Жаңалықтар

ЕҰУ алғаш рет әлемнің үздік 300 университетінің қатарына кірді

ашық дереккөзі

ЕҰУ алғаш рет әлемнің үздік 300 университетінің қатарына кірді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті QS World University Rankings 2023 әлемдік рейтингте бір жылда 51 сатыға көтеріліп, 277-орынды иеленді. Ұлыбританиялық Quacquarelli Symonds халықаралық агенттігі үздік жоғары оқу орындарының жыл сайынғы халықаралық рейтингісінің нәтижелерін жариялады. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ QS жоғары оқу орындарының әлемдік рейтингісінде кезекті рет қарқынды ілгерілеуді көрсетті. Университет бір жылда 328-орыннан 277-орынға көтеріліп, алғаш рет әлемнің үздік 300 жоғары оқу орнының қатарына енді. Соңғы 4 жылда ЕҰУ халықаралық рейтингіде 141 сатыға көтерілді. Ұлттық университет 2025 жылға қарай Даму стратегиясына сәйкес QS рейтингінің топ-200 қатарына кіруге ниетті. Университет «Шетелдік профессорлық-оқытушылық құрам», «Жұмыс берушілер арасындағы бедел» және «Академиялық сарапшылар арасындағы бедел» критерийлері бойынша позициясын нығайтты. Бұл ретте университеттің «Білім алушылар мен профессорлық-оқытушылық құрамның ара қатынасы» және «Шетелдік профессорлық-оқытушылық құрам» индикаторлары бойынша көрсеткіштері әлем бойынша жоғары оқу орындарының орташа нәтижесінен айтарлықтай асып түсті. Биыл халықаралық рейтингіге қатысқан жоғары оқу орындарының қатары 47 пайызға артты. Әлемнің 100 мемлекетінен 2 462 университет қарастырылып, оның 1 422-сі қорытынды рейтингіге кірді. Әлемнің үздік ЖОО арасында Қазақстанның 16 университеті бар, олардың екеуі тізімге алғаш рет енді.