Бұрыннан бері айтылып, жауыр болған мәселені жыл сайын талқылаймыз – Аманжан Жамалов

Бұрыннан бері айтылып, жауыр болған мәселені жыл сайын талқылаймыз – Аманжан Жамалов

Бұрыннан бері айтылып, жауыр болған мәселені жыл сайын талқылаймыз – Аманжан Жамалов
ашық дереккөзі
Бүгін Парламент Мәжілісінің отырысында Үкімет пен Есеп комитеті 2021 жылы қазынадан бөлінген қаржының игерілуі туралы есеп берді. Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов қазынадан бөлінген қаржыда шығыс болғанымен, кіріс мардымсыз болып, жобалар іске аспай жатқанын айтты. «Біз жыл сайын бұрыннан айтылып келе жатқан бір мәселені талқылаймыз. Өзгеріс жоқ. Жыл сайын айтылып жүрген проблемаларда ілгерілеу байқалмайды. Атап айтқанда, Үкімет 2009 жылдан бастап үшжылдық бюджет жобасын қолға алды. Алайда күні бүгінге дейін бір жылдық бюджетті бүге-шігесіне дейін жоспарлап үйренбеген. 2021 жылы республикалық бюджетке қатысты 9 рет түзету енгізілді. Шығыстың 19%-ы қайта қаралып, талқыланды. Соған қарамастан, 68,8 миллиард теңге игерілмей қалды. Былтыр Үкімет мемлекеттік бағдарламалардың орнына 10 Ұлттық жобаны қолға алды. Бірақ жоспар жүзеге аспады. Себебі, екеуі бір дүние. Мәселен, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауыл аймақты дамыту үшін әлеуметтік нысандар, оның ішінде мектеп, аурухана, балабақша салу көзделген. Мектеп пен аурухана салу мәселесі Ұлттық жобада да бар.  Бюджеттік бағдарламалардың топтамасы ғана екенін байқау қиын емес. «Бизнестің жол картасы-2025», «Қарапайым заттар экономикасы», «Еңбек» бағдарламасына және жеңілдетілген кредит беруге жыл сайын жүздеген миллиард қаржы бөлінеді. Бірақ одан шыққан нәтиже жоқ», – деді Аманжан Жамалов. Сондай-ақ, депутат шағын және орта бизнесті дамытуға бөлінген қаржы, кредит мәселесін айта келе, сөзден іске көшсе ғана экономиканы дамыту мүмкін екенін айтты. Іңкәр Серікқызы