Бірлік пен сенім – Жаңа Қазақстанның негізгі тірегі
Бірлік пен сенім – Жаңа Қазақстанның негізгі тірегі
5 маусым күні Конституцияға өзгеріс енгізуге байланысты жалпыхалықтық референдум өтті. Осылайша, бұл саяси науқан елімізде үшінші рет өткізіліп отыр.
«Дауыс беру
жалпыхалықтық
сипатта болды»
Орталық референдум комиссиясы ұсынған мәліметтерге сүйенсек, 11 миллион 734 мың 642 азаматтың Референдумға қатысу құқығы болған. 5 маусым күні дауыс беруге 7 миллион 985 мың 769 адам немесе референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың 68,05 пайызы қатысты.
Осылайша, «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 31-бабына сәйкес, референдум өтті деп есептелді.
Естеріңізге сала кетейік, Республикалық референдумға шығарылған ұсыныс облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп саналады. Елдің барлық өңірінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың 77,18 пайызы немесе 6 миллион 163 мың 516 адам конституцияға түзету енгізуді қолдап дауыс берген. Ал қарсы болып, яғни «жоқ» деп 1 миллион 490 мың 470 адам дауыс берген, ол – дауыс беруге қатысқандардың 18,66 пайызы.
Яғни, «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 31, 34-баптары негізінде елдің Ата Заңына өзгеріс енгізуге байланысты референдумге шығарылған ұсыныс қабылданды.
Бюллетеньдердегі дауысты санау кезінде жауаптардың екі нұсқасы да белгіленген, жарамды деп танылса да, ескерілмейтін бюллетеньдер саны 1,58 пайыз немесе 125 мың 859 бюллетень екені анықталған.
Ал жарамсыз деп танылған бюллетеньдердің үлесі – 2,58 пайыз, яғни 205 мың 924 бюллетень.
Осыған дейін жарияланған мәліметтерге сәйкес, Референдум кезінде ешқандай өрескел заң бұзу тіркелмеген. Тек Алматы қаласының №2 учаскесіндегі дауыс беру нәтижелері референдумның түпкілікті қорытындыларына енгізілмегені туралы Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлімдеді. Сонымен қатар ол референдумда дауыс беру жалпыхалықтық сипатта болғанын айтып өтті.
Сыртқы істер министрлігінің дерегі бойынша, шетелдегі 65 сайлау учаскесінде дауыс беру 72,95 пайыз болған.
– Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 06:00-де Вашингтон, Нью-Йорк пен Оттавада дауыс беруге арналған учаскелер жабылды. Осылайша, Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жалпыұлттық референдум аяқталды, – деп мәлімдеді ведомство.
Шетел сарапшылары
не дейді?
Елімізде өткен референдумның өткізілу тәртібіне, ондағы талаптардың сақталуына байланысты шетел сарапшылары да үн қосты.
Мәселен, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Мин отандық БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, елдегі референдумға баға берді.
– Маусымның 3-і мен 5-і аралығында ШЫҰ миссиясы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің шақыртуымен референдумда бақылаушы миссиясын атқарды. Шанхай ынтымақтастық ұйымы миссиясы 17 мүшеден тұрады. Оған мүше елдердің атқарушы және заңнамалық органдардың өкілдері, ШЫҰ лауазымды тұлғалары кіреді.
Мен Бас хатшы ретінде миссияны басқарамын. Миссия мүшелері Орталық референдум комиссияларының құрамымен қоян-қолтық жұмыс істеді. Халықаралық ұйымдар мен шетелдік байқаушылармен бірлесе жұмыс істеп, орталық референдум комиссиясының айтулы шараға дайындығы мен өткізуге қатысты жұмысын бақылады. Сонымен қатар елордадағы халықтың референдумға қатысу процесіне байқау жүргізілді, – деп мәлімдеді Чжан Мин БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында.
Бас хатшы референдум кезінде қатысушылардың құқығып бұзып, мүмкіндігін шектемеген және миссия елімізде барлық талаптар толық орындалды деп есептейтінін айтты.
– Миссия Орталық референдум комиссиясы мен қоғамдық ұйымдардың тәжірибелік материалдары негізінде ортақ шешімге келді. Миссия Қазақстан тарапы өзінің талаптарын толық орындады деп есептейді. Конституцияға өзгерістер енгізу туралы референдум халықаралық стандарттар мен Қазақстанның сайлау заңнамасына сай өтті. Референдум барысында ешқандай заң бұзу анықталмады. Біздің миссия Қазақстандағы референдумды ашық әрі әділ, демократиялық түрде өтті деп есептейді. Осы орайда Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне ШЫҰ миссиясының байқаушы ретінде жұмыс істеуіне барлық жағдайды жасағаны үшін алғыс айтқым келеді, – деді ол.
Ал Тәуелсіз мемлекеттер достастығы байқаушылары миссиясының басшысы Леонид Анфимов байқаушылар 5 маусым күні Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарындағы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларындағы, сонымен қатар Анкара, Баку, Бішкек, Брест, Рига, Дубай, Душанбе, Ереван, Қазан, Минск, Мәскеу, Омбы, Оттава, Париж, Бейжің, Санкт-Петербор және Софиядағы референдум учаскелеріндегі дауыс беру барысын қадағалағанын мәлімдеді.
– ТМД байқаушылары 865 референдум учаскесінде болды және дауыс беру процесінің ұйымшылдықпен әрі ашық болғандығын атап өтеді. Ұлттық және халықаралық байқаушыларға дауыс беру барысын байқау үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Референдум қатысушылары ақпараттық материалдармен және қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Дауыс санау процесі референдум туралы заңнамаға сай өтті. Байқаушыларға комиссия мүшелерінің іс-әрекетін толықтай қадағалау қамтамасыз етілді, – деді Леонид Анфимов.
Оның атап өтуінше, техникалық сипаттағы аздаған әрі болмашы қателіктер болды. Бірақ, ол референдум нәтижесіне еш әсер етпейді. Дауыс беру процесі қолданыстағы заңнамаға сай өтті.
– ТМД байқаушылары миссиясы Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгертулер мен түзетулер енгізу жөніндегі референдум жоғары ұйымдастырылған деңгейде, қолданыстағы заңнамаға сай өтті деп санайды, – деді ол.
Осылайша, Ата Заңымыздың 33 бабына 56 өзгеріс енгізілмек. Бұл ұсынысты алғашында Президент наурыз айындағы халыққа Жолдауында мәлімдеген болатын. Жолдауда саяси реформалар жөніндегі бағдарламасын таныстырған Қасым-Жомарт Тоқаев реформаның алғашқы негіздері осы Президент билігінің суперпрезиденттік басқару формасынан Парламенті мықты президенттік республика тәсіліне түбегейлі өту, «Мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын жүзеге асыру екенін айтқан еді. Яғни, жұмыс енді басталды. Алда осыған дейінгі айтылған жоспарлар мен жобаларды іске асыру міндеті тұр.
«Заңнамада мемлекетіміздің дамуын тежейтін ешбір
кедергі қалмауға тиіс»
6 маусым күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Референдумға белсене қатысып, қолдау білдірген халыққа ризашылық білдіріп, үндеу жолдады. Сондай-ақ конституциялық өзгерістердің мән-маңызын түсіндіруге атсалысқан азаматтарға, түрлі қоғамдық ұйымдарға алғыс айтты.
– Референдум қорытындысы біздің мемлекеттігіміздің тарихында мүлде жаңа дәуір басталғанын көрсетеді. Халқымыз өз таңдауын білдіру арқылы түбегейлі бетбұрыс жасауға ұмтылысын көрсетті. Жасампаз ел болуға деген ықылас-ынтасын байқатты. Елімізді дамыту үшін әлі де көп жұмыс атқаруымыз керек. Бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін. Бүгін тәуелсіз Қазақстанның даму тарихында жаңа дәуірге жол ашылды. Осы жолда бірлігіміз әрдайым бекем болсын! Жаңа Қазақстанды бәріміз бірге өркендетейік, – деді Мемлекет басшысы.
Президент еліміз үшін осы бетбұрысты сәтте заңды құқықтарын пайдаланып, өздерінің ұстанымдарын айтқан бүкіл азаматқа ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Президент сең енді қозғалғанын, өзгеріс енді басталатынын айтып өтті.
– Ата заңға өзгерістер енгізу реформаларымыздың соңғы сатысын емес, енді басталғанын білдіреді. Біз елімізді жан-жақты жаңғыртуды жалғастырамыз. Жаңартылған Конституция негізінде биліктің барлық институты қызметінің мейлінше тиімді моделін қалыптастырамыз. Олардың арасындағы үйлесім мен тепе-теңдік механизмін нығайтамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Парламент пен Үкімет Конституцияға енгізілген өзгерістерге сай заңнамаға тиісті өзгертулер енгізуі керегін айтты.
Конституциялық реформа бүкіл құқық саласын жаңғыртуға жол ашады. Парламент пен Үкімет Конституцияға енгізілген өзгерістерге сай заңнамаға тиісті өзгертулер енгізуі қажет. Қазақстанда тиімді құқық қорғау және сот жүйесін құруға мүмкіндік беретін реформалар әзірленуге тиіс. Мұны әлемдік тәжірибені ескере отырып жүзеге асырған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда Президент қоғамның және бизнес өкілдерінің өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға сұранысы арта түскенін атап өтті.
– Елімізге азаматтар мен кәсіпкерлерді барынша қорғайтын құқық жүйесі қажет. Заңнамада мемлекетіміздің тұрақты дамуын тежейтін ешбір кедергі қалмауға тиіс. Заман талабына сай келмейтін және күмән туғызатын нормалардың бәрі күшін жоюға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
«Монополияны түбегейлі жойып, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл
қою маңызды»
Президент саяси жаңғыру ұлттық экономиканы дамытуға, ұлттық кәсіпкерлікті нығайтуға ықпал ететінін, енді алдымызда ашық әрі әділетті экономика құрып, заңнамаға реформа жүргізу міндеті тұрғанын айтты. Қолдан жасалған монополияларды түбегейлі жойып, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою маңызды екеніне тоқталды.
– Алдымызда экономиканы шынайы әртараптандыру бойынша ауқымды жұмыстар тұр. Жоғары өнімді ауыл шаруашылығы мен қуатты көлік-логистика жүйесін дамыту, барлық салада цифрлық экожүйе қалыптастыру үшін шаралар қабылдау қажет. Еліміздің орнықты дамуының негізгі қозғаушы күші – еңбек, білім және азаматтық белсенділік болуға тиіс. Тек сонда ғана өзін-өзі қамтамасыз ететін орта тап пен тиімді экономика қалыптастыра аламыз. Мұндай экономика кірісті әділетті бөлуге, сапалы жұмыс орнын ашуға, тұрмыс сапасын тұрақты арттыруға және барлық азаматтардың толыққанды жетілуіне мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Референдум өткен 5 маусым күні шетелге заңсыз шығарылған қаржыны елге қайтарумен айналысатын ведомствоаралық комиссия құрылды. Комиссияға бас прокурор жетекшілік ететіні де белгілі болды.
– Бұл комиссия Қазақстаннан шетелге заңсыз шығарылған қаржыны елге қайтару бойынша кешенді жұмыс жүргізеді, – деп хабарлады Ақорда. Естеріңізге сала кетейік, Қаңтар оқиғасынан кейін елден шетке заңсыз шыққан қыруар қаржыны қайтару және оған байланысты комиссия құру мәселелері талқыланған болатын.
– Еліміздің экономикалық ресурстарын шағын ғана топтың қолына шоғырландырып, оларға артықшылық берген заңнаманы қайта қарау қажет. Елден жылыстатылған қаржыны және заңсыз жекешелендірілген активтерді мемлекеттің иелігіне қайтару жөнінде Мекемеаралық комиссия құрылды. Бұл үшін мен арнайы Жарлыққа қол қойдым, – деді Мемлекет басшысы үндеуінде.
Біліксіз прокурорлар мен біржақты судьяларға, полицейлердің озбырлығына жол берілмейді
Үндеуде адам құқығы мен бостандығын қорғау жүйесін кешенді түрде күшейтуге негізделген бағдар жалғаса беретінін баса айтты. Соның ішінде жаңа, әділетті Қазақстанда полицейлердің озбырлығына, біліксіз прокурорлар мен біржақты судьяларға жол берілмейтіні де тілге тиек болды.
– Құқықтық реформа аясында Конституциялық сот қайта құрылады. Оның қаулыларына жедел әрекет ету тетігін енгізу қажет. Сонда азаматтарымыз осы аса маңызды институт қызметінің пайдасын сезіне алады. Жаңа, Әділетті Қазақстанда полицейлердің озбырлығына, біліксіз прокурорлар мен біржақты судьяларға жол берілмейді. Қоғам құқық қорғау және сот жүйесінің шын мәнінде өзгергенін қалайды. Мен елімізді дамытудың осы және басқа да мәселелері бойынша нақты шешімдерді қыркүйек айында өтетін Парламенттің кезекті сессиясының ашылуында айтамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ұлытауда Ұлттық
құрылтай өтеді
Сонымен қатар үндеуде Ұлттық құрылтай құру туралы бастама көтерілді. Ұлттық құрылтай Ұлытауда өтпек, ол қоғамның түрлі топ өкілдері, беделді әрі белсенді азаматтар шақырылады.
– Қастерлі Тәуелсіздігімізді, ел бірлігін және қоғамдық келісімді нығайту – біздің негізгі міндетіміз. Бұл реформалар құр атақ-абырой үшін қолға алынған жоқ. Мұның бәрін Жаңа, Әділетті Қазақстан құру үшін жасап жатырмыз. Халқымызда «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген сөз бар. Бабаларымыз маңызды мәселені алқалы жиында шешкен. Мен осы дәстүрді жаңғыртып, Ұлттық құрылтай құру туралы бастама көтердім. Оған қоғамның түрлі топ өкілдері, беделді әрі белсенді азаматтар шақырылады, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, құрылтайдың алғашқы отырысы ұлт ұясы – Ұлытауда өткізіледі. Осылайша, азаматтардың мемлекет ісіне атсалысу мүмкіндігі арта түседі.
– Шын мәнінде, еліміздің тағдыры – әрқайсымыздың қолымызда. Біз қоғамдық және жеке құндылықтар жүйесін түбірімен жаңғырта білуіміз керек. Сонда ғана барлық салада түбегейлі өзгеріс жасай аламыз. Жаңа Қазақстанның ең басты байлығы – халық. Ал, ең негізгі мақсаты – азаматтардың бақытты өмір сүруін қамтамасыз ету. Әрбір азаматымыз саяси өзгерістер мен экономикалық өсімнің жемісін көруі қажет. Құрғақ уәде мен бос сөз ешқайда апармайды. Мен үшін нақты іс пен шынайы өзгеріс бәрінен маңызды. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін бар күш-жігерімді саламын, – деді Мемлекет басшысы.
Референдум өткенге дейін
«Бұл саяси науқан бізге не береді?», «5 маусымнан кейін не болады?» деген сұрақтар жан-жақты сараланды деп айта аламыз. Жұмыстың бәрі Референдумнан кейін басталатыны да әу баста айтылды. Сөзден іске, нақты әрекетке, жүйелі жұмысқа ден қоятын
уақыт келді.