Әскер неге әлімжеттіктің ошағына айналды?

Әскер неге әлімжеттіктің ошағына айналды?

Әскер неге әлімжеттіктің ошағына айналды?
ашық дереккөзі
Армия – мемлекеттің тірегі. Қарулы күштері әлсіз елдің тәуелсіздігіне үнемі қауіп төніп тұратыны содан. Демек, армия заманауи соғыс құралдарымен жақсы жабдықталып, білікті офицерлер мен сарбаз саны барынша көбірек болғаны дұрыс. Алайда армиядағы басты нәрсе – адам факторы, яғни онда тәртіп пен біліктіліктің маңызы зор. Белгілі нәрсе – армияда шені кішілер, шені үлкенге бағынуы тиіс, сондықтан қарапайым сар­­баздарға сержанттар мен офицерлердің, ал офицерлерге өзінен шені жоғары офи­цер­лер­дің бұйырығы – заң. Талқылауға жатпайды. Сондай-ақ қарулы күштерге қатысты кез кел­ген нәрсе, кейбір жағдайларда болмаса, негізінен мемлекеттік құпия саналады. Бұл – әлем бойын­ша қалыптасқан ереже. Дегенмен... КЕҢЕСТІК КЕЗДЕ ӘСКЕРИ БОРЫШЫН ӨТЕУДІҢ МАҢЫЗЫ ҚАНДАЙ ЕДІ? Кеңестік кезде әрбір ер-азамат үшін әскери боры­шын өтеу үлкен абырой есептелетін. Өйткені ІІ Дүние­жүзілік соғысты жеңіспен аяқтаған Кеңес армия­сының абыройы зор болатын. Жыл сайын 9 мамырда өтетін Жеңіс күніне арналған мерекелік шаралар сал­танатты түрде аталып өтетін. Барлық жерде ІІ дүние­жүзілік соғыс қатысушыларымен кездесулер өткізіліп, олардың Отан қорғау жөніндегі жалынды сөздері үлкен ықыласпен тыңдалатын, оларға қоғамда ерекше құрмет көрсетілетін. Өйткені соғыс ардагерлері Отаны үшін қан төккен, керек болса жанын пида етуге дайын қаһар­мандар саналатын. Шынында да, олар солай болды. Ендеше кім аталардың даңқты жолын жалғастыруға құлшынбайды?! Осындай әскери патриоттық тәрбиенің күшті болуының себебінен болса керек, жасы 18-ге толған жастар өздерін армия қатарына шақыратын сәтті күтіп, әскери комиссариаттан келетін шақыру қа­ға­зын тосып жүретін. Армияға барып, солдат болып өз­дерін сынап көргісі келетін. Армия қатарында болғандардың еңбегін мемлекет те ескерді. Оларға қару­лы күштер қатарынан босатылған соң, оқуға жеңіл­дікпен түсуге, жұмысқа тұруға жағдай жасалатын. Бір сөзбен айтқанда, армияға барып, ел көріп, жер көріп, тәр­тіпке бағынып үйреніп, шыңдалып келген 20 жасар боз­баланы жұрт нағыз ер-азамат санап, үлкен сенім арта­тын. Бұл енді жалпы түсінік қой, солай да болса оның жалпы көрінісі сондай еді. Бірақ сол кездегі армия­ның ішкі тәртібінде кемшіліктер де аз емес еді. Онда орыс тілін білмейтіндер, ауылдық жерден барған солдаттар артта қалған деп саналатын. Бірақ әскери нор­мативтерді ойдағыдай орындай алатын жауынгерлер құр­метке ие болатын. Ал ішкі тәртібіне келсек, кеңестік армияның тілі орысша еді. Бұйрықтар орыс тілінде беріліп, ар­мияға қатысты нәрсенің барлығы сол тілде жүретін. Соның кесірінен тіл білмейтін солдат­тар біраз қиындық көріп, бөлім, взвод, рота командирлерінен шетқақпай көріп қиналды. Алайда «үш күннен кейін адам тозаққа да үйре­неді» демекші, кешегі бозбала, бүгінгі солдат атан­ғандар өзін қолға алып, екі жылдың ішінде еркеліктен, еріншектіктен арылып, сымдай тартылып, шыныққан азаматқа айналатын. Деген­мен айтпауға болмайтын бір нәрсе – кеңес армиясында да қылмыстық әлемнің заңдарына ұқсас нәрселер болды. Мәселен, «дедовщина», бүгінгі тілмен айтқанда – әлімжеттік. Ол кезде де армияға жаңа барғандарды «сынау» жұмыс­тары жүретін, әрине, әскери заңдылықтар тура­лы сөз басқа, бұл солдаттар арасындағы қарым-қатынас жайында. Әскерге жаңа барған «моло­дой­ларды» өзінен бұрын барғандар ары-бері жұм­сап, сержанттар өзіне ұнамаған не қарсы­лас­қандарды түрлі жолмен жазалағанды ұнататын. Оның ішінде кезексіз нарядқа қою, т.б. нәрселерден бөлек, ұрып-соғу, қорқытып жұм­сау сияқты әлімжеттік әрекеттер болмай тұрмайтын. Ондайға жүрек­ті жастар болмаса, ынжық, қорқақ, жігері жа­сықтар «сынып» кетіп, олар үшін армия то­заққа айналатын. Қиындыққа шыдамай, аса сирек жағдайда өзіне қол жұмсап, майып болып жатқандар да кездесті. Бірақ солдатты өзіндей сол­даттардың, сержанттардың ұрып өлтіріп қоя­тын жағдайлары болмайтын. Өйткені ар­мияда кісі өліміне кінәлі немесе әскери тәртіпті өрес­кел бұзатындарды (әскери бөлімді рұқсат­сыз тастап кету, бұзақылық жасау, әскери жар­ғыға бойсұнбау, қару ұрлау, сату, т.б.) «дисбат» (дис­циплинарный батальон – тәртіп, қыл­мыстық жазаны өтеу батальоны) күтіп тұратын. Бірақ сондай жағдайдың өзінде солдаттар оған аса сирек жағдайда түсуші еді. Кеңестік кезде әскери патриоттық тәрбие­нің өте әсерлі болғаны соншалық, 1979-1989 жыл­дары геосаяси жағдайға байланысты кеңес­тік басшылардың шешімімен Кеңес Армия­сы­ның шектеулі контингенті Ауған жерінде әрекет етіп жатқанда армия қатарына алынып жатқан жастар сол жаққа барып қызмет еткісі келетін, тіпті арыз жазып сұранатын. Жоғарыда айтып өткеніміздей, кеңестік ар­мия­да әскери тәртіптен басқа солдаттар ара­сында өздерінің «тәртібі» болды яғни «әлім­жет­тік». Армияда кейін барғандар өздерінен бұрын бар­ғандардан таяқ жемей қайтатыны бол­­майтын. Сосын олар де кейін сол «тәртіпті» қай­­талайтын. Ол тіпті «дәстүр» сияқты еді. Әри­не, қарулы жігіттер ондайға бойсына қой­маса, ондайларды жабылып сабап кету деген болып тұратын. Бірақ сол армияда өзіміз болған кезде таяқ жеп мерт болған солдатты көрмедік. Дегенмен қазіргі кездегі қазақ армиясында сол «дәс­түр» әлі жалғасып келе жатқанын біліп отыр­мыз. Сорақысы сол, біздегі бар-жоғы бір-ақ жыл­дық әскери борышын өтеу жағдайында кейін­гі жылдарда сарбаздар өлімі жиілеп барады... ҚАЗАҚСТАН ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІНДЕ САРБАЗДАР НЕГЕ МЕРТ БОЛЫП ЖАТЫР? Қазақстан Республикасының Қарулы Күш­тері 1992 жылдың 7 мамырында құрылды. Биыл оған 30 жыл толды. Армия құрғақта және теңіз­де Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғыз Респуб­ли­касы және Түркіменстан елдерімен шектесетін 15 мың шақырымдық мемлекеттік шекара­мыз­ды қорғап тұр. Жыл сайын мемлекет өз Қарулы Күштерін барынша күшейту үшін миллиард­та­ған теңге қаражат бөліп отыр. Солай да болса біз­дің әскери салаға ең жетіспейтіні – тәртіп мен жауапкершілік. Қару сату мен ақша жым­қыру мәселесінде Қарулы Күштер басшылары ара­сында істі болып жатқандар аз емес. Жо­ға­ры­да сондай жағдай болып жатқанда төмендері не оңсын?! Әскери қызметін өтеп жатқандарды кеңес­тік кездегідей нашар тамақтандырмайды. Әс­кери міндетті атқару уақыты да бар-жоғы бір жыл. Бірақ қазақ армиясында сорақы жағдайлар жиі жүз беріп жатыр, оның бір көрінісі – үйінен сау кетіп, мүгедек болып не жансыз оралып жат­қан немесе әлімжеттік қысымына шыдамай өз­деріне қол жұмсап жатқан сарбаздар... Өз армиямыздың құрылғанына толған 30 жыл ішінде қанша сарбаз әскери қызметін өтеп жүр­генде қайтыс болғанын санап шығу қиын емес, бірақ олардың бәрін тізіп отыру да жүйкеге салмақ түсіретін іс, десек те кейбір жағ­дайлар туралы айтып көрейік. 2011 жылы әскерилер арасында өз-өзіне қол жұмсаудың 21 фактісі тіркелген! 2012 жылы Атырау өңірінің тумасы 18 жасар сарбаз Әзімбек Абдуллаев әскери поста тұрған жерінде Калашников автоматынан өзін басынан атқан. Әскери бөлімдегілер марқұмда психикалық жағынан тұрақсыздық белгісі байқалған десе, баланың ата-анасы әскерилер оны сондай жағдайға жеткізген деп санайды. Дәл сол жылы әскерге барғанына бар жоғы бір апта болғанда 20 жастағы Дамир Арынов өз бел­дігіне асылып көз жұмған. Әскерилер сар­базды асылып қалған бойдан жан тапсырды десе, ата-анасы оны біреу өлтіргеніне сенімді. Өйт­кені бала үйімен телефон арқылы хабарлас­қанында оны ұрып-соғып жатқанын айтқан. Баланы ата-анасы армияға жібергісі келмеген, ал ол «соғысқа бара жатқаным жоқ қой, әскери қыз­метімді өтеуім керек» деп өз еркімен кеткен көрінеді. 2012 жылғы 30 мамырда «Арқанкерген» шекаралық постында 14 шекарашы қаза тапқан. Кейін олардың бәрін солармен бірге қызметін өтеп жатқан 15-шекарашы Владислав Челах өлтірді деп, қырғыннан аман қалған сарбаз сотталып, өмір бойы түрмеге отырғызылды. Қазір ол ел Президентіне хат жазып, қайтыс болған 14 шекарашының өліміне өзінің кінәсі жоқтығын, сол күні ол поста тұрғанда шекара­шы­лардың бірі «бізге шабуыл жасалды, қашың­дар» деп айқайлағанын естіп, содан амалсыз қашып аман қалғанын айтып жатыр... 2019 жылғы 2 наурызда Қапшағай қаласын­дағы № 65476 әскери бөлімде 19 жастағы сарбаз Дмитрий Ганчлевский биік мұнарадан секіріп, мерт болған. Ол сол күні түнде арнайы резер­вуар­ға су толтырған кезде кранды ашып, кейін жабу­ды ұмытып кеткен. Ол туралы сарбаз тү­сініктеме жазған. Соған ашуланған, сол күні ро­та кезекшісі болған сержант Әлібек Ағыбаев Ганч­левскийдің бетінен шапалақпен тартып жібер­ген және сарбазға «түнімен кезекшілікте тұра­сың» деген. Содан жарты сағат өткенде Ганч­левский сыртқа шығып, 26 метрлік мұнарадан секіріп, көз жұмған. Кейін осы әскери бөлімде төрт жылдан бері келісімшартпен жұмыс істеп келе жатқан Әлібек Ағыбаев болған жағдайда «билігін асыра пайдаланды» деп айыпталып, әс­кери соттың үкімімен алты жылға бас бостан­дығынан айырылды. Ал Ағыбаевтың анасы мұны «әскери бөлім өздерінде әлімжеттіктің ба­рын мойындағысы келмегендіктен баламды сот­татып жіберді» деп санайды. Биылғы жарты жылдың өзінде әскери қыз­метін атқарып жүрген үш сарбаздың қайтыс бол­ғаны жалпақ жұртқа мәлім болды. Оның бірін­шісі – Қызылорда облысы Қазалы ауда­ны­ның тумасы 19 жастағы Ұлықбек Бердішев. Сарбаз 2022 жылдың 2 наурызы күні Жамбыл об­лысы Меркі ауданындағы «Андас батыр» ше­кара заставасынан атқора тазалап жүріп, ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Сөйтіп, арада бір айдан астам уақыт өткенде оның мүрдесі қырғыз же­­рінен жарқабаққа асылып тұрған сәтінен та­былған. Ал сәуір айында тағы сол Жамбыл облысын­дағы Отар ауылында орналасқан Гвардейск гарнизонынан әскерге барғанынына бірнеше күн болған 18 жастағы маңғыстаулық сарбаз Әлі­бек Қалбай аяқасты көз жұмды. Ол сапта тұрып есінен танып құлаған. Кейін оның өлі­міне сол әскери бөлімде Әлібекпен бірге қызмет етіп жатқан сарбаз Айболат Аманжолов кінәлі деп танылған. 22 сәуір күні Айболаттың анасы Айнұр Төлемісова өзіне баласының қоңырау ша­лып, бір сарбаздың қаза тапқанын, соған өзі­не кінәлап жатқанын айтыпты. Бұл қыл­мыстық іс бойынша Әскери тергеу басқармасы сегіз сарбазды қамап, тергегенде оның біреуі ғана Айболаттың Әлібекті ұрғанын айтқан... Ал енді... 4 МАУСЫМДА ҚАЙТЫС БОЛҒАН САРБАЗ ӨЛІМІНІҢ ЖАЙ-ЖАПСАРЫ Маусымның 4-і күні сағат 15-тен 5 минут өт­кенде белгілі жазушы Бегабат Ұзақов өзінің Facebook әлеуметтік желісінде әскер қатарынан бо­сауға екі ай қалған тағы бір сарбаздың қаза тап­қаны жайында мынадай жазба жариялады: «Тағы бір сарбаз қайтыс болды... Бүгін таңғы сағат 5-тер шамасында Маң­ғыс­тау облысы Бейнеу шекара қызметінде мер­зім­ді әскери борышын өтеп жүрген Тешебаев Еділ Бақытұлы (20.03.2003) «асылып қалған». Әс­кери бөлімдегілер марқұмның Түркістан облы­сы, Сарыағаш ауданында тұратын отба­сы­на екі түрлі хабар айтқан: алғашында «аяқкиі­мі­нің бауына асылып қалған» десе, кейін «бел­беуіне асылып қалған» деген. Тағы бір таңда­нар­лық жайт, әскери бөлім тарапынан марқұм жа­зып кеткен деп түрлі жазбалар жіберіліп жа­тыр екен. Жазбаларда уақыт дұрыс көрсе­тіл­меген. Жазу да марқұмға тиесілі емес көрінеді. Марқұм кеше кеште таныстарынан, туыс­тары­нан ақша сұраған... Айдың-күннің аманында тағы бір боздақ қыр­шын кетті, тағы бір отбасы қара жамылды. Қа­зақстан әскеріндегі қайғылы жағдайлар қа­шан тоқтайды? Жоғары шенді әскерилер Ар­мия­ны бақылаудың орнына, жалған жазба жа­зып, айыбын жуып-шаюмен айналысып кеткен бе? Бұл оқиғаның ақиқатын кім анықтайды?». Жазушының бұл жазбасы желіде қысқа уақыттың ішінде кең таралып, журналистердің на­зарын аударып, бұл туралы бірнеше сайтқа жа­рияланды. Ал жазба жарияланған соң бұл жайын­да хабардар болған Қазақстан Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев бол­ған оқиға бай­ла­нысты тергеп-тексеру жұ­мыс­тарын жүргізуге тиісті орындарға тапсырма берді. Марқұм Еділ Тешабайдың туыстарының ай­туы бойынша, бала пысық, қайсар мінезді екен. Әскерге қажетті құжаттарды өзі жинап, өз ер­кімен кеткен. Қайтыс болатын күні түнде аға­сы Нұржаусын Тешебайдан 5 мың теңге ақша сұраған екен. Ағасы қапелімде оны тауып бере алмаған көрінеді. Ал оның туыстарына жазып кетті деген хаттарды ол жазбаған көрінеді, оның почеркі емес дейді. Сондай-ақ туыстары оны әдейі өлтірілген деп санайды. Тағы бір бел­гілі болған жағдай: Бейнеу аудандық шекара қыз­меті марқұм сарбаздың туыстарына көңіл ай­тудың орнына «халыққа неге жалған ақпарат бересіңдер?» деп айқайлап, дөрекі сөйлепті. Марқұм Еділ Тешебайдың отбасы Мемлекет бас­шысынан оның өліміне кінәлілер жазаға тар­тылуын сұрайды. P.S. Жалпы айта берсек, мұндай жағдайдың кейінгі кезде жиілеп бара жатқанын бүкіл ел естіп, біліп отыр. Әскерде қаза тауып жатқан сарбаздар көп, ал кейбіреулері таяқ жеп, содан денсаулығына үлкен зақым келіп, жынданып кетіп жатқандары да бар. Мәселен, өткен жылы әскери борышын өтеуге сап-сау кеткен Қызылорда облысы Арал ауданының тұрғыны 19 жастағы Ринат Жеткергенов үйіне келгенде есінен адасып, туыстарын танымай қалған. Ақтау қаласындағы Теңіз жаяу әскерлері бөлімінде борышын өтеген оны командирлері жабылып сабап есінен айырған деп отыр. Мерзімінің аяқталуына 8 күн қалғанда Р.Жеткергенов «ауырып қалды» деп үйіне қайтарылған. Үйіне оралған оның үстіндегі киімі шұрық тесік, аяғында жаздық тәпішке болған. Ешкімді танымаған, сұрақтарға жауап бере алмаған. Ол үйіне қайтар кезінде командирлерімен сөзге келіп қалып, оны басқа жаққа алып кеткен екен. Қайтып келгенде онымен бірге қызмет істеген солдаттар Ринатты танымай қалған. «Оны төрт сержант жабылып қинаған, құлақтарын инемен тескен», – дейді Ринаттың ата-анасы... 2010-2020 жылдар аралығында Қазақстанда 220 əәскери қызметкер өз-өзіне қол жұмсаған. Яғни, орташа алғанда жылына 22, айына 2 сарбаз суицид жасайды деген сөз! Мұның сыртында жарылыстардан, т.б. себептерден өліп жатқандары қанша?! Соғыс жоқ, бейбіт заманда бұл – сұмдық қорқынышты көрсеткіш. Ендеше, «қазақ армиясы қасапханаға айналып бара жатқан жоқ па?» деген ой келеді...