автоматты түрде жасалатындықтан, ол арқылы республика көлеміндегі білім са­пасын бақылауға да болады екен. Алайда бұл бұрынғыдай мектеп әкімшілігі мен мұ­ғалім­дердің талапкерлерге моральдық қысым жа­сауына себеп емес. Мысалы, осы кезге дейін білім ордаларында оқу үлгерімі төмен­деу бітіруші түлектерді «төмен балл алып қал­са, мектеп рейтингіне кері әсер етеді» деп ҰБТ-ға қатысуына қарсы болу мен шеттету жағ­дайларын жиі естіп жүрдік. Ол әлі де сая­бырлаған жоқ. «Бұл тақырыптық талдаудағы ең негізгі мақ­сатымыз – рейтинг шығару емес, білім беру­дің қай саласында біздің кемшіліктеріміз бар, соны түзетуге бағыттау. Сол үшін де талапкер төмен нәтиже көрсеткен жағдайда оған бұрынғы үйреншікті принциппен ауыр сын айтудан аулақ болу керек», – дейді ҰТО ди­ректоры Руслан Тоқтарбекұлы. Сондай-ақ 2017 жылдан бастап ҰБТ-ға қатысу, қатыспау еркі әр оқушының өзіне берілген. Онлайн тір­келудің өзі оның ешкімнің ықпалынсыз же­ке шешім қабылдауына мүмкіндік береді. Тіп­ті, тапсыратын күнін, уақытын, өтетін же­рін де өзі таңдай алады. Орталық дирек­торы­ның сөзінше, бұл жеңілдетілген про­цес­тер баланың тестілеуден психологиялық тұр­ғыдан қиналмай өтуі үшін жасалған. Жыл сайын ҰБТ тапсырмаларына қа­тысты сын айтылып жатады. Биыл тест базасындағы «Қазақстан тарихы» пәні сұрақтарының саны өзгеріссіз сақтала отырып, контекстік (мәнмәтіндік) тест енгі­зіліпті. Яғни, 15 сұрақтың 5 сұрағы контекстік сұрақтар, мәтінді оқып сұрақтарға жауап беру қажет. Бұл контекстік сұрақтар факто­ло­гияға емес, функционалдық сауаттылыққа негізделген екен. Бұл жоғарыда аталған ережелердің бар­лығы жалпы білім беру мекемелері­не арналған. Осы тұста елімізде ҰБТ-дан босатылған Назарбаев зияткерлік мектептері мен SAT емтиханын тапсыратын білім ме­кемелері бар екенін де айта кеткен жөн. Олар­дың балына арнайы емтихан арқылы кон­вертация жасалып, ЖОО-на түсу кон­кур­сына тікелей қатыса алады. ҰТО дирек­торы­ның айтуынша, алдағы уақытта ұлттық тес­тілеу барлық білім мекемелеріне мін­­­деттелуі мүмкін. «Бірақ биыл SAT-тың өзінде үлкен өзгеріс бол­ды. Қазір арнайы жоба жасалып жатыр. Ол жүзеге асқанда ҰБТ-ны тапсырмайтын бі­лім мекемелері елімізде аз қалады», – дейді ол. БИЫЛ ҚАНША ГРАНТ БӨЛІНДІ? Мектеп бітіруші талапкерлерді алаң­да­татын көп сұрақтың бірі – осы. Өйткені әр жыл сайын басымдық берілетін ма­мандық салалары мен бөлінетін грант са­ны өзгеріп отырады. Осы сауал бойынша Бі­лім және ғылым министрлігінен мынадай жауап алдық. Жалпы, біздегі білім гранттарын бөлу Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігі берген ел экономи­ка­сы­ның салалары үшін қажетті мамандықтар бол­жамы негізінде жасалады екен. Кейін сол кадрларды даярлауға арнал­ған мемлекеттік білім беру тап­сыры­сы Үкіметтің үш жылға арналған қау­лысы­мен бекітіледі. Статистикаға назар са­ла­тын болсақ, білім гранттарының жыл сайын кө­бейіп бара жатқанын байқауға бо­лады. Мы­салы, 2019 жылы жоғары білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы 51 023 грантты құраса, 2020 жы­лы 51 056 грант бөлінген. Ал былтыр талап­кер­лерге арналған грант саны 56 561 болған. Жалпы, соңғы 5 жылда жоғары білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырыс 50 пайыздан асқан. Енді 2022-2023 оқу жылы, яғни биылға ар­налған мемлекеттік білім беру тап­сырысына тоқталсақ. Елімізде жоғары білімді кадрларды даярлауға арналған жалпы саны 88 214 грант бөлініпті. Оның ішінде бакалав­риат үшін 73 061 грант, магистратураға 13 263 грант, ал докторантура арналған 1 890 грант бар. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл ЖОО-лардағы грант­тардың 60 пайызы техникалық маман­дықтарға бөлінеді екен. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасы бойынша техникалық және IT маман­дықтарға арналған гранттардың жалпы саны 36 пайыздан 60 пайызға дейін өседі. ГРАНТҚА ТҮСУДІҢ БИЫЛҒЫ ШЕКТІК БАЛЫ ҚАНША? Тестілеудің ең жоғары балл саны әдеттегідей – 140. Ал шығармашылық дайы­н­дықты талап ететін мамандықтарға түсуші талапкерлер үшін ең жоғары балл – 125 балл. Дегенмен грантқа түсу үшін ҰБТ-дан жинаған балдың республикалық конкурс дең­гейіндегі балмен сәйкес келуі маңызды. Сол үшін биылғы шекті балдарға тоқталып өт­сек. Ұлттық жоғары және жоғары оқу ор­нынан кейінгі білім беру бағдарла­ма­ларын iске асыратын ұйымдарына кемінде 65 балмен қабылданады. Ал «Педагогикалық ғылымдар» мен «Құқық» даярлау бағыты бойын­ша бекітілген балл саны 75-тен төмен емес. Сонымен қатар «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» білім беру салалары бойынша грантқа оқуға түсу үшін 60 балдан кем жинамау керек. Ал басқа да жоғары оқу орындарына түсу­дің шекті деңгейі кемінде 50 балды құ­райды. «Педагогикалық ғылымдар» саласында тегін негізде оқу үшін шекті балл 75-тен жо­ғары болу керек болса, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету», яғни ме­ди­цина саласы бойынша 70 балдан төмен бол­мау керек. Сонымен қатар әр ЖОО-ның белгілейтін өз шекті балы барын да ескерген дұрыс. Ал бейін­ді пәндер білім беру бағдарламары тобы­на байланысты таңдалады. Руслан ЕМЕЛБАЕВ, Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының директоры: «ҰБТ ТАПСЫРМАЛАРЫ ТЕК МЕКТЕП БАҒДАРЛАМАСЫНА САЙ ҚҰРАСТЫРЫЛАДЫ»
– Ұлттық тестілеу орталығы министрлікпен тек тестілеу кезінде ғана емес, оның басталуына дейін де оқушыларға қолайлы жағдай жасау үшін тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Сондықтан біз талапкерлерге ҰБТ-ға дайындалу үшін онлайн сынақ тестілеуді іске қостық. Бұл – барлық талапкерге тегін. Сынақ тестілеуінен өту кезінде талапкер тест тапсырмаларымен танысуға және таңдалған пәндер бойынша өзінің білім деңгейін тексеруге мүмкіндігі бар. «Жаратылыстану бағытындағы пән сұрақтары тым күрделі. Мектеп бағдарламасынан тыс сұрақтар көбейген» деген сияқты сыни ескертпелерді естіп жатамыз. Алайда, ҰБТ тапсырмалары тек мектеп бағдарламасына сай құрастырылады. Ол сұрақтарды мектепте сабақ беріп жүрген пән мұғалімдері даярлайды. Тест құрастыру алдында бұл педагогтер тестология бойынша семинар-оқыту курстарынан өтіп, тест тапсырмаларын дайындауға кіріседі. Даярланған сұрақтар екі рет сараптамадан өтеді, әр сараптамадан соң түзету жұмыстары жүргізіледі. Сараптамаға да тәжірибелі пән мұғалімдері шақырылады. Екі сараптама аяқталған соң, тапсырмалар мектепте 11-сынып оқушыларымен апробациядан өтеді. Содан соң Ұлттық тестілеу орталығының пән кураторлары тапсырмаларды ҰБТ-ның сұрақтар базасына енгізеді. Жалпы, негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 290 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Мемлекеттік білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін болатын тестілеу 16 мамырда басталып, 2022 жылғы 5 шілдеге дейін жалғасады. Бұл ретте талапкерлер тестілеу орны мен уақытын өздері таңдады. Тағы бір жаңалығымыз, білім беру орталықтарының қолдауымен тегін онлайн сабақтар жүргізіп жатырмыз. Олар орталықтардың YouTube арналарында тікелей эфирде өтеді және сақталады. Оқушылар кез келген уақытта сабақтарды қайта қарай алады. Талапкерлер үшін жасалған тағы да бір мүмкіндік – екі жыл қатарынан ҰТО Қазақстан тарихы және Дүниежүзі тарихы пәндері бойынша 100 датаны бекітті. Тестілеу барысында кездесетін даталар тек осы 100 датадан болады. Олар желтоқсан айында біздің сайтымызға орналастырылды. Биыл талапкерлерге ыңғайлы болу үшін алғаш рет ҰБТ-ның күнін, уақытын, орны мен бейіндік пәндерін еске салатын SMS жолданатын болады. Хабарлама ҰБТ-ға қатысушылардың өздеріне, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толмаған тестіленушілердің ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне жіберіледі. Кәмелеттік жасқа толмаған талапкерлер негізгі ҰБТ-ға тіркелу барысында ата-анасының біреуінің немесе заңды өкілдің аты-жөнін және байланыс телефонын көрсетті. Айта кетсем, негізгі ҰБТ-ға қатысуға өтініш беру 2022 жылғы 28 сәуір мен 14 мамыр аралығында app.testcenter.kz сайтында жүзеге асты. Өтініштерді қабылдауды 24 сағат режимінде үздіксіз жүргіздік. Жаңа ережелер мен өзгерістердің барлығы балалардың физикалық, психологиялық мүмкіндіктерін ескере отырып қабылданды. Әлі де тестілеудің өту барысы мектеп бітіруші түлектерімізге барынша жеңіл әрі ыңғайлы болуы үшін жұмыс жасап жатырмыз.
Түйіндесек, ҰБТ-ның жыл сайын ережелері мен өткізу форматының өзгеруі тест тапсырушы талапкерлерге барынша қолайлы жағдай жасауға бағытталып жатқаны қуантады. Жаңа өзгерістердің енуі бітіруші түлектерге мектеп тарапынан моральдық қысым жасалуына шектеу қоятын шығар деген үміт бар. Биылғы жаңалықтың ең тиімді тұсы – оқушылардың ақылы және тегін негіздегі ЖОО үшін тестті өздері қалаған уақытта 2-3 рет тапсыруға мүмкіндік берілуі. Дегенмен ұлттық тестілеуді ортақ бір жүйе мен стандартты формаға келтіретін де уақыт келген сияқты. Бұл – қоғам талабы. Сондай-ақ бірыңғай тестілеуді білім мекемелерінің бәріне тапсыруды міндеттеу тезірек жүзеге асса, ҰБТ елдегі барлық бітіруші түлектердің тілегін бір жерге түйістіретін негізгі сынақ платформасы статусына ие болар еді. Дегенмен бұл тестілеу өмір мен білім емтихандарының ең соңғысы еместігін ұмытпаған да жөн.