Алматыдағы балмұздақ шығаратын зауытта өткір иісті аммиак төгілді

Алматыдағы балмұздақ шығаратын зауытта өткір иісті аммиак төгілді

Алматыдағы балмұздақ шығаратын зауытта өткір иісті аммиак төгілді
ашық дереккөзі
Алматыдағы балмұздақ шығаратын зауытта өткір иісті аммиак төгіліп, салдарынан 5 адам уланды деп хабарлады turkystan.kz. Зардап шеккен 5 қызметкердің төртеуіне қазір ауруханада стационарлық ем тағайындалды. Дәрігерлердің айтуынша, науқастың үшеуі қазір есін жиғанмен, жансақтау бөлімінде жатыр. Олардың жағдайы ауыр болғандықтан, медицина қызметкерлерінің жіті бақылауында.
«Қалған бір науқас токсикология бөлімінде ем алып жатыр. Жағдайы орташа-тұрақты. Бірінші түскен кезде барлығының есі анық болды деп айтпаймын. Бірақ, қай жерде болғанын, қалай келгенін олар да айтып берді. Бүгінде емдеуші дәрігерлер науқастармен жұмыс жүргізіп жатыр. Біртіндеп өз-өздеріне келген соң айта бастайды», – деді қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы қабылдау бөлімшесінің бөлім меңгерушісі Бауыржан Омаров.
Ауруханаға жеткенде науқастар есін білмеген. Дәрігерлер аммиак ауаға тараған сәтте кәсіпорын қызметкерлері цех ішінде қамалып қалса,  тіл тартпай кетер еді дейді. Ал оқыс оқиғаға нақты себеп болғаны әзірге белгісіз.
«Себебін нақты айта алмаймын. Бәлкім, техникалық ақаудан болар немесе құрылғылар қысымды көтере алмады ма? Білмеймін. Тіпті, электр желісі үзілді ме, әзірге түсініксіз. Бір айтарым, бұл – 20 жылдық тәжірибемізде бірінші рет тіркелген жағдай», – деді компанияның бас директоры Владимир Пак.
Қала аумағындағы бұл зауыттан балмұздақтан бөлек, тұшпара мен өзге де тағамдар шығарылады. Ал «аммиакты» сол өнімдерді дайындау барысында қолданатын құрылғыларға пайдаланады екен. Компания директорының айтуынша, өткір иісті түссіз газ таңға жуық төгілген. Салдарынан 5 адам уланып, ес білмей ауруханаға түскен оқиғаға қатысты төтеншеліктер де, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау депатраментінің өкілдері де жауап бермеді. Ал зауыт қазір жұмысын жалғастырып жатыр.