Қатимолда Бердіғалиев: Ұлттық өнерді сақтауға бәріміз мүдделі болуымыз керек

Қатимолда Бердіғалиев: Ұлттық өнерді сақтауға бәріміз мүдделі болуымыз керек

Қатимолда Бердіғалиев: Ұлттық өнерді сақтауға бәріміз мүдделі болуымыз керек
ашық дереккөзі
Әнші, жыршы, айтыскер ақын Қа­тимолда Бердіғалиевті өнерді сүй­ген қазақтың білмейтіні аз. 1952 жылдың 29 ақпанында Батыс Қазақстан облысы, Казталовка ауданындағы Тереңкөл ауы­лында дүние есігін ашқан Қатимолда 1960 жылы сегіз жасында мектепке барып, оны бітірген соң 1969 жылы Орал қала­сын­дағы Құрманғазы атындағы мем­ле­кеттік музыка училишесінің әншілік бө­ліміне оқуға түседі. Онда А.Ф.Муравьева кла­сын бітірген соң, 1975 жылы орта мек­тепте мұғалім болып еңбек жолын бас­тайды. Сөйтіп, біраз жыл жас ұрпақты өнерге баулыған ол 1991 жылы Оралда өзі оқыған білім ордасы – Құрманғазы му­зы­калық колледжіне оқытушы болып, дәс­түрлі ән класына сабақ бере бастайды. Жиырма төрт жасынан бері әнші болып таза өнерге біржола бет бұрған Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің ие­гері, жалпы, қырық алты жылдан бері хал­қына танылып, ән салып келе жатқан Қ.Бер­діғалиев – ұлттық өнердің туын биік көтеріп жүрген өнерпаз тұлға. – Менің өнерге келуіме ең алдымен себеп­ші болған өзім «мама» деп өскен әжем, – деп бас­­тады әңгімесін Қатимолда. – Ол кісі қазақ­тың әндерін, қара өлеңдерін көп білетін. Даусы да жақсы еді. Әнге деген бейімімді байқады ма, әжем мені тілім шыға бастағаннан әнге бау­лы­ды. Тойларға мені ертіп барып, жұрт алдында ән салдыртатын. Баламыз ғой, айт десе ән айта бере­міз. Сөйтіп, әнге деген құмарлығым арта бер­ді. Ал мектепте ұстазым – қазақ тілі мен әде­биеті пәнінің мұғалімі Саужия Манапқызы апайы­мыз әдебиетке қызықтырды. Мектепті бітірген соң, Құрманғазы атын­­дағы Орал музыкалық учи­лище­сінің вокал бөліміне оқуға түскенімде ұстазым Анна Федоровна Муравьева атты орыс әйелі болды. Бірақ бала күнімнен қазақтың атақты ән­шісі Ғарифолла Құрманғалиевті сүйсіне тың­дайтын едім. Әрине, домбырамен айта­ты­ны бар, фортепианомен айтатыны бар, барлық қа­зақ әншілерін тыңдап өскен адаммын, со­лар­дың бәрінен де үйреніп, бойыңа бірдеңені сіңі­ресің ғой, дегенмен қатты еліктегенім Ғаре­кең болды. Вокалды бітіргенмен, ауылға барғанда клас­сиканың қажеті аз ғой, домбыр­а­мен ән салдым. Соның арқасында облысқа, жүре келе республикаға танылдық. Сөйтіп, клас­сикалық әннен сабақ алғанмен, дәстүрлі ән­ші болып шықтым. Ал 2007 жылдан күні ке­шеге дейін Батыс Қазақстан облыстық фи­лармониясында істедім. Биыл жетпіске тол­дым, филармония мені келісімшартпен қайта шақырып алды. Жарты жылдан бері сонда жұ­мыс істеп жатырмын. Әрине, әншілік өнердің өз рахаты мен қиын­дығы аз емес. Әнші болса да адам өмір бойы ән сала беруі сирек, ал жас келген соң көп әнші ән салуды тоқтатып, ұстаздықпен ай­налысады. Бірақ Қатимолда әлі ән салуын тоқ­татқан жоқ. Өйткені оны тыңдайтын, із­дей­тін тыңдар­ман­дары бар. Сондық­тан бүгін­де өзі­нің биік даусымен, жағымды тембрімен тыңдар­ман­ның ықыласына бөлен­ген Қатимолда әлі де халқы үшін ша­быт­­пен еңбек ете бергенді қалайды. Десек те, соңғы кезде жұрт кө­зіне түсің­кіремей кет­кен әнші «Қа­зір қай­да­сыз, не істеп жатыр­­сыз?» деген сұра­ғымызға: – Алда еліміздің бірнеше қала­сын­да өнер көр­сету ойда бар. Әрине, халық нені қаласа, соны айтамыз. Жыр керек десе жыр айтамыз, ән керек болса ән саламыз. Биыл­ғы мамыр айының 3-4-і күн­дері, Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма теат­рының директоры Асхат Маемировтың ша­қыртуымен елордада жыр жырладым. Одан 18 мамырда Қостанайда, 20 мамырда Пав­ло­дар­да концерт бердік, қасымда өзге де әншілер бар. Енді алдағы кезде Ақтөбе халқының шақыруымен ол жаққа барып жыр жырлаймын. Одан әрі бұйырса, маусымның 15-інде Алма­тыға, 17-сінде Тал­дықор­ғанда өнер көрсетуіміз керек. Бұдан соң Семей, Көкшетау, Атырау, Маңғыстауға сапарлаймыз. Сондай-ақ Түркі­стан не Шымкент қаласының біріне жолымыз түскелі тұр. Өткен жылы Ришат, Мүсілім Абдуллин­дердің 105 жылдығы екен, оны біз уақ­ытында білмей қалдық. Соған және менің жетпіс жылдығыма байланысты электронды аль­бом шығардық. Оны Айбар Қажықанов де­ген әнші жиеншарым екеуміз жаздық. Тың­дағысы келгендер оны YouTube желісінен таба алады. Қайда жүрсіз десең, айтатыным осы, әзір­ше жоғалып кеткен жоқпыз. Әлі­міз­ше өнер көрсетіп жатырмыз, – деп жауап берді әнші. Негізгі мамандығы әнші болса да Қати­молда Бердіғалиев жыршылық өнері­мен де белгілі. Атақты «Айман-Шолпан» даста­нын жырлайды. Өзінің айтуы бойынша әзірге осы дастанды ғана жатқа біледі. Сондай-ақ тер­ме де айтады. Бұл жөнінде сұрағанымызда ол «Асау-Барақ» дастанын жырлағысы келіп жүр­генін айтты. – Жас келген соң адамның жадта сақтау қабілеті де әлсірейтіні белгілі ғой. Негізі жадым мық­ты адам едім, бірақ қанша айтқанмен жас жетпістен асқан соң босаңсисың. Дегенмен айта кететін нәрсе: жыршыға ән салу қиын болғанымен, айтамын деген әншіге жыр жырлау қиын емес деп ойлаймын. Әнде жоғары ноталарды алу үшін дауыс диапазоны талап етіледі. Жырда ондай емес. Жырды, термені тыңдап өстік, қалай айтылуы керек екенін білеміз. Солай десек те жырдың да өз қиындығы бар. Онда мақамды көп біліп, сол мақамға әдемілеп салу керек, бір мақаммен айта берсең, халықты жалықтырып аласың. Одан әрі әншіден жыраулық өнер, оны Батыс жақта қалай қабылдайтыны жайында ойын білгіміз келіп сұрақ қойғаны­мызда әнші бұл өнерге деген халықтың ықы­ласы күшейіп келе жатқанын айтып, былай деп жауап берді: – Жасыратыны жоқ, тәуелсіздік алғанша біздің жақта жыр, жыраулық өнер жоқ болып кетті ғой. Оны сақтап қалған бізде Сыр бойы мен Маңғыстау. Ал жыраулықты шыңға шы­ғар­ған Бесқала жаққа әңгіме жоқ. Ал Батыста жыраулық өнерге жаңа ғасырдан бастап бет­бұрыс пайда болды десек жалған болмас. Қа­зір­де жақсы жырлайтын жігіттер, қыздар бар. Бұрын Батыста да мықты жыраулар бол­ған. Мәселен, біздің Теректі ауданын­да атақты Марабай жырау деген кісі өткен. Оның мерейтойлары өткізіліп, соған байланысты жыр айту біраз жанданды деуге болады. Жалпы, Қатимолда Бердіғалиев – сан қырлы дарын иесі. Әнші, жыршылы­ғы­мен қатар, ол айтысқа қатысып та суырып­сал­ма ақындық өнерді игергенін паш етіп, ай­тыс сахнасында да белгілі болды. Оның ай­тысу мәнері де өзінше ерекше еді. Тыңдар­ман­ды өзінің бөлекше сазымен, жарасымды әзіл-қалжыңымен тәнті ететін. Тәуелсіздіктен бұрын Алматы қаласында өткен халықаралық ақындар айтысында өзімен айтысқан, сол кезде Моңғол елінде тұратын Егеухан Мұхаме­ди­қызына айтыстан соң домбырасын сыйлап жіберді. «Өзім барып көрмеген шеттегі қазаққа сөзім жетіп жатқан шығар, енді домбырам бар­сын» деп қазақы мәрттіктің үлгісін көрсет­кен Қатимолда ақынның ізгі ниеті жемісін бермей қалған жоқ, кейін сол домбыраны жа­нына серік етіп елге оралған Егеухан апайы­мыздың ақын ұлы Дәулеткерей Кәпұлы қазақ­тың белгілі айтыскерінің біріне айналды. Бүгінде айтыс – қазақ халқына ең жақын өнердің бірі. Тәуелсіздіктен бері бірне­ше айтыскер буыны өсіп шықты. Бұл жайын­да да Қатимолданың ойға түйгендері бар. – Айтысқа он жылдай араластым. Ол кезде жас­пыз, – дейді Қатимолда. – Жастықта адам неге ұрынбайды. Айтысқа да біздің жақтан біреу шықса екен деген халықтың тілегіне орай, суырыпсалма өнерде бағымызды сынап көр­дік. Біз жақтан да айтыста өнер көрсет­кендер баршылық. Шолпан Қыдырниязова, Александр Қауенов, Сәрсенғали Бейсенғалиев, Дари­ға Мұштановалар шықты. Солардың бәрі­мен қатар жүріп, араластық. Бірақ уақыты келгенде алаңнан кететін футболистер сияқты, ай­тыста да мәңгілік жүре бермейсің. Біз де солай еттік. Ізімізден талантты жастар шықты, Бауыржан Қалиолла, Жансая Мусина сияқты. Міне, осыдан кейін өзімнің салама – әншілікке қай­та оралдым. Жалпы менде айтыскер бо­лайын, осы салада ұзақ жүрейін деген мақсат бол­ған жоқ. Қазір де ара-арасында болмаса, айтысты көп тыңдай бермеймін. Әрине, ай­тысты қадірлеймін, бағалаймын. Тартымды болса, шаппа-шап айтысып, делебені қозды­рып, тапқырлық танытып отырса неге тыңда­масқа? Бірақ бір тақырыпты жыраудай жырлап, бір-бірін мақтап отыратындар тартпайды. Біздің кезіміздегі айтыстар жақсы бо­ла­тын. Ол кезде айтыскерлер қарсыла­сы тұратын ауданның, облыстың кемшіліктерін тілге тиек етіп, састырып, шаппа-шап айтыса­тын. Сонда айтылғандар газет бетіне шығып, әкім-қаралар кетіп жатқан кемшіліктерді жөн­деуге ұмтылатын. Ал қазіргі айтыста ай­тылып жатқандардың бәрі бос сөз, айтыста ай­тылып, ол мынадай әсер етіп жатыр дегенді, ес­тіген де, көрген де жоқпын. Әрине, түрлі батыр-билер, хандар туралы айтыстар болып жатыр, ол да керек, дегенмен сондай айтыста әркім өзі шыққан жердің мүдделерін де айтып жатса дейсің. Тіпті, айтылғанның өзінде де оған құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Айтыстың басшыларға әсері болмаса, бос сөз болғаны ғой. Бүгінгі айтыста бір-бірін мақтап, ара­сында бір-екі тапқыр шумақтармен елді күлдіріп, машина мініп айтыскерлер қайтады, оған ду-ду қол шапалақтан халық қайтады, мәз болып. Осындай құдіретті өнердің жай көңіл көтеретін деңгейге түсіп қалғаны жаман ғой. Сұхбатымыздың соңында Қатимолда аға өзі ұстаз тұтқан әйгілі әнші Ғарифолла Құрманғалиев жайында айтты. – Ешкім тақыр жерден шықпайды ғой. Әнге, әншілікке қызығушылық отбасымнан бас­талса, жүре келе осы жолға түскенімде та­лай әншінің өнеріне тамсансам да, маған бәрі­нен қатты әсер еткен – Ғарифолла Құрман­ғалиев. Ол кісіні екі рет көрдім. Ең алғаш көр­генім­де он төрт жаста едім. Екінші рет, ұмытпасам, 1988 жыл болуы керек, Ғарекеңнің үйі­не барып, алдында ән салып батасын алдым. Үлкейіп қалған екен. Барғаннан кейін аман-саулық сұрасқаннан соң, «Ән айтасың ба?» деді. «Ғареке, айтқан болып жүрміз. Не өзіңізден ба­та алайық, не таяқ жеп кейін қайтайық деп кел­дік» дедім. Сосын «айтшы бір әнді» деді. Өзі­­нің «Ақжайық» деген әнін айттым. «Жарай­сың, тағы біреуін айт» деді. Кезінде Ғарекеңнің өзі айтқан ән – Өтеғалидың әні «Өтеғалиды» айт­тым. «Әнші екенсің» деді ағам. Сонымен қояйын деп отыр едім, менімен бірге барған Ғаре­кеңнің шәкірті Серік деген жігіт пен Бек­болат Тілеухан екеуі «Бұл Мұхиттан да айтады, соны айтсын» деп қоймады. Ғарекең де «онда Мұхиттан да көрші» деді. Сосын амал жоқ, Мұ­хит­тың «Үлкен айдайын» айттым. Ғарифол­ла «балам әнді бұзбаған екенсің» деді. Сөйтіп, бірінші әнді айтқанымда «жарай­сың», екінші айтқанымда «әнші екенсің», үшін­ші әнді айтқанымда «әнді бұзбаған екенсің» де­ді. Ғарекеңнің алдында көзінің тірісінде ес­тіген мақтауым да, алған батам да осы. Бұдан әрі Қатимолда аға бүгінгі әншілер туралы ойын айтып, ән өнеріндегі бүгінгі үрдіске алаңдаушылығын білдірді. – Қазір, құдайға шүкір, қазақтың дәстүрлі өнерін насихаттап жүрген талантты әншілер аз емес, тек соның тыңдаушысы көп болса екен деймін. Консерваторияда түрлі ән кластары бар. Арқа, Батыс, Жетісу, Тарбағатай ән мектеп­терінің ән айту мәнерін үйретеді. Солардан сабақ алып, қолына домбырасын алып, ел арасында өнер көрсетіп жүрген жастар көп. Бірақ қазақтың тойларында насихатталатын ән өнері – дәстүрлі әннен алшақ. Заманауи, тарс-тұрс етіп халықты билетіп қоятын, сөзі жұ­таң, ырғағы секеңдеген әндер басып барады. Бүй­те берсек қолда бар қадірі жоқ алтын – дәс­түрлі әнді құртып алуымыз да мүмкін. Сон­дықтан халықтың өнерін сақтауға, насихат­тауға бәріміз мүдделі болуымыз керек. Мемле­кет те дәстүрлі өнерге ерекше қолдау көрсетіп, оның дамуына сеп болуы керек. Өзім он сегіз жыл дәстүрлі әннен сабақ бердім. Құдайға шүкір, отызға тарта шә­кіртім бар. Олардың бәрі де дәстүрлі әндері­мізді насихаттап жүр, жұмыссыз жүрген біреуі жоқ. Біразы өзіммен бірге филармонияда істеп жүр. Біразы колледждерде, мектептерде сабақ береді. Олардың арасында Қайрат Әкімов, Ернар Өмірәлі, Күләш Қуанышәлиева, Бейбіт Қажығалиев және т.б. шәкірттерімнің орындауын­дағы әндер радиодан беріліп тұрады. P.S. Халқының өнерін қадірлеген, сол жолға өмірін арнаған адам жер басып жүргенде әрекетсіз жүруі мүмкін емес. Біз күллі қазаққа танымал өнер иесі Қатимолда Бердіғалиевпен әңгімемізде соны ұқтық. Кейінгі кезде халықтың көзіне сирек түсіп жүргендей көрінгенімен, ол әлі де ұлттық ән өнеріміздің құлашын кеңінен жая түсуі үшін өнер майданында тер төгуде.

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ