Бірлік пен сенім – Жаңа Қазақстанның негізгі тірегі

5 маусым күні Конституцияға өзгеріс енгізуге бай­ланысты жалпыхалықтық референ­дум өтті. Осылайша, бұл саяси нау­қан елімізде үшінші рет өткізіліп отыр.

«Дауыс беру
жалпыхалықтық
сипатта болды»
Орталық референдум комиссиясы ұсынған мә­ліметтерге сүйенсек, 11 миллион 734 мың 642 азаматтың Референдумға қатысу құқығы бол­ған. 5 маусым күні дауыс беруге 7 миллион 985 мың 769 адам немесе референдумға қатысу құқы­ғы бар азаматтардың 68,05 пайызы қатысты.
Осылайша, «Республикалық референдум ту­­ра­лы» Конституциялық заңның 31-ба­бы­на сәйкес, ре­ферендум өтті деп есептелді.
Естеріңізге сала кетейік, Республикалық ре­фе­рен­думға шығарылған ұсыныс облыстардың, рес­публикалық маңызы бар қалалардың және ас­тананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қа­тысқан аза­маттардың жартысынан астамы жақ­тап дауыс берсе, қабылданды деп саналады. Елдің барлық өңірінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың 77,18 пайызы немесе 6 миллион 163 мың 516 адам конституцияға түзету енгізуді қол­дап дауыс берген. Ал қарсы болып, яғни «жоқ» деп 1 мил­лион 490 мың 470 адам дауыс бер­ген, ол – дауыс беруге қатысқандардың 18,66 пайы­зы.
Яғни, «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 31, 34-баптары негізінде елдің Ата Заңы­­на өзгеріс енгізуге байланысты ре­фе­рен­думге шығарылған ұсыныс қа­был­дан­ды.
Бюллетеньдердегі дауысты санау ке­зінде жауаптардың екі нұсқасы да белгіленген, жарамды деп танылса да, ес­керілмейтін бюллетеньдер саны 1,58 пайыз немесе 125 мың 859 бюллетень екені анықталған.
Ал жарамсыз деп танылған бюл­ле­те­нь­дердің үлесі – 2,58 пайыз, яғни 205 мың 924 бюллетень.
Осыған дейін жарияланған мәлі­мет­терге сәйкес, Референдум ке­зін­де ешқандай өрескел заң бұзу тіркел­ме­ген. Тек Алматы қаласының №2 учас­ке­сін­дегі дауыс беру нәтижелері референ­дум­ның түпкілікті қорытындыларына ен­гізілмегені туралы Орталық референдум ко­миссиясының төрағасы Нұрлан Әбді­ров мәлімдеді. Сонымен қатар ол рефе­рен­думда дауыс беру жалпыхалықтық си­патта болғанын айтып өтті.
Сыртқы істер министрлігінің дерегі бойынша, шетелдегі 65 сайлау учас­кесінде дауыс беру 72,95 пайыз бол­ған.
– Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 06:00-де Вашингтон, Нью-Йорк пен От­тава­да дауыс беруге арналған учаскелер жа­былды. Осылайша, Қазақстан Респуб­ли­касының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жал­пыұлттық референдум аяқталды, – деп мәлімдеді ведомство.

Шетел сарапшылары
не дейді?
Елімізде өткен референдумның өт­кізілу тәртібіне, ондағы талаптар­дың сақталуына байланысты шетел сарап­­шылары да үн қосты.
Мәселен, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Мин отандық БАҚ өкілдеріне сұхбат бе­ріп, елдегі референдумға баға берді.
– Маусымның 3-і мен 5-і аралығында ШЫҰ миссиясы Қазақстанның Сыртқы іс­тер министрлігінің шақыртуымен ре­ферендумда бақылаушы миссиясын атқарды. Шанхай ынтымақтастық ұйымы миссиясы 17 мүшеден тұрады. Оған мүше ел­дердің атқарушы және заңнамалық органдардың өкілдері, ШЫҰ лауазымды тұлғалары кіреді.
Мен Бас хатшы ретінде миссияны басқарамын. Миссия мүшелері Ор­талық референдум комиссияларының құрамымен қоян-қолтық жұмыс істеді. Халықаралық ұйымдар мен шетелдік бай­қаушылармен бірлесе жұмыс істеп, ор­талық референдум комиссиясының ай­тулы шараға дайындығы мен өткізуге қа­тысты жұмысын бақылады. Сонымен қа­тар елордадағы халықтың референ­дум­ға қатысу процесіне байқау жүргізілді, – деп мәлімдеді Чжан Мин БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында.
Бас хатшы референдум кезінде қатысушылардың құқығып бұзып, мүм­кіндігін шектемеген және миссия елі­мізде барлық талаптар толық орын­дал­ды деп есептейтінін айтты.
– Миссия Орталық референдум ко­мис­­сиясы мен қоғамдық ұйымдардың тә­жірибелік материалдары негізінде ор­тақ шешімге келді. Миссия Қазақстан тара­пы өзінің талаптарын толық орын­дады деп есептейді. Конституцияға өз­геріс­тер енгізу туралы референдум ха­лық­аралық стандарттар мен Қазақстанның сайлау заңнамасына сай өтті. Референдум барысында ешқандай заң бұзу анықтал­ма­ды. Біздің миссия Қазақстандағы ре­фе­рендумды ашық әрі әділ, демократиялық түрде өтті деп есептейді. Осы орайда Қа­зақ­станның Сыртқы істер министрлігіне ШЫҰ миссиясының байқаушы ретінде жұмыс істеуіне барлық жағдайды жаса­ға­ны үшін алғыс айтқым келеді, – деді ол.
Ал Тәуелсіз мемлекеттер достастығы бай­қаушылары миссиясының басшысы Лео­нид Анфимов байқаушылар 5 маусым күні Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қ­азақстан, Қарағанды облыстарындағы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қала­ларын­дағы, сонымен қатар Анкара, Баку, Біш­кек, Брест, Рига, Дубай, Душанбе, Ере­ван, Қазан, Минск, Мәскеу, Омбы, Оттава, Париж, Бейжің, Санкт-Петербор және Со­фиядағы референдум учаскелеріндегі дауыс беру барысын қадағалағанын мәлімдеді.
– ТМД байқаушылары 865 референдум учас­кесінде болды және дауыс беру про­це­сінің ұйымшылдықпен әрі ашық бол­ғандығын атап өтеді. Ұлттық және ха­лық­аралық байқаушыларға дауыс беру бары­сын байқау үшін барлық қажетті жағдай жа­салған. Референдум қатысушылары ақ­параттық материалдармен және қа­жетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Дауыс санау процесі референдум туралы заң­намаға сай өтті. Байқаушыларға ко­мис­сия мүшелерінің іс-әрекетін толықтай қа­дағалау қамтамасыз етілді, – деді Лео­нид Анфимов.
Оның атап өтуінше, техникалық сипаттағы аздаған әрі болмашы қа­те­ліктер болды. Бірақ, ол референдум нә­тижесіне еш әсер етпейді. Дауыс беру про­цесі қолданыстағы заңнамаға сай өтті.
– ТМД байқаушылары миссиясы Қа­зақстан Республикасының Конс­ти­ту­ция­сына өзгертулер мен түзетулер енгізу жө­ніндегі референдум жоғары ұйым­дас­тырылған деңгейде, қолданыстағы заң­нама­ға сай өтті деп санайды, – деді ол.
Осылайша, Ата Заңымыздың 33 ба­бына 56 өзгеріс енгізілмек. Бұл ұсы­нысты алғашында Президент нау­рыз айын­дағы халыққа Жолдауында мәлім­деген болатын. Жолдауда саяси рефор­ма­лар жөніндегі бағдарламасын таныс­тыр­ған Қасым-Жомарт Тоқаев реформаның ал­ғашқы негіздері осы Президент билі­гі­нің суперпрезиденттік басқару фор­ма­сы­нан Парламенті мықты президенттік рес­публика тәсіліне түбегейлі өту, «Мықты Пре­зидент – ықпалды Парламент – есеп бере­тін Үкімет» формуласын жүзеге асыру еке­нін айтқан еді. Яғни, жұмыс енді бас­талды. Алда осыған дейінгі айтылған жос­парлар мен жобаларды іске асыру мін­деті тұр.

«Заңнамада мемлекетіміздің дамуын тежейтін ешбір
кедергі қалмауға тиіс»
6 маусым күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Референдумға бел­сене қатысып, қолдау білдірген халыққа ри­зашылық білдіріп, үндеу жолдады. Сон­дай-ақ конституциялық өзгерістердің мән-маңызын түсіндіруге атсалысқан аза­маттарға, түрлі қоғамдық ұйымдарға ал­ғыс айтты.
– Референдум қорытындысы біздің мем­лекеттігіміздің тарихында мүлде жаңа дәуір басталғанын көрсетеді. Хал­қы­мыз өз таңдауын білдіру арқылы тү­бе­гейлі бетбұрыс жасауға ұмтылысын көр­сет­ті. Жасампаз ел болуға деген ықылас-ын­тасын байқатты. Елімізді дамыту үшін әлі де көп жұмыс атқаруымыз керек. Бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақса­ты­мыз­ға міндетті түрде жетеміз. Мен бұған кә­міл сенемін. Бүгін тәуелсіз Қазақстан­ның даму тарихында жаңа дәуірге жол ашылды. Осы жолда бірлігіміз әрдайым бе­кем болсын! Жаңа Қазақстанды бәріміз бір­ге өркендетейік, – деді Мемлекет бас­шысы.
Президент еліміз үшін осы бет­бұрыс­ты сәтте заңды құқықтарын пайдаланып, өздерінің ұстанымдарын айт­қан бүкіл азаматқа ризашылығын біл­дірді. Сонымен қатар Президент сең енді қозғалғанын, өзгеріс енді басталатынын ай­тып өтті.
– Ата заңға өзгерістер енгізу рефор­ма­ларымыздың соңғы сатысын емес, енді бас­талғанын білдіреді. Біз елімізді жан-жақ­ты жаңғыртуды жалғастырамыз. Жаңар­тылған Конституция негізінде би­лік­тің барлық институты қызметінің мей­лінше тиімді моделін қалып­тас­тыра­мыз. Олардың арасындағы үйлесім мен те­пе-теңдік механизмін нығайтамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Парламент пен Үкімет Конститу­ция­ға енгізілген өзгерістерге сай заңна­ма­ға тиісті өзгертулер енгізуі керегін айтты.
Конституциялық реформа бүкіл құ­қық саласын жаңғыртуға жол ашады. Пар­ламент пен Үкімет Конституцияға ен­гізілген өзгерістерге сай заңнамаға тиіс­ті өзгертулер енгізуі қажет. Қазақстанда тиім­ді құқық қорғау және сот жүйесін құру­ға мүмкіндік беретін реформалар әзірленуге тиіс. Мұны әлемдік тәжірибені ескере отырып жүзеге асырған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда Президент қоғамның жә­не бизнес өкілдерінің өз құ­қық­тары мен заңды мүдделерін қорғауға сұранысы арта түскенін атап өтті.
– Елімізге азаматтар мен кәсіпкерлерді барын­ша қорғайтын құқық жүйесі қажет. Заңнамада мемлекетіміздің тұрақты дам­уын тежейтін ешбір кедергі қалмауға тиіс. Заман талабына сай келмейтін және кү­мән туғызатын нормалардың бәрі күшін жоюға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

«Монополияны түбегейлі жойып, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл
қою маңызды»
Президент саяси жаңғыру ұлттық экономиканы дамытуға, ұлттық кә­сіпкерлікті нығайтуға ықпал ететінін, ен­ді алдымызда ашық әрі әділетті эконо­ми­ка құрып, заңнамаға реформа жүргізу міндеті тұрғанын айтты. Қолдан жасалған мо­нополияларды түбегейлі жойып, сы­бай­лас жемқорлыққа тосқауыл қою маңыз­ды екеніне тоқталды.
– Алдымызда экономиканы шынайы әртараптандыру бойынша ауқымды жұ­мыс­тар тұр. Жоғары өнімді ауыл шаруа­шы­лығы мен қуатты көлік-логистика жүйе­сін дамыту, барлық салада цифрлық экожүйе қалыптастыру үшін шаралар қа­был­дау қажет. Еліміздің орнықты да­муы­ның негізгі қозғаушы күші – еңбек, білім және азаматтық белсенділік болуға тиіс. Тек сонда ғана өзін-өзі қамтамасыз ете­тін орта тап пен тиімді экономика қа­лыптастыра аламыз. Мұндай экономика кіріс­ті әділетті бөлуге, сапалы жұмыс ор­нын ашуға, тұрмыс сапасын тұрақты арт­тыруға және барлық азаматтардың то­лыққанды жетілуіне мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Референдум өткен 5 маусым күні шетелге заңсыз шы­ғарылған қаржыны елге қайтарумен ай­налысатын ведомствоаралық комиссия құрылды. Комиссияға бас прокурор жетекшілік ететіні де белгілі болды.
– Бұл комиссия Қазақстаннан шетелге заң­сыз шығарылған қаржыны елге қай­тару бойынша кешенді жұмыс жүргізеді, – деп хабарлады Ақорда. Естеріңізге сала ке­тейік, Қаңтар оқиғасынан кейін елден шет­ке заңсыз шыққан қыруар қаржыны қайтару және оған байланысты комиссия құру мәселелері талқыланған болатын.
– Еліміздің экономикалық ресурс­тарын шағын ғана топтың қолына шо­ғыр­ландырып, оларға артықшылық бер­ген заңнаманы қайта қарау қажет. Елден жылыстатылған қаржыны және заңсыз жекешелендірілген активтерді мемлекет­тің иелігіне қайтару жөнінде Мекемеара­лық комиссия құрылды. Бұл үшін мен ар­найы Жарлыққа қол қойдым, – деді Мем­лекет басшысы үндеуінде.

Біліксіз прокурорлар мен біржақты судьяларға, полицейлердің озбырлығына жол берілмейді
Үндеуде адам құқығы мен бостан­ды­ғын қорғау жүйесін кешенді түр­де күшейтуге негізделген бағдар жал­ғаса беретінін баса айтты. Соның ішін­де жаңа, әділетті Қазақстанда полицей­лер­дің озбырлығына, біліксіз прокурорлар мен біржақты судьяларға жол берілмейтіні де тілге тиек болды.
– Құқықтық реформа аясында Конс­ти­туциялық сот қайта құрылады. Оның қау­лыларына жедел әрекет ету тетігін ен­­гізу қажет. Сонда азаматтарымыз осы аса маңызды институт қызметінің пайда­сын сезіне алады. Жаңа, Әділетті Қазақ­стан­­да полицейлердің озбырлығына, бі­лік­сіз прокурорлар мен біржақты судья­ларға жол берілмейді. Қоғам құқық қорғау жә­не сот жүйесінің шын мәнінде өзгер­ге­нін қалайды. Мен елімізді дамытудың осы және басқа да мәселелері бойынша нақты ше­шімдерді қыркүйек айында өтетін Пар­ла­менттің кезекті сессиясының ашылуын­да айтамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұлытауда Ұлттық
құрылтай өтеді
Сонымен қатар үндеуде Ұлттық құрыл­тай құру туралы бастама кө­­терілді. Ұлттық құрылтай Ұлытауда өт­­пек, ол қоғамның түрлі топ өкілдері, бе­дел­­ді әрі белсенді азаматтар шақыры­лады.
– Қастерлі Тәуелсіздігімізді, ел бірлігін жә­не қоғамдық келісімді нығайту – біздің негізгі міндетіміз. Бұл реформалар құр атақ-абырой үшін қолға алынған жоқ. Мұның бәрін Жаңа, Әділетті Қазақстан құру үшін жасап жатырмыз. Халқымызда «Кеңе­сіп пішкен тон келте болмайды» деген сөз бар. Бабаларымыз маңызды мә­се­лені алқалы жиында шешкен. Мен осы дәстүрді жаңғыртып, Ұлттық құрылтай құру туралы бастама көтердім. Оған қо­ғамның түрлі топ өкілдері, беделді әрі бел­сенді азаматтар шақырылады, – деді Мем­лекет басшысы.
Президенттің айтуынша, құрыл­тайдың алғашқы отырысы ұлт ұясы – Ұлытауда өткізіледі. Осылайша, аза­маттардың мемлекет ісіне атсалысу мүм­кіндігі арта түседі.
– Шын мәнінде, еліміздің тағдыры – әр­қайсымыздың қолымызда. Біз қоғамдық және жеке құндылықтар жүйесін тү­бірімен жаңғырта білуіміз керек. Сонда ғана барлық салада түбегейлі өзгеріс жа­сай аламыз. Жаңа Қазақстанның ең басты бай­лығы – халық. Ал, ең негізгі мақсаты – азаматтардың бақытты өмір сүруін қам­тамасыз ету. Әрбір азаматымыз саяси өз­геріс­тер мен экономикалық өсімнің жемі­сін көруі қажет. Құрғақ уәде мен бос сөз ешқайда апармайды. Мен үшін нақты іс пен шынайы өзгеріс бәрінен маңызды. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін бар күш-жіге­рімді саламын, – деді Мемлекет бас­шысы.

Референдум өткенге дейін
«Бұл саяси науқан бізге не береді?», «5 маусымнан кейін не болады?» деген сұрақтар жан-жақты сараланды деп айта аламыз. Жұмыстың бәрі Референдумнан кейін басталатыны да әу баста айтылды. Сөзден іске, нақты әрекетке, жүйелі жұмысқа ден қоятын
уақыт келді.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button